ЕРЛІК – ЕЛГЕ МҰРА, ҰРПАҚҚА ҮЛГІ

75
Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында №28349 әскери бөлімінде жарылыс кезінде қаза тапқан әскери өрт сөндіру бөлімінің командирі, кіші сержант Бауыржан Дәуітбаевтың ерлігін ұлықтап, еске алуға арналған
«ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ — ХАЛҚЫНЫҢ ЖҮРЕГІНДЕ» атты патриоттық шара өтті.
Жиынға қатысушыларды орталықтың бірінші қабатында орналасқан әскери оркестр патриоттық шығармалармен қарсы алып, шараны Мемлекеттік Әнұранмен бастады.
Ауыл фермерлер «Жер Ана» корпоративті қоры және «Анаға тағзым» орталығының ұйымдастыруымен 2021 жылы тамызда Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімінде жарылыс кезінде ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіру бөлімінің командирі, кіші сержант Бауыржан Талғатұлы Даутбаевтың ерлігін ұлықтап, еске алуға арналған «ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ — ХАЛҚЫНЫҢ ЖҮРЕГІНДЕ» атты рухани-патриоттық шарада қапияда қаза тапқан қаһармандарымызды 1 минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етілді.
«Елім» деп еңіреп туған ерлердің есімі еш уақытта елеусіз қалмайтыны ақиқат, халық мұндай қаһарман ұлдарын, өшпес ерлігін ауыздарынан тастамай, жан жүрегінде сақтайды. Бәріміздің есімізде осы жарылыс салдарынан талай отбасы қара жамылды. Ел қорғаған ерлердің есімін ұмытпау, ұлықтау — біздің борышымыз.
Батырды еске алу кешіне Бауыржанның әкесі Даутбаев Талғат Нышанұлы мен анасы Агибетова Фатима Байғожақызы және жары Данаева Дильназ Ағыбайқызы балаларымен келіп отырды.
Сонымен қатар, Жамбыл облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция полковникі Бақытжан Малыбаев,
«ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» Республикалық қоғамдық бірлестігінің филиал төрағасы Қасымхан Төлендиев,
«АМАНАТ» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов,
Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова,
Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков,
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлер қолбасшысының штаб басшысының міндетін атқарушы подполковник Берік Сапарбаев, Байзақ аудандық мәслихат төрағасы Бақтияр Ақбаев, сондай-ақ, құрметті ардагерлер, қоғам белсенділері, жастар, жауынгер әріптесері, туған — туыс, ағайындары қатысты.
Жиынды ашу құрметі маған берілді. «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген батыр Бауыржан Момышұлының қанатты сөзі байзақтық Бауыржан Даутбаевқа арналғандай… Даутбаев Бауыржан Талғатұлы 1987 жылы 20 қыркүйек айында дүниеге келген. 1993 жылы Базарбай ауылындағы А.С.Пушкин атындағы орта мектеп табалдырығын аттап, сол мектепті 2004 жылы бітірді. Сол жылы ТарМПИ-тің дене шынықтыру факультетіне оқуға түсіп, 2008 жылы бітірді.
2009 жылы Байзақ ауданы №28349 әскері бөліміне жұмысқа тұрды. Әскери жұмысты адал атқарған Бауыржан Өрт сөндіру бөлімінің кіші сержант дәрежесін алды. Әскери өрт сөндіру расчетының командирі Бауыржан Даутбаев 2021 жылы 26 тамызда орын алған жарылыс кезінде өз борышын адал өтеп жүріп қаза тапқан. Алапат өрт пен жарылыстың хабары келгенде, бір сәт мүдірмей, өрт ортасына белін бекем буып, өлім қаупінің қатеріне қарамай, өзінің Отан алдындағы міндетін атқару үшін жанын қиған. Оның өрттен қалған дене қалдықтарын туған ауылы Базарбай ауылында әскери құрметпен жерлеген. Бауыржанның артында 5 баласы қалған, іште қалған үш айлық баласы туғанда атын Амангелді деп қойған. Қазір «ЖерАна» Ауыл корпоративтік қорының құрылтайшысы Мария Ибраимованың қолдауымен құрылған Амангелді атындағы жібек құртын өндіретін СПК ні Даутбаевтар әулетінің негізгі мүшелері жемісті жүргізіп келеді.
Бауыржанның ерлігі жас ұрпаққа мәңгі үлгі болып қала береді. Келесі жылы Бауыржан Даутбаевтың ерлікпен қайтыс болғанына бес жыл толады. Соған дейін Бауыржанның туған ауданында оның атына бір көшенің атын берсе дұрыс болар еді деп жатыр жерлестері.
Бауыржанның ерлігі, ата-анасы мен мектебінің дұрыс тәрбиесі және жастарға үлгі боларлық отансүйгіштігі туралы полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Малыбаев Бақытжан, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Сағынбеков Болат, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлер қолбасшысының штаб басшысының міндетін атқарушы подполковник Берік Сапарбаев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Жауынбекова Гүлдана және облыстық «АМАНАТ» партиясының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, ауданджық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров, жерлестері сөйледі.
Жиынды жүргізуші Бауыржанның ата-анасы Талғат пен Фатимаға сөз берді. Олардың сөзін, жүректерінің қанжылап тұрғанын, көпшіліктің көзінен жас аққанын сөзбен жеткізу қиын. Жүрек тебірентер сөздерді әскери қызметтестерінің атынан сөйлеген Жеңісбек Сейсеуов те толқыды.
Қорытынды сөз сөйлеген «Жер Ана» Ауыл фермерлік қорының құрылтайшысы, қоғам қайраткері Ибраимова Мария Қалмаханқызы да Бауыржанның асқан ерлігі туралы, ата-анасының жібек құртын өсірудегі тынымсыз еңбекқорлығын атап өтті, оларға қоғам мен мемлекет қолдау көрсетіп, Бауыржанның ерлігіне лайықты баға берілуін сұрады. Әкесі Талғат Дауытбаевтың иығына шапан жауып, анасы екеуіне сый-сияпат жасады.
«Жер – Ана» ауыл фермерлері мен Дауытбаевтардың қолға алған жібек құртын өндіру «Амангелді»жобасы сәтті іске ассын! Әумин!
Жиын соңында батыр рухына бағышталып құран оқылды.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.