Әйгілі баскетболшы Әлжан Жармұхамедов жайлы не білеміз?

861

Халқымызда талайды тамсандырып, әлемді аузына қаратқан спорт саңлақтары аз емес. Десе де, спорттағы жетістіктің ең биік шыңы Олимпиада жүлдесі болса, бұл сында алғаш болып алтыннан алқа тағынған аз қазақтың бірі, баскетболшы Әлжан Жармұхамедов.

Ол 1972 жылы Мюнхен Олимпиада­сында КСРО сапында жасындай жар­қыл­дап, тұғырдың ең биік сатысынан көрінді. Бүгінде шебер баскетболшы туралы көпшілік біле бермейтіні рас. Сондықтан, даңқты спортшының өнегелі өмір жолына тоқталып өтсек.
Әлжан Мүсірбекұлы 1944 жылы 2 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі Бостандық ауданын­дағы қазақтар тұратын Табақсай ауылын­да (қазір бұл жер Өзбекстанға қарайды) дүниеге келген.
Мектеп бітірген соң көрші Шыршық қаласындағы зауытта екі жыл жұмыс істеп, 1963 жылы Ташкенттегі мемлекеттік дене тәрбиесі институтына түседі. 1967 жылы оны бітірген соң Ташкенттің СКА баскетбол командасында ойнайды. Бойы екі метрден асып тұрған соң орталық ойыншы міндетін атқарады. Талантымен танылған оны кейіннен КСРО құрама командасының сапына шақырады. Сол 1967 жылы Кеңес одағының құрамында Еуропа біріншілігінің чемпионы атанады. Ол бұл атақты бұдан кейін де екі рет (1971, 1979 ж.ж.) жеңіп алды. Оның жеңістер қоржынында Еуропа чемпиондары Кубогының иегері (1971), Бүкіләлемдік Универсиада чемпионы (1970), КСРО-ның 10 дүркін чемпионы (1970-74, 1976-80) атақтары бар. Еуропаның үш дүркін чемпионы болумен қатар ол Әлем чемпионатының 1970 жылы қола, 1978 жылы күміс медальдарын жеңіп алған. Әлжан Жармұхамедовтің ең үлкен жетістігі 1972 жылы Мюнхенде өткен жазғы Олимпиадада алтын медальға ие болуы. Олимпиада чемпионы болумен бірге, ол 1976 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері де атанды. КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері. Яғни, Әлжан Жармұхамедов – қазақтың маңдайына біткен, біздің халқымыз қай жағынан да мақтан тұтуға әбден лайық, бүкіл әлем мойындаған ұлы спортшы.
Әлжанның қазақтар арасында онша танымал болмауына оның өзбекстандық СКА, одақтық ЦСКА командаларында ойнауы себеп болса керек. Спортшымыздың өзі Алматының «Буревестник» командасында ойнағысы келген. Бірақ, оны жоғарғы жақ күштеп екі рет Ташкентке қайтарып жібереді. Осылайша, сарсаңға түскен баскетболшыны Мәскеу ЦСКА командасына бере салған. Сөйтіп, ол 1969 жылдан осы команда құрамында ойнады. Біреулер оны өзбек дейтін көрінеді. Ташкенттің СКА баскетбол командасында ойнағаны болмаса, Әлжанның өзбектерге еш қатысы жоқ. Әкесі Мүсірбек қазақ, анасы Прасковья орыс қызы болған. «Физкультура и спорт» журналының 1972 жылғы №10 санында жарияланған Мюнхен Олимпиадасы жеңімпаздарының ресми тізімінде Әлжан Жармұхамедов қазақ деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Бұл ақиқат сол кезде белгілі болды ма, әлде, кейін анықталды ма,ол жағы маңызды емес. Ең бастысы ол – қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпиондарының бірі.
Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін Әлжан Германиядағы кеңестік әскер тобында бес жыл жаттықтырушы болады. Одан кейін 1987 жылы аз уақыт Алматының СКА клубына мылтықпен ату бойынша бапкер болғаны да бар. 2002 жылы үлкен спортпен біржола қоштасқан кезінде Мәскеуде қалып қоюына тура келді. Себебі, Мәскеу мемлекеттік университетінде баскетболдан ерлер мен қыздар командаларына жаттықтырушылық етеді. Баласы Владиславпен бірге балалар мен жасөспірімдердің «Лаурус» деген баскетбол клубын құрады.
Әлжан Мүсірбекұлы және оның коман­да­лас­тары туралы ресейлік Антон Мегердичев «Жоғары өрлеу» («Движение вверх») атты көркем фильм де түсірген. Оның бұл туындысы өз елін де, өзге елді де елең еткізді. Көрермен біткен ол фильмді кинотеатрлардан жаппай тамашалады. Сондай-ақ, киносыншыларының өздері ол туындының жүректі қозғайтындай екенін мойындаған. Кино сонау 1972 жылғы Мюнхендегі Олимпиадада Кеңес Одағының баскетбол ерлер құрамасының жанкешті жеңісіне арналған. Онда Мюнхендегі АҚШ пен КСРО командаларының кездесуі тарихи драмаға айналған. Небәрі 3 секунд ойын тағдырын шешкен айқаста Кеңестер Одағы құрамасының сапында қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, баскетболшы Әлжан Жармұхамедов жасындай жарқылдаған. Осы финалдық ойында басқалардан ең көп (36 минут) алаңда атой салған бірден-бір осы Әлжан екен. Ол кеңес спортшыларының арасында Купер тестін тапсыр­ған жалғыз саңлақ. Бұл – тарихи факт. Сондықтан да, картинада Әлжан ағамыздың образы бар. Оны актер емес, спортшы Александр Ряполов сомдаған. Осы туынды арқылы қазақ баскетболшысының аталмыш спорт түріне сіңірген еңбегін күллі жұрт біліп, құрметтейтінін айқын аңғаруға болады.
Біз үшін қазақ абыройын аспандатқан, Олимпиада чемпионы болған қазақтардың бәрі қымбат, бәрі ардақты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.