«Айтмұхаммед Исақов жұмыстан әлі шыққан жоқ»

1 306

Ел арасында шығыстың жеті жұлдызының бірі Хафизге әйгілі Ақсақ Темір: «Ақыны әкімін іздеген ел бақытсыз, әкімі ақынын іздеген ел бақытты» деп айтыпты деген сүбелі һәм сүйекті сөз бар. Жуырда топырағы текті өңіріміздің талантты перзенттерінің бірі, белгілі айтыскер ақын Айтмұхаммед Исақовпен болған «Бір ақынның сау тұрса тіл мен жағы, мың адамның айтылар мұң мен зары!» атты сұхбаты жарық көрген болатын. Әңгіме барысында ақын өзінің өмір жолынан бастап, 11 жыл бойы жұмыссыз жүргенін, сонда да төл өнер мен туған жерін тастамай, күні бүгінге дейін шабандоз шәкірттерін тәрбиелеуден тынбай келе жатқанын, 32 жыл өнерде жүріп, бірде-бір шығармашылық кеші өтпегенін және өзі туып өскен Қарасу ауылдық округінің әкімі тарапынан теперіш көргендігін, сол себепті, жұмыстан өз еркімен шығуға мәжбүр болғандығы жайында ағынан жарылып, сұхбат берген еді. Бұл сұхбат әлеуметтік желілерде Астана мен Алматыдағы өнер жанашырлары тарапынан үлкен талқыға түсіп, резонанс тудырды. Бізге қайырылып, жан-жақтан құстай ұшып жеткен хаттардың да қарасы қалың. Олардың арасында ақынмен болған сұхбаттың бас кейіпкерлерінің бірі – Қарасу ауылдық округінің әкімі Самат Селеубаев та бар. Арнайы ат басын бұрып келген ауылдық округ әкімі өзінің тарапына тура бағытталып айтылған пікірге қатысты айтары бар екен. Оның пікірін еш өзгеріссіз, қаз-қалпында назарларыңызға ұсынып отырмыз. Оқырманның өзі ақ-қарасын ажыратып, бағасын берер деген ойдамыз.

Құрметті оқырмандар!
Жастар басылымының 2018 жылдың 26 шілдесіндегі №30 (665) санында жарияланған «Бір ақынның сау тұрса тіл мен жағы, мың адамның айтылар мұң мен зары!» тақырыбында Жамбыл ауданы, Қарасу ауылдық округі (бұрынғы Пионер) Ащыбұлақ ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы Айтмұхаммед Исақовтың сұхбаты жарық көрген болатын.
Алайда, жарияланған материал бойынша бірқатар мәселелерге талқылау жұмыстары жүргізілгенімен, тиісті сұхбат беруші тарапынан жалған ақпараттар газет бетінде жарық көріп, облыстық және аудандық оқырмандар назарына ұсынылды.
Мысалы, сұхбат алушы Н.Қадірәлінің:
– Естуімше, Жамбыл ауданының Пионер ауылындағы клубтан күні кеше ғана арыз жазып, жұмыстан шығып кетіпсіз. Оған не түрткі болды? – деген сауалына сұхбат беру­ші Ащыбұлақ ауылдық (бұрынғы Пионер) клубының мәдени ұйымдастырушысы А.Исақов өзінің жұмыстан шығып кеткендігін, ауылдық округ әкімінің артына түсіп алғандығын алға тартып және де Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарапынан зерделеу жұмыстары нәтижесінде бірқатар құжаттардың толық болмағандығын Жамбыл аудандық мәдениет үйі қызметкерлері кінәсінен деп таныған.
Осыған байланысты, оқырмандар назарына мен былай түсіндірмекпін.
2018 жылдың 16 шілдесі күні сағат 13.30-14.00 шамасында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы қызметкерлері Жанат және Ғани есімді азаматтармен бірге Жамбыл ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А.Байдалиев, Жамбыл аудандық мәдениет үйінің директоры И.Тоғанбаева аудан бойынша барлық ауылдық клубтардың іс-қағаздарына зерделеу жұмыстарын жүргізген болатын. Бірақ, Ащыбұлақ ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы А.Исақов сұратылған тиісті құжаттарды толығымен көрсете алмады. Соның салдарынан Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы қызметкерлерінен ауылдық округ әкіміне өте қатаң сын айтылды. 2018 жылдың 17 шілдесінде ауылдық округ әкімінің аппараттық кеңесінде А.Исақовтан жіберілген кемшіліктерге байланысты түсініктеме талап етілді. Алайда, А.Исақов түсініктеме жазудан бас тартып, «Жұмыстан кетуге арыз жазамын» деп мінезін көрсетіп, ауыл әкімінің жұмыс бөлмесінен шығып кетті.
Сол күні түстен кейін бас маман іс жүргізуші Қ.Тлешовке келіп, «Түсініктеме жазбаймын, жұмыстан шығамын» деп жұмыстан босату туралы өтінішін жазып кеткен. Ағымдағы жылдың 18 шілдесі күні таңғы сағат 8.00 де А.Исақовты шақырып алып, «жұмыстан шығу оңай, жұмысқа кіру қиын, мен Сізге жұмыстан шық дегенім жоқ, түсініктеме жаз дегенмін» деген сауалдарыма А.Исақов мырза «мен Сізбен жұмыс жасай алмаймын және де мен Сіздің талабыңызға шыдай алмаймын, жасым 50-ден асқан азаматпын, әр адам әр қағазды ойланып жазады, менің шешімім осы» деп жауап қатса да, мен бүгінгі таңға дейін А.Исақовты жұмыстан босатқан жоқпын. Себебі жасының үлкендігін, ел ағасы екендігін ескердім. Әлі де болса ойын өзгертер деген ойда болдым. Ол азаматтың осы лауазымға қалай жеткенін жақсы білемін.
А.Исақовтың айтуынша, тексеріс кезінде жоспары дайын болмай, ауыл әкімі сөгіс түріндегі тәртіптік жаза берді дегені жалған ақпарат.
Ал: «Ауыл әкімі қит етсе «құртамын, жоямын, арыз жаз, шығып кет» деп жекіп жүретін адам. «Бұл ауылда бір-ақ бастық бар, ол – ауылдың әкімі, сендер еден жуушы мен қарауылмен бірдей адамсыңдар» деп намысымды әрдайым жерге таптайды. Тіпті, бізді құлша жұмсағысы келеді», – деген мынадай сөздеріне келер болсам, еден жуушы мен күзетші, мәдени ұйымдастырушы барлығы да азаматтық қызметшілер дегенімді А.Исақов мырза дұрыс түсінбеген деп ойлаймын. Өйткені, қызметтің өзі екі санатқа бөлінеді, бірі мемлекеттік қызметші болса, бірі азаматтық қызметші. Ал, намысын аяққа таптайтындай ешқандай артық сөз айтылған емес. Қоғамдық жұмысқа араласу, ол – барлығымыздың міндетіміз. Өйткені, талап солай, мемлекеттен айлық алып отырған соң тиісті жұмыстар ұйымдастырылуы қажет. Ал, А.Исақов осындай қоғамдық жұмысқа араласқысы келмей, еркіндікті қажет етеді екен. ҚР Еңбек кодексі мен заңнамалары кез-келген азаматқа бірдей емес пе?
«Ауылда бір-ақ бастық бар, ол – ауылдың әкімі», – дегені, А.Исақовқа мүмкін менің талабым, жұмысқа деген жауапкершілігім ұнамаған болу керек.
Клуб күзетшісі Т.Жаманбалаев туралы айтқанына келер болсам, Т.Жаманбалаев менің адамым емес, маған дейін 15 жыл бұрын А.Алдашевтің кезінде жұмыс жасаған және сол кезден қалыптасқан жағдай бойынша ол азаматқа жеке техникасымен ауылдық округ аумағындағы санитарлық тазалық жұмыстарын орындау, күл-қоқыстан тазарту секілді шаруалар ешқандай еңбекақысыз жүктелген. Осындай еңбектерін ескере келе, Т.Жаманбалаевты қоғамдық жұмыстарға шығармадым.
Бұдан бөлек, «Күзетші болса 5 ай бойы жұмысқа келген емес және оған бір ауыз сөз айтылып, сөгіс те жарияланбаған, ол үшін мен от жақтым», – деген сөздеріне келер болсам, ол да жалған ақпарат. Себебі, оның 5 ай бойы жұмысқа келмеуіне, от жаққан немесе жақпағандығына, сөгіс берілмегендігіне де мен кінәлі емеспін.
Өйткені, ол кезде ауылдық клуб ғимараттары мен қызметкерлерінің штаттық саны Жамбыл аудандық мәдениет үйінің теңгерімінде болған.
Ал, Жамбыл ауданы әкімінің қаулысына сәйкес, небәрі ағымдағы жылдың 25 сәуір­ін­де ғана ауылдық округ аумағындағы клубтардың мүлкі мен ғимараты және штаттық бірліктері ауылдық округ әкімі аппаратына өткен болатын.
А.Исақов туралы интернет ресурс­тарын­да да бірқатар азаматтар өз пікірлерін білдірді. Бірақ, мен ол азаматтармен келіс­пеймін. Өйткені, байыбына бармай байбалам салудың, мән-жайдың анық-қанығына жетпей жатып теріс пікір жазудың қажеті жоқ еді.
Осы пікірден кейін барлық азаматтардың көзқарасы және маған деген шынайылығы өзгерер деген сенімдемін.

Самат СЕЛЕУБАЕВ,
Жамбыл ауданы, Қарасу (бұрынғы Пионер) ауылдық округінің әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.