БАҚ ДАРЫҒАН ӘУЛЕТ…

55
Күшікбайдың баласы Тоғжанның отау құрып еншісін алып бөлек шыққанына да көп уақыт болған жоқ. Қазақтың дәстүрінде қызуы басылмаған жас жұбайлардың жас отауына ағайындарыда көп бас сұға бермейді. Әдеп солай….
Қонақсыз бойына ас батпайтын Тоғжанның жаны жабырқап жүр, оны жас келіншегіде сезеді. Бірде түс ауа бере Күшікбайдың баласының қара шаңырағына құдайы қонақпын деп бір қария бас сұқты. Жас жұбайлардың қуанышында шек жоқ.
Келіншегі самаурынын көтеріп далаға жүгірді. Тоғжан болса құдай қонақтың алдына семіз құнан қойын көлденең тартып, қос алақанын көкке көтеріп бата сұрады. Ет желінді, шәй ішілді ақсақал жас отауға ақ батасын арнайы беріп жолға шықты.
Дастархан жиналып бола бергенде жас жұбайлардың ақ отауына тағы бір құдайы қонақ келді. “Қонақ қыдырып жүреді, артынан Қызыр шұбырып жүреді”- деп Күшікбай әкем айтушы еді-деп Тоқжан жігіт құдайы қонақтың құрметіне тағы бір құнан қойын шалды. Ас ішілді, бата берілген соң құдайы қонақ жөніне кетті.
Қас қарайып, ақшамның уақыты болған тұс. Кйіз үйдің түндігін жауып, етегін түріп, түтіндік салғаны сол еді жолда қалған жолаушы едім деп тағыда бір кісі шаңыраққа бас сұқты. “Несібе ғайып”- деген. Бүгінгі асыңызды Алла тағала менің шаңырағымнан бұйыртып тұр-ау.
Әулие қазақ:”Қырықтың бірі Қыдыр, мыңның бірі Уәли”- деген. Құдайы қонаққа құдайы малым бар деп мәрт Тоғжан семіз көк қошқарын жолаушыға арнап сойды. Келіншегі қазан көтеріп, Тоқаң қонағын төрге шығарып, қолтығына құс жастық салды.
Күні бойы қонақ күткен жас жұбайлар әбден шаршаған болса керек. Тоқжан үйінде, келіншегі қазан ошақтың басында көзі шырмалып ұйқыға кеткендерін екеуіде сезбей қалады. Таң қылаң бере Тоқаң оянса қонағы жоқ, ошақтың басында келіншегі қалың ұйқыда пырылдап ұйықтап жатыр. Қырдың басынан желбегейі желпілдеп бір атты адам шауып келеді.
Жақындағанда әкесі Күшікбай екенін көрді. Балам саған құдай берді, бүгін түсімде Алла тағала маған аян берді. Саған:”Бақ қарап, Қыдыр дарыды”балам. БАҚ,ДӘУЛЕТ,ҚҰТ қара шаңырағыңа қонды. Әттең келін екеуің ұйықтамағанда жеті ұрпағыма тарайды екен, үш ұрпағымнан аспайтын болды. Оған да Аллаға сансыз шүкір-депті әулие Күшікбай бабамыз қуанғаннан жылап жіберді-дейді жарықтық.
Сол айтпақшы шынында Күшікбай бабамыздың кіндігінен тараған ұрпағына “Қызыр қонған” әулет деп атайтын жұрт. Күшікбай бабамыз нағыз әулие екен. Бақ-дәулет бабамыздың үш ұрпағынан аспады.
Күшікбайдың баласы Тоқжан, Тоқжанның ұлы Таңқұт, Таңқұттың ұлы Көкіл. Көкіл атамыздың көк жорғасы болатын. Заманында “КӨКІЛДІҢ КӨКЖОРҒАСЫ” атанған атамыздың тұлпарына жұрттың аузының суы құрып қарайтын-деп әңгімесін аяқтады Қаракерей Мұхаммедкәрім (Торғай) бауырым.
Үйге қонақ келсе кірпідей жиырылатын мына заманда осы әңгіме талайға ғибрат болар деген ниеттемін.
Сыр сандықты аша білсек, ел ішінде осындай ұрпаққа үлгі болатын қаншама қазыналы әңгімелер бар шіркін……
МАҚСАТ СҚАҚОВ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.