АЙТЫЛМАҒАН АҚИҚАТ

51
Сарбаздар өлімі неге жиелеп кетті?
2009–2010 жылдары мен де жұрт қатарлы Атырау қаласында әскери борышымды өтедім. «Тендер» деген пәлемен сол жақта жүріп таныстым. Біздің кезімізде ең сорақы мәселе — ас-ауқат еді. Қазір қалай екенін білмеймін, бірақ мен көзіммен көрген кезеңде жауынгерге берілетін үш мезгіл тамақты аш адам болмаса, тоқ кісі ішпейтін. «Әй, ауылдағы менің итім де мына көк суды ішпейтін шығар» деп қынжылатынмын.
Бір жылдық мерзімде бар болғаны екі-ақ рет адам жейтін тағам іштік. Қарпып-қарпып май жұтпасақ та, асап-асап ет жемесек те, ең болмаса ас деп ауызға аларлық тамақ болды. Оның бірі — әскери ант қабылдау кезінде, екіншісі — алты айда бір келетін комиссия тексерісі кезінде. Кейін білсек, біріншісі — ант қабылдауға келген ата-анаға көрсету үшін, екіншісі — комиссияны алдау үшін ғана екен. Сол күндері таразыға тартып тұрып тағам береді: биттің қабығындай үш тілік нан бес тілікке айналады, арғы бетінен адам көрінетін жұп-жұқа шұжық бір елі болып шығады, жарты алма бүтінге айналады, тырнақтай май бармақтай болып көрінеді, қасықпен сүзсең әрең ілінетін макарон молая қалады.
Ал олар кеткен соң ас мәзірі қайтадан өз қалпына түсіп, мал екеш мал, ит екеш ит ішпейтін күйге енетін. Сөйтсек, мұның бәрі тендер деген пәлекеттің тепкісі екен. Тендерді ұтқан мердігер мен әскери бөлім басшылығы ымыраға келіп, сарбаздардың аузындағы нәсіпті ұрлайды екен ғой. Осы тексіз сұғанақтықтың кесірінен кейбір сарбаздар жүйкесі тозып, ұрлық-қарлық жасап жан бағуға мәжбүр болатын. Өзіміз де бұл тұрғыда періште болмадық. Бірақ төзімділік пен асау мінездің арқасында сол кездегі жігіттер мойымай, түрлі амалмен күн көрдік.
Екінші бір сорақылық — әскери офицерлер, старшиналар мен келісімшарттағы қызметкерлердің ашкөздігі мен сұғанақтығы еді. Әр солдат ай сайын әртүрлі мөлшерде жалақы алатын. Мысалы, мен айына 1780 теңге алатынмын. Сол ақшаны бізден алты ай бұрын келгендер тиынына дейін санап алып қоятын. Ақшаның жартысы өздеріне, жартысы жоғарыдағы «сұғанақтарға» кететін. (Өзімізден кейінгілерге біз де солай жасадық.)
Әскердегі бірден-бір үстем тап — офицерлер мен старшиналар болатын. Олардың ең сұрқия әрекеті — алты ай бұрын келгендерді кейінгі сарбаздарды тұғыртып, әлімжеттік жасауға астыртын түрде айдап салуы еді. Соның салдарынан біз ұят пен обалды жиып қойып, бір-бірімізге жау болып, кім әлсіз болса, соны талап, жығып, өктемдік көрсететінбіз. Эх, қазақты қазаққа айдап салған сол бір жексұрын уақыттың артта қалғанына да биыл 16 жыл болыпты.
Осындай жағдайлардан кейін мен өзгеге «әскерге бар» деп қалай ақыл айтамын? Жемқор жүйе Отан қорғап жүрген жауынгерлерге сол кезде-ақ ауыз салған. Сондықтан қазір де әскердегі өлім-жітімнің негізгі себебі — осы жемқорлық деп ойлаймын. Мына менің көз алдыма әрбір қаза тапқан сарбаздың алқымынан парақорлардың саусақ іздері елестейді де тұрады.
Міне бүгін тағы бір сарбаз туған жеріне табытпен оралды. Қабырғаны қайыстыратын қайғылы жағдай.
2024 жылы Бас әскери прокуратура өкілдері 2020–2023 жылдар аралығында армияда 270 сарбаздың қаза тапқанын мәлімдеген еді.
Егер төрт жылда 310 сарбаздан айырылсақ, бұл жылына орта есеппен 77 жас жігіттің қыршынынан қиылатынын білдіреді. Демек, аптасына бір сарбаз жан тапсырады деген сөз.
«Кімнің білегі жуан — сол жұрт болады. Кім күшті болса — сол дегеніне жетеді. Ал күш дегеніміз — әскер», — деп аманаттаған еді Алаш арысы Міржақып Дулатов XX ғасырдың басында.
Өкінішке қарай, бұл аманатқа қазіргі қазақ билігіндегі мешкейлердің құлақ асып отырғаны байқалмайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.