Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай «Еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы – жастар» атты ZHASTAR LIFE жастарға арналған іс-шарасы ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты – жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту, білім мен мәдениетке қызығушылығын арттыру, сондай-ақ ел болашағына деген жауапкершілігін қалыптастыру.
Кездесу барысында жастардың білім алуы, өзін-өзі дамытуы, кітап оқуы, жаңа мүмкіндіктерге ұмтылысы және қоғам өміріне белсенді араласуы жөнінде ой-пікірлер ортаға салынды.
Сонымен қатар жастардың тарихи-мәдени құндылықтарға қызығушылығын арттыру, танымдық қабілеттерін жетілдіру, командалық жұмыс пен ұйымшылдықты қалыптастыру мақсатында «Тарихи Тараз» квест ойыны өткізілді.
Квестке 8 команда қатысты. Ойын шарты бойынша қатысушылар Тараз қаласының тарихи және мәдени орындарын қамтыған 5 локацияда түрлі танымдық және командалық тапсырмаларды орындады.
Квесттің соңғы локациясы – Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы болды. Кітапхана қызметкерлері жастардың кітап әлеміндегі білімін сынауға бағытталған «Бұл қай кітап?» атты қызықты интеллектуалды ойын ұйымдастырды. Сонымен қатар қатысушылар арасында «Тарихи Тараз» тақырыбында сұрақ-жауап сайысы өтті.
Жастар өз білімдерін ортаға салып, тапқырлықтарын, шапшаңдықтарын және командалық қабілеттерін көрсетті.