Еуразия даму банкінің кеңесі Б. Сағынтаевтың төраға лауазымындағы өкілеттігін ұзартты

637

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Еуразия даму банкінің (ЕАДБ) Басқарма төрағасы Андрей Бельяниновпен кездесіп, бейнеконференция байланысы режимінде Банк кеңесінің отырысын өткізді.

Кездесу барысында Б. Сағынтаев пен А. Бельянинов Банк қызметінің ағымдағы және перспективалық бағыттарын талқылады.

ЕАДБ-ға мүше елдердің қатысушылары банк қызметінің негізгі қаржылық нәтижелері мен халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастық келешегін қарады. Сондай-ақ, бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында бірлескен интеграциялық жобаларды іске асыруға көңіл бөлінді.

Сонымен қатар банктің 2018–2022 жылдарға арналған стратегиясы қаралды. Кеңес Қазақстан Республикасының Банк кеңесіндегі өкілі Б. Сағынтаевтың ЕАДБ кеңесінің төрағасы лауазымындағы өкілеттігін ұзартты.

Еуразия даму банкі 2006 жылдың 12 қаңтарында қол қойылған мемлекетаралық келісім негізінде құрылған. Банкті құру бастамасын Қазақстан мен Ресей президенттері ұсынған.

Банк мүше мемлекеттердің экономикалық өсіміне жәрдемдесуге, олардың арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және инвестициялық қызметті жүзеге асыру арқылы еуразиялық кеңістікте интеграциялық үдерістерді дамытуға бағытталған халықаралық қаржы ұйымы. Операцияларды орындайтын ең ірі елдер — Қазақстан, Ресей және Беларусь.

primeminister.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.