Ашық дереккөзден
https://turkystan.kz/article/263417-bazarda-isteitin-bolsan-ornyndy-bosat-zazira-zapparqulga-sport-basqarmasy-qysym-korsetip-zatyr
Ауыр атлетикадан Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл Шымкент қалалық спорт басқармасынан қысым көрсетіп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы журналист Ақырыс Сейітқазы әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазды.
Айта кетейік, Жазира Ақырысқа берген сұхбатында базарда жұмыс істеп жүргенін айтқан болатын.
«Таңертең Жазира хабарласты. Маған сұхбат берген соң, Шымкент қалалық спорт басқармасынан қысым көріп жатыр. Олар спортшының базарда сауда жасайтынына шүйлігіп отыр. Жазира мемлекеттік ArtSport бағдарламасы арқылы 20 млн аса қарызданып қалған. Спорт мектебінде алатын 350 мың теңгесі жетпеген соң, қарыздан құтылу үшін базарда тойбастар, бесік құралдарын сатады қосымша.
Енді Шымкент қалалық спорт басқармасы базарда істейтін болсаң, мындағы орынды босат деп, қиғылық салып жатыр», – дейді журналист.
Қазір Жазира Жапарқұл денсаулық жағдайына байланысты демалыс алған.
«Егер жағдайы бес боп тұрса, Жазира базар аралап жүрмейді ғой. Артспортқа алған спорттық құрылғылардың біразын арзан бағаға, біразын тегін беріп жіберіпті. Әлі біраз кілем, татамилері шаң басып, қорада тұр. Мемлекеттің бағдарламасынан опық жеген спортшыға осылай бас салу дұрыс па?
Қазір бапкерлерде айлық аз, бәрі қосымша жұмыс істейді. Такси жүргізеді, 3-4 залда еңбек етеді. Жазира Жаппарқұл да қарызын жабу үшін тентіреп жүр. Олимпиададан жүлде алған қыздарымыз көп пе еді? Толып жатқан чемпионымыз бар ма? Осы бір қарапайым қазақ қызына неге шүйлігіп қалдыңдар, шымкенттіктер? Спорт министрі де қаршадай қазақ қызының мәселесін шешіп берсе болар еді…», — дейді журналист.
Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/263417-bazarda-isteitin-bolsan-ornyndy-bosat-zazira-zapparqulga-sport-basqarmasy-qysym-korsetip-zatyr