Астанада теңге ілу және аударыспақ бойынша Азия чемпионаты өтеді

570

Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында Елордада әлемдік ұлттық спорт түрлерінің екі ірі іс-шарасы өтеді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баспасөз мәслихатында айтты, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі ҚазАқпарат-қа сілтеп.

«Биылғы жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 20-дан астам спорттық іс-шараларды дайындап жатыр. Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында біздің ведомства мәдени және спорттық іс-шараларды ұйымдастырады. 31 мамырдан 2 маусымға дейін «Қазанат» ипподромынан әлемдік ұлттық спорт түрлері теңге ілу бойынша II Азия чемпионатын және аударыспақ бойынша III Азия чемпионатын тамашалай аласыздар»,- деді министр.

Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, спорттық іс-шараларға ЮНЕСКО-ның Ұлттық спорт және ойын комитетінің өкілдері келеді деп күтілуде.

«Теңге ізу бойынша өтетін жарысқа Азия құрлығының 7 елінен – Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан және Монғолияның спортшылары келеді. Ал аударыспақ бойынша 3-ші Азия чемпионатына 9 мемлекеттің спортшылары қатысады. Мұндай чемпионаттарға шетелдіктер қатты қызығушылық танытып отыр»,- деп атап өтті министр.

Арыстанбек Мұхамедиұлы чемпионаттың жалпы жүлде қоры 14 миллион теңгені құрайтынын айтты.

Айта кету керек, аударыспақ бойынша I Азия чемпионаты 2014 жылы Астана қаласында, ІІ Азия чемпионаты 2016 жылы Қытайда өткен болатын. Ал теңге ілу бойынша I Азия чемпионаты 2015 жылы Астанада өтті.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.