Әйелмен әлем әдемі

54

Облыстық «Анаға тағзым» отбасылық даму әлеуметтік орталығында «Әйелмен әлем әдемі» атты ерекше форматтағы сұлулық фестиваль-байқауы өтті. Шара Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында және Еңбек күніне орайластырылып, нәзік жандылардың еңбегі мен шеберлігін дәріптеуді, орталықтың әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеуіндегі әйел- аналарға қолдау көрсетуді мақсат етті.

Фестивальге орталықта қысқа мерзімді оқыту курстарынан өткен, бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отырған көпбалалы аналар, жалғызбасты әйелдер мен әлеуметтік осал санаттағы қыз-келіншектер қатысты. Олар сұлулық индустриясының «Бет әрлеу» және «Тырнақ әрлеу» бағыттары бойынша біліктіліктерін көрсетіп, кәсіп иесі ретіндегі қабілеттерін дәлелдеді.
– Көп жағдайда әлеуметтік қиындықтарға тап болған әйелдер өз мүмкіндігін толықтай пайдалана алмай жатады. Орталықта білім алып, өз бетімен табыс табуға жол ашқан қатысушылар үшін бұл фестиваль – жаңа өмірге қадам басуға, өзіне сенімді болуға жол ашқан рухани серпіліс. Еңбек етіп, өмірін жақсартуға ұмтылған аналар қоғамда лайықты орынға ие болуы керек. Шара қоғам назарын осы мәселеге аударуды көздейді. Бұл – жай ғана сән байқауы емес, еңбек адамының бейнесін дәріптеген мәдени платформа десек, артық айтқандық емес. Біздің орталық – оқыту алаңы болуымен қатар, әйелдің жаңа өмірге, жаңа бетбұрысқа жасаған алғашқы қадамы. Бүгінгі фестиваль – сол өзгерістің айғағы, – дейді орталық директоры Эльмира Мырза-Ғали.
Фестиваль мазмұны жағынан бай, эмоциялық тұрғыда жылы әрі мазмұнды шара ретінде ұйымдастырылды. Көрермен назарына шағын концерттік бағдарлама ұсынылып, рухани әсерге де толы болды. Сахнада өлең оқылып, әсем әндер шырқалды. Ал қысқа мерзімді курстардан өткен көпбалалы аналар және әлеуметтік-психологиялық көмекке жүгінген әлеуметтік осал топтағы әйелдер қызыл кілеммен жүріп өтті. Бұл олардың тек сыртқы сұлулығын емес, ішкі сенімділігі мен тұлғалық өзгерісін бейнелеген маңызды сәт болды. Көпшілігі сахнаға алғаш рет шықса да өздерін сенімді көрсете білді.
Байқау қорытындысы бойынша «Бет әрлеу шебері» аталымында І орынды – Айкерім Мотаева, ІІ орынды – Гүлнар Құсайын, ІІІ орынды Есенкүл Мұсаева иеленді. Ал «Тырнақ әрлеу шебері» аталымында І орынды – Шолпан Джыкаева, ІІ орынды – Наргиза Әділ, ІІІ орынды Құралай Есенбай алды. Жеңімпаздар, жүлдегерлер мен қатысушылар Алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.