Головкин-Альварес: Қарымта кездесуде кімнің бағы жанады?

628

Жыл жекпе-жегі саналған Сауль «Канело» Альварес пен отандасымыз Геннадий Головкин арасындағы қарымта кездесуге санаулы күндер қалды. Осы жексенбіде АҚШ-тың Невада штаты Лас-Вегас қаласындағы T-Mobile аренасында өтетін айқасқа қазір екі тарап та сақадай сай дайын. Жанкүйерлерді мазалап отырған жалғыз сұрақ, бұл кездесуде кімнің айы оңынан туып, жеңіске жетеді? Әлде, бір жыл бұрынғы «сценарий» айна-қатесіз қайталанып, қос боксшы тең тарқаса ма?

Бұл сауалға дәл қазір тап басып жауап табу қиын. Себебі, «Канело» жас ерекшелігімен әрі шапшаңдығымен ерекше­леніп тұрса, Головкиннің тәжіри­бе­лі­лігі мен ауыр соққылары өз басымдығын айқындауда. Әлемнің даңқты боксшылары да осы екі ерекшелікке сүйеніп, болжамдар жасап отыр. Мәселен, орта салмақта WBO чемпионы британдық Билли Джо Сондерс қарымта кездесуде Генаның жеңіске жететініне сенімді.
«Алғашқы жекпе-жекте Генаның жеңіске жеткені анық. Қарымта кездесуде де ұпай санымен қарсыласынан басым болады деп ойлаймын. «Канело» допингке сенген алаяқ екенін білемін. Бұрын оның жанкүйері болатынмын, бірақ, допинг дауынан кейін ол менің және бүкіл бокссүйер қауымның сый-құрметінен айырылды. Мұндай жағдайдан кейін бұрынғы абыройың мен беделіңді қайтара алмайсың. Альварес сол күйі допинг читері болып қалады. Ертең шаршы алаңға шыққанда «Канело» елден де ұялатын шығар. Ал, Головкин өзінің тәжірибелілігімен және ауыр соққыларымен бұл жекпе-жекте жеңіске жететініне бек сенімдімін», – дейді Джо Сондерс.
Ал, орта салмақта әлемнің экс-чемпионы америкалық Шон Портер керісінше Альварестің жеңіске жететінін айтады.
Осы орайда, кәсіпқой бокстан қазақтан шыққан тұңғыш Әлем чемпионы Марат Мәзімбаевтың да болжамын білген едік.
– Әрине, ел болып отандасымыз Геннадий Головкиннің жеңісін тілеп отырмыз. Жуырда Индонезия мемлекетінде өткен Азия ойындарында Кореяның спортшыларымен тілдесіп қалдым. Сөйтсем, ондағылар Генаның анасы кәріс ұлтынан екенін біліп, енді бүкіл кореялықтар боксшымызға жанкүйерлік ететіндіктерін айтып отыр. Бұл дегеніңіз Головкин үшін үлкен қолдау, әрі мемлекетімізге зор абырой.
Қазір әлем сарапшылары Генаның жасы 36-ға келгенін алға тартып, жеңіліп қалуы мүмкіндігін де жоққа шығармауда. Бұнымен келіспей қоюға тағы болмайды. Себебі, Альварес дәл қазір спорттық мансабындағы толысқан жасында тұр. Десе де, мен отандасымыздың ұпай санымен ұтатынына сенімдімін, әрі Головкиннің тілеуін тілейтін боламын, – дейді даңқты боксшымыз.
Иә, әлемге әйгілі былғары қолғап шеберлері осындай болжамдар жасауда. Ал, «Олимп» букмекерлік кеңсесі Головкин­нің жеңіске жететініне 1.69 коэф­фи­циент берсе, Саульдің жеңісін 2.50 коэф­фи­циент­ке теңестіруде. Букмекерлер де жекпе-жектің 11 раундтан асатынына келісуде. Оның коэффиценті небәрі 1.45. Ал, егер сіз тәуекелшіл болсаңыз, «жекпе-жек бірінші раундта аяқталады» деген болжам жасап, 100 коэффицентке бәс тігу арқылы қомақты қаржыға кенеле аласыз.
Әрине, бұның бәрі болжам. Шын мықтыны шаршы алаң анықтар. Десе де, біз Генаның жеңіске жететініне сенімдіміз. Ендеше, мемлекет мақтанышына бәріміз жанкүйерлік етейік, ағайын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.