ЕЛІ ЕР ДЕП ҚАДІРЛЕГЕН ЕРҚАДЫР

30
Бірлік ауылының спортсүйер жастары мен ардагер ұстаздың шәкірттеріұйымдастырған «Ұстазға – тағзым, спортқа – құрмет» атты бұл мерекелік шара ел арасында үлкен серпіліс тудырды. Мерейтой иесі — Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз, Қазақ күресінен Қазақстанның спорт шебері, спорт ардагері, VII Қысқы Азия ойындарының алаугері Ерқадыр Әбдіғапарұлы Жұмабаев. Ардагер ұстазымыздың 70 жылдық мерейтойына арналған қазақ күресінен облыстық жарыс өтті.
«Адам өз өмірінің сәулетшісі, кемел жасқа жеткенде еңбегінің жемісін көреді» – деген сөздер ардагердің өмірлік ұстанымын айқындағандай болды. Мерейтойлық шараның шымылдығы жүргізушілердің жүрекжарды жырмен өрілген жылы лебіздерімен ашылып, қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шараға кеш қонақтары мен ауыл тұрғындары салтанатты рәсімге келген мыңға жуық қонақтар куә болды.
Алғашқы сәтте Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалып, шараның ресми бөлігі басталды. Жүргізушілер ардагер ұстаздың өмір жолын, ерен еңбегі мен шәкірт тәрбиелеудегі үлесін тебірене айтып өтті.
Жарыстың ашылу салтанатында Мойынқұм аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев ізгі тілегін айтып жас палуандарға сәттілік тіледі. Тілек барасында кеш иесіне Қазақстан Республикасы туризм және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісін тағып, министрліктің құрмет грамотасымен марапаттады.
Мерейтой иесінің еңбек еткен ұжымы – Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектебінен келген ұстаздары мен бүлдіршіндері өздерінің жүрекжарды лебіздерін әнмен, бимен және өлеңмен жеткізді.
3-сынып оқушыларының орындауындағы «Кең байтақ дала жеріміз» әні мен 4-сынып қыздарының «Қазақ қыздары» биі көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Мектеп оқушылары Айлина Нұрпет, Әсел Бөрібай, Димаш Кенжебек, Інжу Райқұл және КамиләСенбай жыр шумақтарын арнап, ұстаз еңбегін жырға қосты. Балалар «Азия алаугері», «Құрметті азамат», «Спорт шебері», «Ардагер ұстаз», «Ардагер спортшы», «Қазақстан ұстазы» деген ісмерлік жолмен өздері қолдан жасаған медальдар тақты. Оқушылардың мұндай әрекеті елді сүйсіндірді.
Артынан мектеп ұжымының атынан директордың орынбасарыЖанат Байқоңырова тілекпенлебізін білдіре келе ардагер мен ауыл тұрғындары алдында бала тәрбиесімен аянбай ұжым болып жұмысты жалғастыруға уәде етті.
Мерекелік кеш барысында сөз кезегі ауыл және аудан басшыларына берілді. Бірлік ауылдық округінің әкімі Оспанов Қуаныш Мәлібекұлы, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Иманалиев Мұратхан Тоғайұлы, аудан әкімдігі денешынықтыру мен спорт бөлімінің басшысы Қалдыбеков Мерей Бектібекұлы және аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыру орталығының директоры Жұмағұлов Темірхан Әділханұлы құттықтау сөз сөйлеп, Ерқадыр Әбдіғапарұлының ел спорты мен жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесін жоғары бағалапауданның 60 жылдық мерейтойлық төсбелгісін тағып, артынан сый-сияпатын көрсетті.
Ауыл ақсақалдары – Кеңес ата, Қанжарбек ағай және Кемпірбай аға ақ баталарын беріп, ұзақ ғұмыр, амандық пен ел тыныштығын тіледі.
Кеш барысында Ерқадыр ағайдың әр жылдардағы достары мен әріптестері де жан-жақтан арнайы келіп, өз лебіздерін білдірді. Шу ауданынан келген қонақтар қатарында таэквандо федерациясының төрағасы Марат Тілеуқұлов, еркін күрестің бас жаттықтырушысы Болатхан Оспанов, ардагер спортшы Айдархан Әбдиевжәне ардагер ұстаз ҚалимаКенжеғұлова, Клуб меңгеруші Лидия Бірімқұловалар елден тыс қалмады. Сонымен қатар МұханСабыров, БолатбекӘбішев, ШахикерімИсабеков, ЕркетайМаупасов, РаушанЖетібаева, ҚанжербекӘбдірашев, НәзімханТайлақбаев және өзге де достары тілектерін білдіріп, қазақи шапандарын жапты.
Ауыл халқы сыйлап жақсы көретін 70-ке толған спортшы бапкердің бірліктік шәкірттері де шет қалмай ұстазына тұлпар мінгізіп, шапан жапты. Бұл недеген сый десеңіші? Мұндай игілікті іс ұстазына деген құрмет пен қошеметті мен көрмеппін.
Бірлік ауылының бірлігі біздің басқа ауылдарға үлгі болса, қуанар едім. Негізі мен бұрынғы Көктерек, қазіргі Бірлік деп аталатын көрші ауылдың бірлігін бұрыннан еститінмін. Оған тағы бір дәлел халықтың бүгінгі көңіл-күйімаған әсер қалдырды.
Қызығы 70-кекелген спортшыны құттықтауға таласқан қонақтардың арты көрінбеді. Құттықтаулармен тілектер артынан өзіміздің жерлес ақынымыз Болатбек Әбішевтой иесіне өзінің сиясы кеппеген арнауын мәнерлеп оқып, сыйлады.
Қасиетті Мойынқұмның түлегі,
Халқы оны жас кезінен біледі.
Жетпіс жасқа толып отыр Ерқадыр,
Қазағым деп соққан ылғи жүрегі.
Жетпіс жасқа келіп отыр Ерекем,
Құтты болсын юбилейің, мерекең!
Ойлап тұрсам өзің жайлы айтылар,
Жақсы сөздер соншалықты көп екен.
Атансақ та шымыр бала мектепте,
Қосылмадық бұзықтарға, тентекке.
Күрескеннің бәрін жығып шетінен,
Танылғансың, осылайша, Сен көпке.
Әуел бастан спортты, ия, қаладың,
Және оны денсаулыққа баладың.
Басшы болдың спорт, орта мектепте,
Қашандағы сәтті жүріп қадамың.
Сөзсіз, қазақ күресінің тарланы,
Өзі болса, палуандардың арланы.
Шындығында, Жұмабаев Ерқадыр,
Шәкірттердің қол жетпейтін арманы.
Шәкірттері тәрбиелі, иманды,
Әр ауылдан, әр өңірден жинады.
Ұстаздарын мойындап та бағалап,
Ерекше бір құрметтеуді ұйғарды. . .
Палуандарға тілейік біз сәттілік,
Ерекеңнің атақ-даңқын арттырып.
Бәрі-дағы жеңімпаз боп атансын,
Кеудесіне алтын медаль тақтырып.
Өмір деген тоқтамайтын бір ағыс,
Ұмытылмас, есте қалар бұл жарыс.
Ал, жарысты, ұйымдастырып отырған,
Шәкірттерге көп рахмет, мың алғыс!
Бүгіндері қайраткерсің, тұлғасың,
Есіміңді бүкіл елің жырласын.
Басың аман, денің сау боп Ерекем,
Сәлем берсін, ғасыр жасың, жүз жасың!
Таусылмасын ырыс, нәсіп, берекең,
Өтіп тұрсын әр юбилей-мерекең.
Біз өзіңмен мақтанамыз қашанда,
Азияда алаугері – Ерекем!
Мерекелік шараның соңы қазақ күресінен 2009-2010 жылдарытуған жасөспірімдер арасында 5 салмақ дәрежесі бойынша және ересектер арасында түйе палуан сайысы облыстық ашық турнирмен жалғасын тапты.
Жас палуандар боз кілем үстінде бақ сынап, мерейтой иесінің спорттағы жолын жалғағандай әсер қалдырды. Жарыс көрерменге ерекше рух, жігер және мерейлі көңіл сыйлады. Жарысқа Құмөзек, Мойынқұм, Күшаман, Бірлік, Биназар, Шығанақ, Шу, Тәтті, Құлан, Тараз, Меркі ауылдарынан жалпы 100-ге жуық палуан қатыстырылды. Орын алған палуандар арнайы грамота, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
2009-2010 жылдары туған жасөспірімдер арасында 5 салмақ дәрежесі және ересектер арасында түйе палуан сайысы екі категорияда өтті. Ересектер арасында түйе палуан жарысында Ерқадыр ағайдың қырықты алқымдаған, елуге жақындаған бұрынғы шәкірттері күресіп, 1-орынды АсқарҰлмаханов (150 000 теңге), 2-орынды БерікҚожкенов (100 000 теңге), 3-орындыҚыпшақов (50 000 теңге) иеленді. Оларға ЖұмабаевЕрқадыр Әбдіғапарұлының аты жазылған арнайы белбеулер мен медальдар табысталды.
Ал үлкен түйе палуан сайысы облысқа, республикаға аты шыққан атақты палуандар арасында өтті. Бұл сайыс бойынша 1-орынды Жұмаділдә (Жұмадулла) Оңалбай (200 000 теңге), 2-орын Нұрислам (Нұрлан) Қырғызбек (150 000 теңге), 3-орынды Қуаныш Райымқұл (100 000 теңге) иеленді.
Осындай игі іс-шаралар – өскелең ұрпаққа өнеге, ел рухын көтеретін мерейлі оқиға. Бірлік ауылының халқы, ұстаздар қауымы мен шәкірттері ардагер ұстаздың 70 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтіп, ұлағат пен ізеттің үлгісін көрсетті. «Ұстазға – тағзым, спортқа – құрмет!» деген ұранмен өткен бұл шара жүректерде ұзақ сақталары анық.
Жалпы бұл мерейтой иесіне келетін болсам, Жұмабаев Ерқадыр Әбдіғапарұлы 1955 жылы Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылында дүниеге келген. 1979 жылы Қазақ физкультура институтын бітірген қазақ күресінен«Қазақспортшебері». Орта мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі, спорт мектебінің директоры, жоғары дәрежелі жаттықтырушы-педагог болып 40 жылға жуық абыроймен еңбек етті.
Еңбек жолын 1979 жылы Мойынқұм ауданының, Ұланбел ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектебінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып бастаған. Ерқадыр Жұмабаев 1984 жылдан Бірлік ауылындағы орта мектепте және спорт мектебінде еңбек етіп зейнетке шықты.
Ерқадыр Әбдіғапарұлының 1979-1984 жылдары қазақ күресіне баулыған шәкірттері, кезінде Мойынқұм жерінде өткен, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ж.Қуанышбаев атындағы республикалық турнирлерде үздік нәтижелер көрсетіп келді. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Рысманап Шаңлақбаевтың шәкірті. Ол 1984 жылы Бірлік ауылында жаңа ашылған №2 балалар мен жасөспірімдер мектебінде директорлық қызметте болды. 1991 жылы Биназар ауылы О.Жандосов атындағы орта мектебіне директор қызметіне тағайындалып, осыбасшылық қызметтерді абыроймен атқара білді. 1996 жылдан Бірлік ауылы Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектебінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі және қазақ күресінен үйірме жұмыстарына жетекшілік етіп, нәтижелі еңбек етті.
Ерқадыр Әбдіғапарұлы еңбек еткен 1979-2018 жылдар аясында білікті ұстаз ретінде мұғалімдік қызметті жан дүниесімен педагогқа тән қасиеттерді бойына жете сіңіріп, жоғары кәсіби шеберлігін шыңдап, білім берудің мемлекеттік стандарттарына сай сабақ берудің жаңа әдіс-тәсілдерін ұштастырып, дене тәрбиесі, ауыл спортының дамуына зор үлесін қосып, нәтижелі жетістіктерге жеткен кәсіби маман.
Шәкірттері Азия жарыстары, Қазақстан біріншіліктері республикалық, облыстық жарыстарда жоғары нәтиже көрсете білді. 2017-2018 оқу жылы Е.Жұмабаевтың спорт, білім саласындағы көп жылғы нәтижелі жұмыстары жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасы Тұнғыш Президентінің«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»жобасы аясында жинақталған білім «OZATTAR» — Қазақстан саласы үздіктерінің энциклопедиясына енгізіліп, «Қазақстан ұстазы» төсбелгісімен марапатталды. Осындай жетістікке Мойынқұм ауданы мұғалімдері арасынан бірінші қол жеткізген ұстаз, жаттықтырушы педагог. Қазақстанның дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырған Мойынқұмның түлегі Ерқадыр Жұмабаев осындай жан. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы еңбегі жоғары бағаланып, ҚР Президентінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған. VІІ Қысқы Азия ойындарының алаугері және осы ойындарға арналаған тарихи кітапқа аты жазылған.
Жамбыл облысының «Ұлағатты ұстаздар» және «Жамбылдың спорт жұлдыздары» кітаптарына енген. Қазақстан Республикасы «Дене шынықтыру және спортын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің, «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы», «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» медальдарының иегері, оған «Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы» атағы берілген.
Әрине, Жұмабаев Ерқадыр Әбдіғапарұлына көптеген аудан зиялылары мақалалар мен өлеңдер арнаған. Сол мақалалар мен өлең-жолдарын айтатын болсам, ардагер ұстаз жайлы Қалибек Шайжанның «Алаугер», «Ел сыйлаған Ерқадыр», Сайт Райымқұловтың «Ойлаған қазақ намысын», «Өткен күндерден естелік» атты жыр-шумақтары және Қабылан Көрпебаевтың«Елдің атын ер шығарады» мақаласы жарық көрген. Оған қоса Мойынқұм ауданының 60 жылдығына орай шыққалы жатқан аудандық «Құмды дала ұлдары» атты тарихи, ақпаратты-танымдық кітабына енді. Бұл кітап Мойынқұм ауданының спорт тарихы мен елдің салауатты өміріне тікелей әсер еткен азаматтар туралы туындыға ұстаздың өз үлесі де бар. Өйткені Ерқадыр аға тұнған тарих және ауданныңтірі спорт архиві.
Ауданымыздағы жастар мен жасөспірімдерді спортқабаулып, тәні мен жаны сау болашақ жастардытәрбиелеуде, әрбір шәкірт санасынаотансүйгіштік, патриоттық рухты сіңіруде 90-шы жылдардағы заманныңжоқшылығынақарамай өз міндеттерін барынша қолда бар мүмкіндіктермен атқарып келген спорт шебері Ерқадыр Әбдіғапарұлы ел арасындағы бұқаралық спортты дамыту мен жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлауға көп көңіл бөліп келді. Жалпы Ерқадыр ағаны мен әке десем болады. Өйткені бұл кісі менің әке-шешеммен жеті жылдық мектептен кейін аудан орталығында бірге оқыған және әлі күнге дейін араласып тұрады.
Мойынқұм спортының іргетасын қалаған, аудан спортының сара жолын салып, даңқын шығарған, Ерқадыр ағайға ұстаз болып жол көрсеткен Рысманап Шаңлақбаев, Тәңірберген Атабеков, Мұхаметәлі Хасенов, Пернебек Бекболтаев, Қалан Дәулетбеков, Болатбек Әбішев, Насыр Берсебаев, Сәрсен Ибраев, Сапар Бөкенов, Сейдахмет Жұмалиев, Камал Давыдов, Халық Еспаев сынды тәлімі зор ағаларын үнемі айтып жүреді. Спорт ардагері ретінде кейінгі жастарға Мойынқұм спортының тарихында қалған азаматтарды еске алып, «Өткенді білу парыз» деп ұрпақтар сабақтастығын айтып, жазып жүр.
Мен Ерқадыр ағайдың қаламындағы бұл жазуларын газет журналдардан оқып жүрдім, және спорттуралы зерттеп, қағазға түртіп жүрген санаулы азаматтардың өзі екен.
ЖұмабаевЕрқадыр Әбдіғапарұлыөзінің«Қазақтың атақты палуан батыр ұлы Қажымұқан бата берген елміз», «Спортшылар жанұясы», «Жастарды ойласақ, спортқа да көңіл бөлейік», «Жастар мәселесіне ерекше көңіл бөлу – құптарлық іс», «Спорт – өркенді елдің нұсқасы», «Рысманап атын сұрап тұрғандай», «Саңлақ спортшылар еді. . . », «Сарғайған суреттің сыры», «Спортшылардың бағын жаққан Жазата», «Жазатадан бата алған балуан», «Бір суреттің сыры», «Әбілсейіт Айханов – қазақ күресінің қара нары», «Еліне қадірлі ардагер» және тағы басқамақалалардың авторы.
Есімі ел аузында жүрген жұртына сыйлы Ерқадыр Әбдіғапарұлы Жұмабаев туралы баспасөз бетінде аз жазылып жүрген жоқ. Оның білім саласындағы атқарып жүрген игі — істеріне, спорттағы жетістіктеріне куәгер көп. Адамның мәртебесі білім-білік, ой-сана дәрежесіне, кісілік, әдептілік, мәдениетіне, тәлімгерлік өнегесіне, ұшан-теңіз тындырған еңбегіне, елге жасаған қызметіне қарай өлшенеді. Ерқадыр Жұмабаеварсыздықтан аулақ жүретін, парасатты, көп сөзге жоқ, айтқанынан қайтпайтын қайсар, жақсы көрген адамына жаны қалмайтын жан. Үлкенге іні, кішіге аға бола білетін кішіпейіл, ұстаздық іске шын берілген, шынайы болмысымен танылған ұлағатты ұстаз. Ол барлық саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаса, аудандағы қазақ күресін бір адамдай алға сүйреп, ауданның атақ данқын аудан, облыс, республика көлемінде жарыққа шығарып жүрген кәсіби жаттықтырушы.
Ауданымыздың мақтанышы болған қазақша күрестен жауырыны жерге тимеген, түйе палуан атағын ешкімге бермеген Шаңлақбаев Рысманап марқұмнан көп тәлім тәрбие алса, қазақ күресінің қыр сырын сол кісіден үйренді. Тынымсыз жаттығу, төгілген маңдай тер жемісін берді. «Шәкірттің жақсы болуы ұстазынан» деген ол аз уақытта республика көлеміндегі жарыстарға қатысып жүлделі орындарға ие болып, 22 жасында (1977ж) Қазақстан спорт шебері атағын алды. Спорт әлемінде танымал тұлғаға айналыпелмен тіл табыса білетін, біліктіде іскер, шебер ұйымдастырушы.
Еңбекқор шаршап шалдығуды білмейтін, уақытпен санаспай казақ күресін өрге сүйреп жүрген кәсіби майталман жаттықтырушы. Қазақ күресінің мәртебесін республика көлемінде танымал етті. Ерқадыр Әбдіғапарұлының шәкірттеріЖ.Аманов, Р.Мұраталиев сияқты шәкірттеріҚазақстан спорт шебері атағына ие болса Е.Маринов, Е.Тоғбаев спорт шеберлігіне үміткерлер. Ал Д.Омаров, А.Әлімбетов, М.Қашкенов республикалық жарыс жүлдегерлері.Ерқадыр Жұмабаевтың қазақ күресін дамытуға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Бәрін айтып тауыса алмайсыз. Тек соңғы еліміз тәуелсіздік алған 21 жылда ол 3 Қазақстан спорт шеберін, 5 Қазақстан спорт шеберіне кандидат 250-ге жуық 1-2 дәрежелі палуандар дайындап шығарды. Бұл керемет жетістік.
Ерқадыр аға жаны жайсаң, бойында көп өнері бар жақсы азамат. Ауданымызға спорт жөнінен еңбегі сіңген республика, облыстық жарыстарды күрестен бірнеше рет жеңімпаз атанған танымалспорт шебері. Бірнеше аттары әйгілі палуандарды тәрбиелеп шығарған.
Ерқадыр аға жұбайы Фатима Базарбековамен 2 ұл тәрбиелеп 10 немере бағып өсіріп келеді.
Мойынқұм елі ер деп санаған, ер деп қадірлеген Ерқадыр Жұмабаев аңыз адамның бір өзі.
Спорт пен ұстаздықты ұштастыра білген, адал еңбегімен толағай табысқа жеткен Ерқадыр Әбдіғапарұлын Мойынқұмның бағына біткен адал азамат, жақсы жан деп білем.
Сәкен МҰХАТАЙҰЛЫ,
Мойынқұм   аудандық білім бөліміне қарасты
«Мәңгілік Ел» орталығының жетекшісі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.