КӘМЕЛЕТ ЖАСҚА ТОЛМАҒАН БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ ТЕКСЕРІЛДІ

94
Жуырда аудандық прокуратураның үйлестіруімен, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Қоғам сақшысы» жобасы аясында түнгі рейдтік іс-шаралар өткізілді.
Мақсат – түнгі уақытта жасөспірімдер арасында заң талаптарын өрескел бұзудың алдын алу, қоғамдық тәртіпті нығайту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Түн тыныштығы – тек ұйқының емес, тәртіптің де өлшемі. Сол себепті рейд барысында түсіндіру жұмыстары «айыппұл үшін» емес, «ертең кеш болмай тұрғанда» деген қағидамен жүргізілді.
Рейдтік шараға Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Нұрислам Бейсенбек пен орталық қызметкерлері, аудандық прокуратура өкілдері және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты. Бірлескен топ түнгі уақытта қоғамдық орындар мен көлік қозғалысы жиі болатын аумақтарды аралап, профилактикалық жұмыстарды күшейтті. Негізгі басымдық жол қауіпсіздігіне, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта бақылаусыз жүруіне және есепте тұрған азаматтармен жеке түсіндіру жұмыстарына берілді.
Іс-шара барысында көлік құралдарының жүргізушілері тоқтатылып, жол қозғалысы ережелерін сақтау, жылдамдық режимі, қауіпсіздік белдігін тағу, мас күйінде көлік жүргізудің салдары сияқты маңызды тақырыптар бойынша нақты ескертулер айтылды. Қыс мезгіліндегі жол жағдайы, түнгі уақытта көрінудің төмендеуі секілді факторлар да назардан тыс қалмай, жүргізушілерге қауіпсіздікке бейқам қарамау қажеттігі түсіндірілді. Мұндай алдын алу жұмыстары жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған тиімді тәсіл екені белгілі: бір ауыз ескерту кейде бір үлкен өкініштің алдын алады.
Сонымен қатар пробация есебіндегі азаматтармен жеке профилактикалық әңгімелер жүргізілді. Оларға заң талаптарын сақтау, белгіленген тәртіпті бұзбау, құқықбұзушылықты қайталамау туралы ескертіліп, қоғамға бейімделу, тұрақты тәртіп пен жауапкершіліктің маңызы түсіндірілді. Бұл бағыттағы жұмыс жазалау емес, қайта құқық- бұзушылықтың алдын алу, азаматтың өз өмірін дұрыс арнаға бұруына мүмкіндік беру екені айтылды.
Мойынқұм ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.