«Барыс» сыртта «Слованды» ұтты

525

Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) кезекті тур ойынын Словакияның Братислава қаласында өткізген Астананың «Барысы» жергілікті «Слован» клубына сан соқтырды.

Бірінші кезеңде қос команда бір-бірінің осал тұсын таба алмады. Есесіне үзілістен кейін бірқатар екпінді шабуылдар ұйымдастырылып, ойын қыза түсті. Екінші кезең басталған бетте қонақтардың сәл кідіріп қалғанын ұтымды пайдаланған айдын иелері есеп ашты. Бұл голдың авторы – Рудольф Червены. Бірақ сол кеште Ондрей Непела атындағы қысқы стадионға жиналған 6 436 көрерменнің қуанышы ұзаққа созылмады. 27 минутта Никита Михайлис және 31 минутта Дмитрий Гренц нысананы дәл көздеп, астаналық команданы 2:1 есебімен алға шығарды. Одан кейін ештеңе өзгерген жоқ. Бұл есеп матчтың соңына дейін сақталды.

Осы жеңісінің арқасында «Барыс» жарыс кестесіндегі жағдайын тағы да жақсарта түсті. Күні бүгінгі дейін 24 кездесу өткізген жерлестеріміз 34 ұпаймен тұрақты біріншілікте алтыншы орынды иеленуде. Енді өзінің келесі бәсекесін астаналықтар 12 қарашада Новосібірде жергілікті «Сибирь» клубына қарсы өткізеді.

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.