Талғарда кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Болаттың ісі сотқа өтті. Алайда, тыңдау қарсаңында күтпеген мәлімет тарады. Айтбек Амангелді Шерзаттың әкесі адвокаттардан бас тартты деп мәлімдеді. Іс сотқа өтіп, алғашқы сот отырысына аз ғана уақыт қалғанда неге Шерзаттың отбасы мұндай шешім қабылдағанын Orda.kz анықтауға тырысты.
Талғарда қаза тапқан Шерзаттың отбасы тек құқық қорғаушы Айтбек Амангелдімен жұмысын тоқтатуға шешім қабылдағанын жариялады. Алайда, олар құқықтық қолдаудан бас тартқан жоқ – енді олардың мүддесін адвокаттар Мейірман Шекеев пен Жандос Палманов қорғайды.
Бұған дейін Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов барлық адвокаттарынан бас тартқаны туралы ақпарат тараған еді. Айтбек Амангелді бастаған адвокаттар тобы бұған қатысты баспасөз мәслихатын өткізіп, істің неге бұлай аяқ астынан өзгеріп кеткенін өздері де нақты түсінбегенін айтқан болатын. Алайда, қоғам белсендісі Жан Ахмадиев бұл ақпараттың қате екенін айтты. Оның сөзінше, Шерзаттың отбасы тек Амангелдімен байланысын үзуді қалаған.
«Қаржаубайдың отбасы адвокаттардан бас тартқан жоқ. Олар тек Айтбек Амангелдімен қарым-қатынасты тоқтатты», – деді Ахмадиев.
Ал іске енді кіріскелі отырған Мейірман Шекеевтің айтуынша, оның командасы бұл істе бұған дейін жұмыс істеген заңгерлермен бірлесіп жұмыс істеуге дайын.
Orda.kz Айтбек Амангелді бастаған адвокаттардың бірі Ерлан Адаевқа хабарласып қазіргі таңда олардың нақты статусы қандай екенін сұрадық.
«Қазіргі таңда статус жайы белгісіз. Оны нақты Қаржаубайдан сұрау керек. Ал іске басқа адвокаттар қосылатынын біз бөтен адамдардан білдік. Қаржаубай өзі де бізге хабарласып, «сендерге қоса тағы да бір қорғаушыларды алғымыз келеді», — деп жағдайды түсіндіруіне де болатын еді. Біз, әрине, одан бас тартпайтын едік, біз қаншама айлар бойы командамен бірге жұмыс істедік. Айтымға Қаржаубай жеке хат алмасуларында нақты жазған: сендермен жұмыс істемеймін, сенім хатты қайтарып аламын деп. Негізі бұл жерде Айтымнан бас тартамыз деп айтып жатыр, бірақ, Айтым заңгер емес ол істе, ол жәй ғана өзінің азаматтық борышын орындап, көмек қолын созуға ниет білдіріп жүрген адам. Сондықтан Қаржаубай мен Перизат (ред. Перизат Қаржаубайдың қарындасы) бізге сіздермен жұмысты жалғастырамыз, ал Айтыммен тоқтатамыз деп жеке шығып барлығын түсіндірулеріне де болатын еді деп ойлаймын. Кешегі болған баспасөз-конференциясында айтылған сөздерге Қаржаубайдың сөздері себеп болды. Ол Айтымға адвокаттардан бас тартам, сенім хатты қайтарып аламын деп жазған», – деді Адаев.
Сонымен қатар, Ерлан Адаевтың айтуынша бұл істе ешбір қорғаушы бір хайп қуып, атақ даңққа ұмтылмаған, тек әділеттілікті қалағанын жеткізді. Адаев егер Қаржаубай Нұрымов сенім хатты қайтып алғысы келсе, оған құқылы екенін де айтты.
Orda.kz тілшісі Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа адвокаттар тобынан сенім хатты нақты алған, алмағанын білу үшін хабарласты. Алайда, Нұрымов бізге өз жауабын қысқа ғана қайырды.
«Мен ештеңке айта алмаймын. Адвокаттарға қатысты жаман ойым жоқ», – деді Шерзаттың әкесі.
Қорғаушылардан нақты бас тартып, сенім хатты қайтарып алғаны рас па, жоқ па деген сұрағымызға Нұрымов былай жауап берді:
«Мен нақты ештеңе айтпадым», — деп қысқа ғана қайырды Қаржаубай Нұрымов.
Ал Айтбек Амангелді, өзінің Instagram парақшасында Шерзаттың әкесімен бірге болған хат алмасуларды көрсетті. Ол жерде Нұрымовтың сенім хатты қайтарып алатынын және олар ұсынылған үйдің оларға ұнамағаны туралы жазылған. Тіпті Шерзаттың анасымен болған хат алмасуында олардың сотқа да қатысуға ниетті емес екендері айтылған. Сонымен қатар, Амангелді 5 банк Шерзаттың отбасы алған несиелерді кешіргенін жазды. Отбасы несиенің бір бөлігін қайғылы оқиға болған Талғардағы азық-түлік дүкенін дамыту үшін алған екен.

Осылайша, адвокаттардың мәлімдемелері мен отбасының ұстанымы бір-біріне қарама-қайшы. Қорғаушылар бұл істен шеттетілгендерін айтса, отбасы тек Айтбек Амангелдімен жұмысты тоқтатқанын мәлімдеді. Ал нақты қандай шешім қабылданғанын алдағы сот отырыстарында ғана анықтауға болады. Orda.kz бұл істі назарда ұстайды.
Фото: Orda.kz
https://kaz.orda.kz/baska-ajtarym-zhok-karzhaubaj-nurymov-advokattardan-bas-tartty-ma-alde-zhok-pa-131550/?fbclid=IwY2xjawJH2-JleHRuA2FlbQIxMQABHSnf7s58hgVktl4fs78rwANClDmpYmhNkUzw1PLkaikMR1AjCG2KsMKQqw_aem_CTX22q8-YzWDFivPq4t99w