https://turkystan.kz/article/272743-cempiondar-ligasy-tarixynda-uzdik-oiynsy-atangan-tungys-qazaq
Алматылық «Қайраттың» грекиялық «Олимпиакосқа» қарсы кездесуі бірнеше күн бұрын өтсе де, әлеуметтік желіде Темірлан Анарбеков туралы жазбалар легі толастар емес. «Астана-Аренада» Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі аясында өткен алтыншы турда алғаш рет команда капитаны міндетін атқарған Анарбеков сегіз қауіпті соққыны қайтарып, футбол жанкүйерлерін таң-тамаша етіп, спорт мамандарының жоғары бағасын алды. Командаластары Грекияның 47 дүркін чемпионы саналатын «Олимпиакостың» қақпасына саңылау таба алмай, сарсаңға түсіп, бір гол жіберіп алса да, Темірлан UEFA таңдауы бойынша кездесудің үздік ойыншысы деп танылды. Осылайша, ол Чемпиондар лигасы матчында MVP атағын алған алғашқы қазақ футболшысы атанды.
Тамыз айына дейін қосалқы қақпашы болған Анарбековты «Қайрат» жанкүйерлері мен жастар құрамасының аяқ алысын бақылап жүрген мамандар ғана білетін. Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде «Селтикпен» сырт алаңда өткен ойында негізгі қақпашы Александр Заруцкий жарақат алып, оның орнына Темірлан Анарбеков шығып, есеп тең аяқталған еді. Алматыдағы қарымта ойында Анарбеков бес ғажайып сейв жасап, пенальти сериясына жалғасқан кездесуде «Селтик» ойыншыларының үш соққысын қайтарып, оларды жарыс жолынан ығыстырып жіберді. Осылайша, ол жетпіс жылдық жылнамасы бар алматылық клубтың тарихта алғаш Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алуына септігін тигізді. Десе де, футбол десе, ішер асын жерге қоятын көпшілік арасында оны «бір ойынның ғана қақпашысы» дегендер де жоқ емес. Ал спорт мамандары, соның ішінде «Қайрат» футболшылары да журналистерге берген сұхбаттарында Заруцкийге негізгі құрамдағы өз орнын тартып алу оңайға соқпайтынын талай рет айтты. Расында, жарақатынан толық айыққан Заруцкий мен нағыз бабында жүрген Анарбековтың қайсысынн қай ойынға шығаратыны туралы түрлі болжам жасалды. Асу берместей межені бағындырған Анарбеков пен командаластары әлем назарын өзіне қаратқан гранд клубтарға қарсы ойында сәттілік тілеп, ақжарма тілекті қарша боратты. Өкініштісі сол, жалпы кезеңдегі беташар матч қарсаңында ҚПЛ-де «Ақтөбеге» қарсы ойында жақ сүйегін сындырып алған Анарбеков португалиялық «Спортинг» пен әйгілі «Реал Мадрид» командаларына қарсы ойыннан тыс қалды. Ал одан кейінгі кипрлік «Пафос», италиялық «Интер», даниялық «Копенгаген» командаларына қарсы ойындарда соққыдан соққы қайтарып, Қазақстан жұртшылығы түгілі, әлем жанкүйерлерін таңдай қақтыртты.
UEFA-ның ресми сайтындағы дерекке сүйенсек, Анарбеков Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде 26 сейв жасаған. ол бұл көрсеткіш бойынша Никита Хай-кин («Буда-Глимт», 31 сейв) және Жеронимо Рульиден («Марсель», 29 сейв) кейінгі орында тұр. «Олимпиакоспен» өткен ойыннан кейін Темірлан атағынан ат үркетін «Реал Мадрид» қақпашысы Тибо Куртуаны (22 сейв) және «Бава-рияның» аңыз қақпашысы Мануэль Нойерді (19 сейв) артта қалдырды.
Әлем бойынша футболшылар мен клубтардың көрсеткіштерін нақты деректер арқылы бағалайтын әйгілі SofaScore статистикалық порталында Темірлан Анарбеков осы аптада Чемпиондар лигасында үздік ойыншылар тізімінде көш бастады. Атырау тумасы бұл рейтингте даңқы дүниежүзіне жайылған «Реал» клубының шабуылшысы Килиан Мбаппені артта қалдырды. Рейтинг басында тұрған Анарбековтың көрсеткіші – 8,90 ұпай. Екінші орында тұрған Килиан Мбаппенікі – 8,34 ұпай. Ал үздік үштікті «Галатасарайдың» шабуылшысы Виктор Осимхен (8,33) түйіндейді.
Айта кетерлігі, Анарбеков қазан айында бұл беделді Sofascore статистикалық порталының ең жоғары бағасы – 10 ұпайды иеленген турнир тарихындағы бар-жоғы үшінші қақпашы атанған-тын. Жарақаты жазылып, кипрлік «Пафосқа» қарсы кездесуде Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде дебют жасаған Анарбеков 5 сейв жасап, «Селтикті» бекерге сүріндірмегенін тағы бір дәлелдеген-тін. Екі күн бұрын Sofascore-дың Instagram-дағы ресми парақшасы ол туралы «Ең үлкен алаңда ойнауға жаралған» (Born for the biggest stage) деген жазба жариялап, ойыншының 7 ойындағы көрсеткішін тізіп шықты.
Ал UEFA мамандары қазақстандық қақпашының екі сейвін үздік деп бағалады. Лиганың әлеуметтік желідегі ресми парақшаларына Анарбековтың Астана төрінде соққы қайтарған сәті таспаланған екі видео жүктелінді. UEFA Анарбековтен өзге бұл тізімге «Спортинг» сапынан Руи Силва, «Славия» қақпашысы Йиндржих Станек, «Марсель» құрамынан Херонимо Рульидің сейвтерін енгізді.
Төрт ай бұрын қосалқы құрамда отырған қақпашыдан кәрі құрлықтың басты футбол турниріндегі үздік ойыншыға айналған Темірлан бір апта бұрын ресми түрде «Қайраттың» басты қақпашысы атанды. «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин «Олимпиакосқа» қарсы матч алдындағы баспасөз мәслихатында Александр Заруцкийдің келісімшарты ұзартылмауы себебінен клубтан ресми түрде кеткенін мәлімдеді.
Бүгінде тәжірибелі мамандар, соның ішінде әлемнің әр бұрышынан дарынды ойыншыларды іздестіретін скауттар Анарбековтың өнеріне тәнті болып, таңданысын жасырмайды.
Жас таланттарды назарда ұстайтын Eurohopes Hunter скауты, испандық сарапшы Хосе Ман Твиттер желісінше «Қайрат» қақпашысына жеке тоқталып өтті.
«Бұл Темірлан Анарбековке арналған ерекше твит. Қазір сирек кездестіретін қақпашы: инстинкт пен рефлекске толы бірегей ойыншы. Оның ұлттық құрама сапында Бельгия командасына қарсы кездесу мен Чемпиондар лигасындағы ойындары керемет деңгейде. Болашақта Қазақстан үшін маңызды тірек», – делінген маманның жазбасында.
Түркиялық скаут-сарапшы Эренджан Кочак та «Олимпиакосқа» қарсы ойыннан кейін 22 жастағы қақпашының жетістігі туралы желіде жазба жариялады.
«Алматылық «Қайраттың» қақпашысы Еуропа аренасында атой салып жүр! Чемпиондар лигасының үш ойынында 25 соққының 20-сын қайтара алды, орташа есеппен бір ойында 6,67 сейв жасады. Қазақстан чемпионатының 10 кездесуінде ол 33 соққының 28-ін қайтарған, бұл дегеніміз бір ойында 2,80 сейв жасады деген сөз», – деп жазды маман.
«Олимпиакосқа» қарсы ойында грекиялық мамандардың өздері де Анарбековтың қабілетіне қайран қалды. Грекиялық клубта қақпашыларды баптайтын жаттықтырушы ойын біткен соң арнайы Анарбековке жақындап, қолын алып, жылы лебізін аямай айтқанын өз көзімізбен көрдік. Ал грекиялық экс-қақпашы Яннис Афуксенидис оның бойындағы ерекшеліктерді тізіп шықты.
«Анарбеков концентрацияны ұстап, қорғанысқа сауатты жетекшілік ететін қақпашы. Оның ойын сайын жетіліп, өз-өзіне деген сенімділігі артып, батыл әрекеттерге жиі баратыны анық байқалады. Бұрынғы кәсіби қақпашы және қазіргі қақпашылар жаттықтырушысы ретінде айтарым, Анарбековтың әлеуеті жетерлік, көп нәрсеге қабілетті. Оның бойында жылдам реакция, үйлестіру, аяқпен ойнау, шабуыл кезінде сабырлық сақтау секілді аса қажет қабілеттер бар. Егер ол осы бағытынан таймайтын болса, онда Еуропа – қол жететін арман», – дейді қақпашы.
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ, спорт комментаторы:
Анарбеков тағы бірер жыл «Қайратта» қалғаны жөн
– Темірлан Анарбековке мүмкіндік кеш берілгенін бәріміз мойындауымыз керек. Өйткені, «Қайраттың» сапында осыған дейін Анарбековқа мүмкіндік берілетіндей кеңістік болған жоқ. Оған дейін Александр Заруцкий, Стас Покатилов секілді мықты қақпашылар болды. Тіпті, бір жыл «Жеңіс» клубына жалға берілді. Ол сонда жүріп кем дегенде Премьер-Лиганың деңгейіндегі қақпашы екенін көрсетті. Сондықтан Анарбеков әбден кеш ашылды. Себебі, ол «Қайрат» сапындағы алғашқы матчын 18 жасында өткізген. Содан бері 4 жыл өз кезегін күтті. Ол секілді аса талантты қақпашы өзін көрсету үшін осындай ұзақ жол жүріп өтті. Мамандар қақпашылардың негізі 30 жастан соң қатты толысатынын жиі айтады. Бірақ Икер Касилияс, Джанлуиджи Буффон секілді ерте жастан танылған қақпашылар жетерлік. Солардың қатарын біздің Темірлан толықтырып жатса, ешқандай артық емес.
Расында, Темірлан өзінің сәтін көп күтті. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» демекші, Анарбеков өзіне берілген мүмкіндікті аса сәтті пайдаланды. Мысалы, осыған дейін «Қайраттың» басты қақпашысы Александр Заруцкий болған кезде Анарбековке анда-санда мүмкіндік берілді. Тіпті, «Жеңіске» қарсы ойында Анарбеков 45-минутта алаңнан қуылды. Ол кезде ол өзіне берілген мүмкіндікті пайдалана алмады. Бұл – Қазақстан чемпионаты алғашқы айналымының орта тұсы, маусым айы болса керек. Ал одан кейін екінші берілген мүмкіндікті Анарбеков жақсы пайдаланды. Шотландияда Заруцкий жарақат алды, ал Анарбеков нөмірі бірінші қақпашыға айналды. Артынша өзі жарақаттанды, Шерхан Қалмұрза күтпеген жерден басты қақпашыға айналып шыға келді. Чемпиондар лигасындағы жалпы кезең оның «Ақтөбеге» қарсы ойындағы жарақатынан соң тез жазылуына себеп болды. Өйткені сол кезде клуб «Спортингтен» 1:4, «Реалдан» 0:5 есебімен жеңілген кезде, Шерхан Қалмұрзаны қанша ардақтасақ та, үлкен деңгейдегі ойында оған өте қиын болатынын бәріміз түсінген едік. Анарбековке орайлы сәт келді. Былай айтқанда, Анарбеков Заруцкийдің «Қайраттан» кетуіне себепші болды десек те болады. Яғни, аз уақыт ішінде ол өзіне берілген мүмкіндікті өте сәтті пайдаланды. Спортта мүмкіндікті сәтті пайдалану күшті рөл ойнайды. Мысалы, «Жеңіске» қарсы ойында алаңнан қуылғаннан кейін Анарбековке ондай мүмкіндік берілмесе, қазір біз Темірланды мүлде танымайтын едік.
Ол бұрыннан шебер, жүректі ойыншы. Ең маңыздысы, ол – өзін-өзі өсіретін қақпашы. Сондықтан оның қазір бұлай жарқырауы – заңдылық. «Қайрат» негізі Қазақстан чемпионатында шабуылдаушы ойын үлгісін көрсетеді. Мұндай жағдайда қақпашы ары кетсе ойынға 1-2 рет қана араласады. Яғни, өзіне келген аса қауіпті соққыны 1-2 рет қайтарса жеткілікті. Командаластарының арасында қақпашының деңгейі көріне бермеуі мүмкін. Ал Чемпиондар лигасында «Интер», «Реал» секілді мықты клубтарға қарсы ойындарда қай қақпашы болса да, кем дегенде 7-8 сейв жасауға тура келеді. Сондықтан Анарбеков осы мүмкіндікті өте сәтті пайдаланды. Және бір ескеретін нәрсе, ол ұлттық құрама сапында 2-ақ ойын өткізді, бірақ нөмірі бірінші қақпашы екеніне ешкім күмән келтірген жоқ. Анарбеков жалпы алғанда 2025 жылды өте сәтті өткізді. Ендігі меже – осы бағытты ұстап тұру, тіпті осы деңгейден асып түсу. «Олимпиакос» ойыншылары «Анарбеков бізге қарсы өзінің бүкіл ғұмырына татитын ойын өткізді» деп айтып жатыр. Жоқ, оның ғұмырына татитын ойын бұдан да жоғары болуға тиіс. Сондықтан Анарбековтан бұдан да жоғары нәтиже күтемін.
Мүмкіндік туып жатса, топ-клуб шақырып жатса, оған бару керек. Алайда менің ойымша, оны топ-клубтар шақырмайды. Олардың менеджерлері, скауттары, агенттері кіші командаларда ойнайтын жігіттер осылай жарқырап көрінеді, десе де, топ деңгейде ойнауға дайын емес болып шығатынын жақсы біледі. Бұл – ұзақ уақыт сыналатын дүние. Сондықтан меніңше Темірланға алдағы 1-2 маусымды елде өткізіп, әбден толысып, өзінің ұлттық құрамада нөмірі бірінші екенін баршаның көзін жеткізіп барып, «Страсбург», «Ренн», «Вердер» секілді командаларда тәжірибе жинап, сосын гранд клуб сапына барса, өте жақсы болар еді. Егер расында ғайыптан тайып, топ-клубтардың бірі шақырып жатса, Анарбеков кез келген қақпашымен бәсекелесуге дайын. Дегенмен ол қанша дарынды болса да, оған топ-клубтарда өзін көрсетуге мүмкіндік беріле ме? Осыны назарда ұстаған жөн. Меніңше, оның бірте-бірте өскені дұрыс. Ең бастысы, жарақаттан аман, дені сау болсын! Мінезі бар жігіт. Ары қарай жарып шығатыны анық. Десе де, алдағы 1-2 жылда «Қайрат» сапында шыңдалып, ел құрамасында сөзсіз нөмірі бірінші қақпашыға айналуы керек.
Ермұхаммед МӘУЛЕН, спорт комментаторы:
Темірлан топ-5 чемпионаттың бірінде ойнауға әбден лайық
– Темірлан Анарбеков – өте мықты қақпашы. 113 сейв жасап, күні кеше Қазақстан Премьер лигасында үздік қақпашы номинациясын жеңіп алды. Еуропалық мамандардың да көзі түсіп жатыр. Әсіресе, италиялық мамандар оны назарда ұстап жүр. Жалпы, Италияда қақпашыларды бәрінен биік қояды, себебі, олар қорғаныс арқылы ойнайды. Сондықтан Дастан Сәтпаевтан соң әлемдегі топ-5 чемпионаттың біріне ауысатын бірден-бір кандидат осы – Темірлан Анарбеков. Әлі жас, керемет соққыларды қайтарып, әлемді таңғалдырып жүр. UEFA өткен аптада әлеуметтік желідегі ресми парақшасына оның үздік сейвтерін кесіп салды. Ресми сайтында да мықтылардан жоғары, бірінші орында тұр.
Жаттығу жасайтын қақпашы бар, жаттығуды керек етпей, жүре беретін қақпашылар бар. Шеберлік, табиғи талант, секіргіштік, икемділік. Шапшаңдық. Мұның бәрі қақпашының бойында болуға қажет дүние. Темірлан Чемпиондар лигасының біраз ойындарына қатысты. Пенальти тосқыш шеберлігі бар екенін дәлелдеді. Өзі соны түсініп жүр. Сондықтан ол қазір жаттығуды күшейтіп жатқан шығар деп ойлаймын. Оған қоса, «Қайраттың» қақпашылар бапкері Илья Юров көп көмектеседі. Ұлттық құрамада қақпашыларды баптайтын Олег Воскобойников та бар білгенін үйретеді. Анарбековтың бағының ашылуына септігін тигізген Заруцкий десек, артық айтқандық емес. Ол мысық тілеу емес шығар, десе де Заруцкий жарақат алмағанда жағдай басқаша болар еді.
Қазір оған топ клубтарға асығудың қажеті жоқ, қазір топ чемпионаттарға асыққан абзал. Оған Германия Бундеслигасы, Испания Ла лигасында ойнаған жақсырақ. Бельгия мен Голландия чемпионаты да жалпы жаман емес. Португалия біріншілігі де керемет. Мысалы, «Бенфика» клубы – қақпашылар әзірлеп шығаратын мықты команда. Топ-клубтар «Бенфикадағы» қақпашыларды оп-оңай алады. Бұл – футболда қалыптасқан процесс. Дриблинг жасай алатын шабуылшыларды Бразилиядан, ортада ойнайтын тіреуіш, еңбекқорларды Африка, Колумбия жақтан алады. Ал қорғаушыларды Балқан түбегінен іздейді. Сол секілді «Бенфика» қақпашы сатумен айналысады. Португалияның «Бенфика», «Спортинг», «Порту» командалары Анарбековке қызығып жатыр деген сәл сыбыс бар. Рас болса, тіпті, тамаша болар еді. Басында Италия туралы айтқан себебім, жартылай қазақ, жартылай италиялық футбол агенті Марко Абай Трабукки «Интерге» қарсы ойынға келіп, Анарбековтың өнеріне тәнті болған-тын. Ол Темірланның «Интердің» қақпашысы Ян Зоммерден еш кем емес екенін баса айтты. Сондықтан Анарбековте топ чемпионаттарда ойнап кетуге толық мүмкіндік бар. Қандай десеңіз, «Удинезе», «Гронинген», «ПСВ», «Бенифка» секілді командаларға барса игі болар еді. Дәл қазір атағы айға жеткен «Реал», «Челси» секілді клубтарға барсын деп айта алмаймыз. Олардың өз мықты қақпашылары жетерлік. Сондықтан олардың клубында қосалқы құрамда отырмай, ойынға араласа алатын чемпионаттарға барғаны абзал.
P.S.Темірлан бір жыл бұрын қараша айында ұлттық құрама сапына шақырту алғанда Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында елдегі нөмірі бірінші қақпашы болғысы келетінін айтқан-тын. Араға бір жыл салмай, қыркүйекте Уэльске қарсы ойында дебют жасап, қарашада Бельгия құрамасымен өткен ойында айрықша көзге түсті. Осылайша, екі-ақ ойыннан кейін құрамада негізгі қақпашы болған Мұхамеджан Сейсенді бірте-бірте тұғырдан ығыстырды. Ал кеше берген сұхбатында Еуропаның кез келген клубында ойнағысы келетінін, әлемдегі үздік қақапашылармен бірге бәсекелесу екенін ашық айтты. Алдағы уақытта сол мақсатына тезірек жетсе екен деп тілейміз.
Тэгтер:
алматылық «Қайрат» клубы Темірлан Анарбеков «Қайрат» қақпашысы үздік ойыншы Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі
БӨЛІСУ:
Серіктес жаңалықтары
Ұқсас мақалалар
Тәуелсіздік – Егемендік перзенті
Бүгін, 16:08
Егемендік пен экономика
Бүгін, 16:00
Құмар ойынға қамқорлық жасамақпыз ба?
Бүгін, 15:45
Періштелер жайлы сөйлеймін – Жазушы Ласло Краснахоркаидың Нобель мінберіндегі сөзі
Бүгін, 15:30
Жетісу жыр өнері үшін айтысты қойып, жырға кеттім – Ақан Әбдуәлі
Бүгін, 15:15
Шөп те өлең, шөңге де өлең, өңге де өлең…
Бүгін, 15:00
Көп оқылған
Бүгін, 19:45
Түнде жұмыс істеу жүрек-қан тамыр жүйесіне зиян келтіреді – зерттеу
Бүгін, 19:15
Голивудтың тосын бетбұрысы: Disney ЖИ компаниясына $1 млрд салды
Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/272743-cempiondar-ligasy-tarixynda-uzdik-oiynsy-atangan-tungys-qazaq