«Автотехнопарк» ғылыми-шығармашылық орталығы ашылды

65
Еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту, сол негізде заманауи өндіріс талаптарына сай білікті мамандар даярлау-педагогтар алдында тұрған маңызды міндет. Осы мақсатта Қаратау құрылыс-техникалық колледжі базасында Автотехнопарк ашылды.
Ғылыми-шығармашылық орталық колледждің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған маңызды қадам саналады. Бұл туралы Автотехно­парктің ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков айтты.
-Бұл орталық білім мен өндірісті ұштастыратын жаңа мүмкіндіктерге жол ғана емес, болашақ кәсіби мамандарға жасалған үлкен қолдау. Білікті мамандар даярлау үшін мықты педагогтар және заманауи үлгідегі материалдық-техникалық база қажет,-деген Нұрбек Әбубекұлы оқытушылар мен студенттерді Автопарктің ашылуымен құттықтады.
Сонымен қатар салтанатты шарада Қаратау құрылыс-техника­лық колледжінің әлеуметтік серіктесі «Фортис контракшн» ЖШС-нің директоры Бекмұрат Байболов ғылыми-шығар­машылық орталықтан білікті мамандардың шығатындығына сенім білдірді.
Мұнан соң аудандық «Talas tynysy» газетінің бас редакторы Дүйсен Молдақұлов және Бекмұрат Байболов жаңа нысанның лентасын қиды.
«Автотехнопарк» ғылыми-шығармашылық орталығында студенттердің лайықты білім алуы үшін барлық жағдайлар жасалған. Екі оқу кабинеті, спортпен айналысу үшін арнайы бөлме бөлінген. Одан бөлек, көлік бояу және көліктің жүріс бөлігін тексеру гаражы, автокөліктің шанағына қызмет көрсету роботы, автокөлік қозғалтқышының майын ауыстыру орны бар. Барлық құрылғылар заманауи үлгіде жабдықталған.
Жалпы Автотехнопарк осы бағытта білім алып жатқан студенттер үшін үлкен шеберхана саналады. Қаратау құрылыс-техникалық колледжінде «Автокөлік ісі» мамандығы бойынша 52 студент оқиды.
«Автотехнопарк» ғылыми-шығармашылық орталығының қызметімен танысып шыққан облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы: -Колледж бітірген мамандар жұмыссыз қалмауы керек. Ол үшін материалдық-техникалық базаны жандандырып отыруға тиіспіз. Сонымен қатар әлеуметтік серіктерстердің санын арттыру қажет. Мұндай қадам өз нәтижесін береді,-деді.
Нарбол Қашаған, Талас ауданы
Leave A Reply

Your email address will not be published.