Автор: Админ

  • Әбілхайыр Тамабек: Біз жаза бассақ, Мемлекет басшысына сын

    Әбілхайыр Тамабек: Біз жаза бассақ, Мемлекет басшысына сын

    Былтыр желтоқсан айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүргізілген Президент жастар кадр резервінің қорытындысы жарияланып, 300 қазақстандық жас іріктеп алынған болатын. Қазіргі уақытта резервке енген жастар мемлекеттік басқару жүйесіндегі жауапты қызметтерге тағайындалып, жемісті жұмыс атқаруда. ҚазАқпарат тілшісі жобаға қатысып, 300 жастың қатарына енген Әбілхайыр Тамабектен сұхбат алып, бұл жоба оған қандай мүмкіндік бергенін, Жамбыл облысы әкімдігінің жердің пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы болып тағайындалғалы қандай жұмыстар атқарылғанын сұрады.

    «Президент жастар кадр резерві өтетіні туралы көп жарнамаланды. Мемлекеттік органдардың барлығына арнайы хат жолданды. Бастапқыда «Қатысып көруім керек пе, керек емес пе?», «өте аламын ба, әлде өте алмай қаламын ба?» деген ойлар болды. Біздің қоғамда оқыған, білімді, жан-жақты жастар көп, сол себепті өз-өзіме сын көзбен қарадым. Соңында қатысуға тәуекел еттім. Кадрлық резервке қатысуға қанша адам өтініш білдіргенін арнайы құрылған pkrezerv.kz сайтынан көріп отырдық. Ең басында өтінім білдіргендер 5-6 мың адам болса, кейін 13 мың адамнан асты. Қыркүйек аяғында тіркелу уақыты аяқталды. Сол кезде нақты 7 312 адам тіркеуден өткенін көрдім», — дейді Жамбыл облысы әкімдігінің Жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Әбілхайыр Тамабек.

    Ол аталған жобаның әр кезеңінен қалай өткенін айтты.

    «Бірінші кезеңде тест түрінде 50 сұрақ берілді. 50 сұраққа 50 минутта жауап беру керексің. Бұл кезеңде жылдам әрі дұрыс шешім қабылдай білу қабілетің бағаланады. Бұл кезеңнен сүрінбей өттім. Екінші кезеңге шамамен 900-ден астам адам өтті. Осы кезде менің бойымда келесі кезеңдерге өте аламын деген сенім, жігер пайда болды. Келесі кезеңде тест сұрақтарына онлайн режимде жауап бердік. Осы сынақтан кейін үміткерлер арасында 500-дікке ендім. Келесі кезеңде эссе жазу мен жобаларды қорғай білуімізді бағалады. Одан кейін қабілеттерді бағалау бойынша 6 сағаттан астам уақыт сынақтан өттік. Бұл кезеңнен кейін 34-орынға тұрақтағанымды білдім», — дейді ол.

    Бастапқыда мыңдықтың қатарынан көрінуді де жетістік санаған Әбілхайыр Тамабек ондыққа кіру мүмкіндігі бар екеніне де көз жеткізеді.

    «Соңғы кезеңде сараптамалық комиссияда сұхбаттасудан өттік. Осылайша ең соңында ұлттық комиссияның отырысының қорытындысымен кадрлық резервке алындым. Менің мемлекеттік қызметте жүргеніме 5 жылға жуықтады. Президенттік жастар кадрлық резерві құрамына кіру ел мен жерге қызмет етсем деген әрбір жастың арманы деп ойлаймын. Бұл – мемлекеттік қызметте жүрген жастар үшін ең жоғарғы меже», — дейді ол.

    Ол Президенттік жастар кадрлық резерві құрамына кіргеннен кейін әртүрлі министрліктен, облыстық әкімдіктерден 60-тан астам қызмет ұсынылғанын айтты.Ұсынылған қызметтерді саралай келе таңдау жасап, биыл 28 қаңтарда Жамбыл облысы әкімдігінің Жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы қызметіне тағайындалған.

    «Қазіргі уақытта нақты бір жобаны іске асырып жатырмын деп айта алмаймын, себебі мен қызмет атқарып отырған орын – жобаларды жүзеге асыратын орын емес. Бұл – жер саласына қатысты заңдардың орындалуын қамтамасыз ететін, бақылау, қадағалау функциясы бар мемлекеттік орган. Бұл басқарма аудан әкімдерінің жер қатынасы саласына қатысты қабылдаған шешімдерін тексеріп, ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлердің игерілуі мен ұтымды пайдаланылуына қадағалау жасайды. Пайдалану мерзімі өткен, игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарамыз. Аудан әкімдерінің құқыққа сыйымсыз қаулыларының күшін жоюға нұсқама береміз», — дейді Әбілхайыр Тамабек.

    Оның айтуынша, басқарманың құрылғанына 8 жыл болған. 2012 жылға дейін «Қызылорда, Шымкент, Жамбыл облыстық өңіраралық жер инспекиясы» болып аталса, 2012 жылы Жамбыл облысы Жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасы болып бөлек шыққан.

    «8 жыл бойы атқарылмаған кейбір функцияларды жандандырып, биыл кейбір көрсеткіштер бойынша алға шықтық деп айта аламын. Мысалы, кәсіпкерлік мақсатта берілген игерілмей жатқан жер учаскелері бойынша жұмыс өз деңгейінде атқарылмаған. Жамбыл облысында кәсіпкерлік нысандарға берілген жерді мемлекетке қайтару процесі тәжірбиеде болмаған. Биыл осы қызметке келгеннен кейін кәсіпкерлік нысандарға берілген жерді мемлекетке қайтару бойынша сотқа 5 талап-арыз беріп, 2 жер телімін мемлекетке қайтару бойынша Тараз қалалық соты басқарманың талап-арызын толық қанағаттандырды. 3 талап арыз сотта қаралуда. Әртүрлі себептерге байланысты 2013 жылдан бері жер қатынастары саласындағы әкімдіктер қабылдаған шешімдердің заңдылығына тексеріс жүргізілмеген екен. Біз биыл тексеру жұмыстарын жүргізуді қайта бастадық. Бір ғана Шу ауданының өзінде заңға қайшы 107 қаулының күшін жойылып, 13 474 жер мемлекетке қайтарылды. Жамбыл ауданында да сондай тексеру жұмыстарын жүргізіп, 10 000 гектарға жуық жерді мемлекетке қайтару туралы нұсқама бердік. Қазіргі уақытта Қордай, Байзақ аудандарында осындай тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына орай, биыл игерусіз жатқан 70 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Қазіргі таңда басқарма бұл міндетті 86 пайызға орындап, 60 мың гектар жерді қайтарып отыр», — дейді ол.

    Ол бекітілген заңды басшылыққа ала отырып жұмыс істейтінін айтты.

    «Мемлекеттік қызметкер ретіндегі ұстанымым – ең алдымен қолданыстағы заңды басшылыққа ала отырып жұмыс істеу. Заң орындалмайтын болса – ол несіне заң? Заң бар ма – орындалу керек. Мемлекеттің заңы – мемлекеттік органға да, жеке тұлғаға да ортақ. — дейді Әбілхайыр Тамабек.

    Ол Президенттік жастар резервінің құрамына кіру арқылы қандай мүмкіндіктерге ие болғаны туралы айтты.

    «Жамбыл облысы әкімдігінің Жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасы – облыс әкімдігінің маңызды салаларының бірі. Ашығын айтатын болсам, елордада министрлікте жүрген кезде алдағы 1-2 жылда осындай басқарма басшысының немесе министрлікте департамент директорының орынбасары қызметіне тағайындалу туралы ойлап, алдыма мақсат қоятынмын. Генерал болуды армандамайтын солдат жоқ дегендей, әр мемлекеттік қызметшінің карьералық өсуді қалауы – заңдылық. Президенттік жастар кадрлық резерві маған зор мүмкіндік беріп, жауапты лауазымды ұсынды. Енді біз жаза бассақ, жұмысымызды дұрыс атқармасақ, дұрыс нәтиже көрсете алмай жатсақ – Мемлекет басшысына сын болады. Президенттік жастар кадрлық резервінің атына кір келтірмес үшін аса жауапкершілікпен жұмыс атқаратын боламыз», — дейді ол.

    Оның айтуынша, мұндай жобаларға жастар белсенді түрде қатысып, атсалысуы керек.

    «Кез келген жұмыс орнының негізгі қозғаушы күші – кадрлар. Кадрлар міндетті түрде жаңарып, жаңа көзқарас, жаңа леппен келіп отыруы керек. Жастарды осылай дайындап, лауазымды қызмет атқаруына мүмкіндік беріп, оларды сынап көру керек. Президенттік жастар кадрлық резервін дайындау – өте жақсы бастама. 10-15 жылдан кейін осы Президенттік жастар кадрлық резервіне қабылданған жастар ішінен мемлекеттік деңгейіндегі басқарушы азаматтар шығады, деп сенемін», — дейді ол.

    lenta.inform.kz

  • «Көкесі» мен «Жәкесі»

    «Көкесі» мен «Жәкесі»

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қа­зақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында жердің шетелдіктерге сатыл­майтынын, алайда барынша тиімді пайдаланылуы қажеттігін баса айт­қаны белгілі. Бұған қатысты Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев  әкімдікте өткен жиында «жер ешкімнің әкесінен қал­ған мұра емес» деп нақты ұстанымын білдірген болатын. Аймақ басшысы тіпті игеру­сіз жатқан жерлердің иесі кім болса да мем­ле­кетке кері қайтаруды құ­зырлы мамандарға тап­сырған. Мұндай та­лапты тапсырма бай-манап­тардың қабырғасына  батып, жон терісіне шоқ басқандай болғаны даусыз.

    Жамбыл облысы әкім­дігінің Жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау бас­қармасының басшысы Әбіл­хайыр Тамабектің айтуынша, жыл басынан бері жүргізілген тексерістер талай сұмдық пен қулықтың бетін ашқан екен.

    – Жамбыл облысының әкі­мі Бердібек Сапарбаевтың тап­сырмасына орай, биыл игерусіз жатқан 70 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Қазіргі таңда басқарма бұл міндетті 86 пайызға орындап, 60 мың гектар жерді қайтарып отыр. Одан бөлек, Шу ауданында  13 474 гектар жер  заңсыз берілгені  анықталып, қазіргі таңда мемлекетке кері қайтарылды. Сонымен қатар 1 100 гектардан аса жерге қатысты басқарма тарапынан сотқа талап-арыз жолдануда.

    Жалпы, Шу ауданында заң­ды белден басып, жерді заң­сыз иемдену ашықтан-ашық жүргізілген. Олай дейтініміз – ағымдағы жылдың 24 шілдесі күні жер конкурсы өткізіліп, 308 өтінім қаралады. Комиссия мүшелері 107 жер учаскесі бо­йынша 85 адамды жеңімпаз деп таниды. Алайда арада апта өтпей, аталған комиссия шешіміне қатысты 8 арыз келіп түсті. Оның біреуі – ұжымдық арыз. Мамандарымыздың тексеруінің нәтижесінде көптеген өрескел бұзу­шылық анықталды. Сондай-ақ 1 500 гек­тарға жуық жер та­мыр-таныстықпен берілгені бел­гілі болды. Оның ішінде ко­миссия мүшесі бола тұра өзі­нің баласына немесе анасына жер алып берген фак­тілер бар. Мәселен, Шу ауданы Шоқ­пар ауылдық округінің әкімі комиссия мүшесі болып өз баласына жер алып берген. Мемлекеттік қызметкерлердің жақын туыстары жер алмасын деген заң жоқ. Алайда өзінің туысы болғандықтан, округ әкімі мемлекеттік қызметтің тәртібі бойынша  баласының өтінімін бағалаудан бас тартуға міндетті еді. Бірақ әкім өз ба­ласына дауыс беріп, жерді иеленуіне қолғабыс етіп отыр. Сол секілді комиссия мүше болмаса да, аудандық мәслихат хатшысының комиссия отырысында оты­рып, соңы оның баласы жер алу фактісі тіркелді. Осы сияқты 107 қаулының заңсыз шығарылғанын дәлелдеп, біз қаулылардың күшін жою және бұзушылыққа жол берген жа­уаптыларды жазаға тарту тура­лы ұсыным бердік. Алайда ау­дан әкімі тек бір маманды ғана жазалағаны туралы жауап жол­дады. Біз мұнымен келіспей, мем­лекеттік қызмет  нормасын бұз­ған ауылдық округ әкімі мен комиссия отырысында бұ­зушылықтарға жол берген ко­миссия төрағасын жазалау ту­ралы қайта ұсыныс жолдадық,  – дейді басқарма басшысы.

    Әбілхайыр Ғалымұлы ко­миссия төрағасының кеңес қа­ғидасын бұзғаны видеоға анық түсіп қалғанын айтады. Де­мек, аталған факті бойынша Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров нақты шешім қа­был­дағаны жөн. Әйт­песе, «жең ұшынан жалғасқан сыбай­ластықтың ұшы аудан әкімі жағынан шығып тұр  ма?»  деген ой тууы мүмкін.

    Жуырда басқарма мамандары Жамбыл ауданына да тексеріс жұмыстарын жүргізіп, 10 мың гектарға жуық жер бойынша құ­қыққа сыйымсыз қаулылар қабылданғанын  анықтаған. Атал­ған факті бойынша қазір ау­дан әкіміне бұзушылықтарды жою бойынша нұсқама жолдан­ған. Оларға олқылықтың орнын толтыруға 1 ай уақыт беріліп отыр. Бұдан бөлек,  мамандар Қор­дай ауданына да зерделеу жұ­мыстарын бастаған. Сондай-ақ жыл соңына дейін Байзақ ауданы да тексерістен өтеді деп күтілуде. Биылға осы үш аудан межеленсе, келер жылы қалған аудандардың да жер мәселесі майшаммен қа­ралмақ. Ал биыл жалпы 90 мың гек­тар жер мемлекет меншігіне қайтарылады деп күтіліп отыр.

    Жалпы, Жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау бас­қармасы конкурсты өткізу ко­миссиясының жұмысын ғана тексеруге құқылы екен. Сон­дықтан мекеме қаулыны жою ту­ралы жергілікті билікке ұсы­ным ғана бере алады. Егер ау­дан әкімі бір айдың ішінде нұс­қаманы орындамаса, онда анық­талған заңбұзушылықтар сот­қа жолданады. Бірақ сот про­цесі басталғанға дейін де бас­қарманың басшысынан бастап, мамандарына дейін қоқан-лоқы көрсетіп жататындар аз емес көрінеді.

    – Президенттің жастар кадр­лық резервінен басқарманың басшысы қыз­метіне тағайын­далған осы 9 ай ішінде  Жамбыл облысында қарапайым адам жоқ па деген ойға келдім. Себебі осы мерзім ішінде мені қорқытқандар да, тіпті жұмыс орныма келіп қоқын-лоқы көрсеткендер де  аз болмады. Бәрінің  әйтеуір «кө­кесі» мен «жәкесі» бар. Бірақ жұ­мысымызды  облыс әкімі Бер­дібек Машбекұлының өзі қол­дап, нақты тап­сырмасын беріп отырғаннан кейін біз ештеңеден тайсалмаудамыз.

      Осы таңға дейін кәсіпкерлік мақсатта берілген жер учаске­лерін тексеру жұ­мыстары өз дең­гейінде жүргізілмеген екен. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жол­ға қойып, жыл басынан бері игерусіз жатқан 40 кәсіпкерлік ны­сан иелеріне 1 жылға нұс­қама беріп, жер салығын он есе ұлғайту бойынша салық бас­қармаларына хат жолдадық. Игеру­сіз жатқан кәсіпкерлік жер учаскелерін қайтару бойынша 5 іс сот­қа жолданса, оның 2-де жеңіп шықтық. 3 іс сотта қа­ралуда. Осы нысандардың қо­жайын­дарының да араға адам салып, мәселені жауып тас­тағысы келгендері болды. Ол аз десеңіз – бір ауданды тексере бар­сақ, жауапты мамандар құ­жат­тар топтамасын жасырып, заң­сыздықтарын көрсетпеуге тырысады. Олармен біз заң шең­берінде жұмыс істейміз, – дейді бас­қарма басшысы.

    Міне, осылайша облыстық Жерлерді пайдалану және қор­ғалуын бақылау басқармасы  еш­кімнің басынан си­памауда. Әрине, «тура биде туған жоқ» еке­ні түсінікті. Десе де, шындық шен­ділерге жақпайтыны тағы белгілі.

    Басқарма басшысы ау­дан­дардағы негізгі мәселе жер­дің нысаналы мақсатын заң­сыз өзгерту, тапсырылған жер учас­келерін мемлекеттік мен­шігіндегі бос жерлермен заң­сыз айырбастау, ауыл ша­руашылығы мақсатындағы жер­ді өзге мақсатта пайдалану сынды мәселелер жиі бола­тынын айтады. Ал Тараз қала­сы әкімдігінің қабылдаған ше­шімдерін тексеруге басқарма құзыретті емес. Мұнымен Жер ресурстарын басқару ко­ми­теті айналысады. Десе де, егер жер­гілікті билік заң­бұзушылықтарды анықтап бер­се, басқарма шара қолдануға құ­қы­лы. Жыл басынан бері Тараз қа­ласы әкімдігінен жолданған ұсынымдар негізінде бүгінде жаза басқандар лайықты жаза­сын алған.

    Әрине, мемлекеттің же­рі  әркім ке­ліп бармағын ба­тыратын майшелпек емес. Бұл – еліміздің  қазынасы. Ал мем­лекет мүлкіне заңсыз қол салу қылмыс саналады. Осыны аудан әкімдері мен жауапты мамандар түсінбей отырғанына таңбыз. Ақиқатына қарайтын болсақ, басқарма судың бетін қалқып еді, біраз былық бетке шықты. Егер түп тамырына үңілсек, талай басшылар мен шенділердің шектен шыққан тірлігі әшкере болатыны хақ. Осыдан сезіккен дөкейлер қазірден қысым көр­сетіп жатқаны «сасқан үйрек­тің…» керін келтіріп тұрғаны тағы ақиқат.

    «Әділін айтсаң, ағайынға жақ­пайсың» деген дана қазақ. Алай­да шындық жоқ жерде сұм­дықтың көбейетіні белгілі. Сондықтан басқарманың жұ­мысын бұ­қара бас бармақпен ба­ғалайтыны даусыз. Әйтеуір, шындықтың отын үрлегендер  шо­ғына өздері  күйіп қалмасын деп тілейік…

    Саятхан САТЫЛҒАН

    aikyn.kz

     

  • Жер учаскелерін мақсатты пайдалану керек

    Жер учаскелерін мақсатты пайдалану керек

    Қалада да, ауылда да пайдаланусыз жатқан жер жетеді. Ондай жердің иелері әлдебір құрылыстың іргетасын қалап қояды немесе қоршайды да ары қарай құрылысын жүргізуді «ұмытып» кетеді. Тіпті, іргетасы қаланып, қоршалмақ түгілі бос жатқан жер әр аймақтан да кездеседі. Сұрастырып көрсең «Ол жерді түгенше пәлен жылы сатып алған» дейді білетіндер.  Жерді алған соң пайдалану керек. Міне, бұл мәселе облыс әкімдігінің жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының бас ауруына айналғалы қашан.

    Облыстық әкімдікте өткен «Облыс көлемінде құрылысқа арналған жер учаскелерін мақсатты пайдаланбаған жер иелеріне шара қолдану және мәжбүрлеп алып қою туралы»  өткен жиында мәселе қабырғасынан қойылды. Жиынға облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық, Тараз  қалалық соттарының судьялары, облыстық, қалалық прокуратураның қызметкерлері,  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары қатысқанынан-ақ мәселенің аса маңызды екені сезілді. Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылдар бойы құрылысы аяқталмайтын «сақалды құрылыстар» туралы айтқан сөзін еске салып, жердің заңдылығын анықтау қажеттігіне назар аударды, егер жұмыс істемесе заң арқылы мемлекет меншігіне қайтарып алу қажеттігін атап көрсетті.

    Облыс әкімдігінің жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Әбілхайыр Тамабек өңірде мақсатты пайдаланылмаған құрылысқа арналған жер учаскелері және құрылысы аяқталмаған «сақалды құрылыстар» бүгінгі күні өзекті мәселеге айналғанын жеткізді.  Басқарма  тарапынан Жер Кодексінің 92-бабының 2-тармағын басшылыққа ала отырып, аталған бұзушылықтар бойынша тексеру жүргізіліп жатса керек. Былтыр басқарма тарапынан Тараз қаласы бойынша тексерілген 149 жер учаскесінде 27 заң бұзушылық анықталған.  Жер иелеріне заңбұзушылықты жою туралы бір жылға нұсқама беріліп, Тараз қалалық жер кадастры және жылжымайтын мүлік бөлімі тарапынан жер учаскелеріне ауыртпашылық қойылуға жолданып, қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы тарапынан салық мөлшері 10 есеге ұлғайтылыпты.

    Жер учаскесі иелерінің тұрғылықты мекен жайынан табылмайтыны да проблемаға айналса керек. Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастар бөліміне осындай 26 жер учаскесін иесіз мүлік ретінде есепке алу туралы хат жолданған. Сонымен қатар, 43 жер учаскесінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан прокуратура «Заңбұзушылық анықталмады» деп тексеру тоқтатылған.  Ал бұл жер учаскелері әлі күнге толық игерілмеген.  Жер Кодексінің 92 -бабында егер құрылысқа арналған жер учаскесі оны беру туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жыл ішінде мақсатты  пайдаланбаған жағдайда мәжбүрлеп алып қоюға жатады делінгенін алға тартқан басқарма басшысы өздерінің тарапынан атқарылып жатқан басқа да жұмыстарды кеңінен сөз етті.

    42 жер учаскесі сатылып кетуіне және сыйға берілуіне байланысты тексеру жұмыстары жүргізілмеген. Қалалық жер қатынастар бөліміне осы учаскелердің жаңа иелерін анықтап, басқармаға қайта жолдау бойынша облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасы беріліпті. Екі жер учаскесінің жалға алу мерзімінің аяқталуына және үшеуінің сот шешімі негізінде әкімдік қаулысының күші жойылуына байланысты жер иелерінің атында жер учаскесі тіркелмегені анықталған. Алты жер учаскесі жер иелерінің кәмелет жасына толмауына қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі рұқсат бермегендіктен тексеру жұмыстары жүргізілмей қалған.  Мемлекет басшысының Жарлығымен жарияланған мораторийге байланысты жеке кәсіпкерлік нысандарын тексеру және оларға берілген нұсқамалардың орындалғанын  тексеру  тоқтатылған. Басқарма тарапынан былтырғы бір жылға берілген нұсқамаларды бақылау мақсатында мораторий талаптарына сәйкес, тек қана жеке тұлғаларға   қайта тексеру жұмыстары жүргізілген. Төрт жер учаскесінің меншік иелері мен жер пайдаланушылары нұсқаманың талаптарын орындамағандықтан, мәжбүрлеп алып қою туралы талап арыз Тараз қалалық сотына жолданып, қаралуда екен.

    -Алайда, жерді мәжбүрлеп алып қою бұл жай ғана жер дауы емес, күрделі процесс. Бұл тек сот шешімінің күшіне енумен ғана шектелмейді. Шешім күшіне енген соң, ары қарай сот орындаушыларына жолданып,  аукцион арқылы  сатылуы тиіс және сатылудан түскен қаражат жер иесіне беріледі. Егер де бір жыл көлемінде үш рет аукцион арқылы сатылмаса, онда жер учаскесі арнайы жер қорына сот шешімімен қайтарылады. Бұл жағдайда, жер иесіне өтемақы төленбейді. Осы айтылғандарды сот барысында ескерген дұрыс деп пайымдаймыз,-деді басқарма басшысы Ә.Тамабек.

    Басқарма тарапынан құрылысқа арналған жер телімін мәжбүрлеп алып қою бұрын соңды орын алмаған. Биылғы екінші тоқсаннан бастап басқарма тарихында алғаш рет бес жеке тұлғаға қатысты сотқа талап-арыз жолданыпты.  Дегенмен, 2012-2017 жылдары аукцион арқылы берілген құрылысқа арналған жер учаскелерін мақсатты  пайдалалануына зерделеу жұмыстары жүргізілген.  Бүгінде 24 жер учаскесі бойынша тексеру жүргізіліп жатыр екен. Алайда, тексеру туралы пошта арқылы жіберілген хабарламадан бас тартып жататын жағдайда жиі кездесетін көрінеді. Содан барып тексерістің уақыты 2-3 айға дейін созылады.

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Гүлжамал Тәжиева және Тараз қалалық сотының судьялары  Марлен Тілеубеков, Айман  Джамбырбаева, облыстық, қалалық прокуратураның прокурорлары, жерге қатысты құрылымдардың басшылары өз ойларын ортаға салды. Сөз алған құзырлы орган өкілдерінің бәрі де заң талаптарының орындалуын айтады.

    Дұрыс,  Жер Кодексін басшылыққа алып, өзекті мәселені шешетін уақыт жетті.  Облыс әкімдігінің жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының қызметкерлеріне құзырлы мекемелерден осы жер дауына байланысты  қызметтік жаза қолдану туралы хат келіп жататыны да еркін пікір алысу түрінде өткен жиын барысында әңгіме болды. Жұмыста жіберілген кемшілік болса жазаға тартылу да заң талаптарының бірі. Ең бастысы, қызметкерлер жазықсыз жазаланып кетпесін дейік.

    «Сақалды құрылыс» деген қаланың да, ауылдың да ажарын кетіріп, сәулетін бұзады. Сосын жерді алған соң, оны мақсатты пайдаланбайтындар да кездеседі. Мәселен, биылғы шілде айының өзінен бері Тараз қаласы-52, Меркі-10, Талас-7, Жуалы, Шу, Т.Рысқұлов аудандары 5-тен  және Сарысу ауданы 1 жер учаскесін тексеру үшін облыс әкімдігінің жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасына хат жолдаған.  Мораторийге байланысты басқарма кәсіпкерлік нысандары болып табылмайтын жеке тұлғаларға, орта және ірі кәсіпкерлік нысандарына тиесілі жер учаскелері бойынша Кәсіпкерлік Кодексінің талаптарына сай тексеріс жүргізуде. Алынған жер мақсатты жұмыс істеуі керек, бұл кәсіпкерлікпен айналысып, шағын бизнесті қолға алам деген әрбір азаматтың есінде болса дейміз. Сосын ол жерден салынатын құрылысты белгіленген мерзімде соғып аяқтау қажет. Құзырлы органдармен жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылайтын басқарма қосыла отырып, енді ұзын арқан кең тұсауға жол бермейтін сияқты.  Сондықтан жер алып, рахатын көрем деген әрбір азаматтың ойланғаны абзал.

    Амангелді ӘБІЛ

    aqjolgazet.kz