Жүргізушілерге жаңылысып айыппұл салынған: ІІМ не дейді

13-14 тамыз аралығында Бас прокуратураның ЕРАП ақпараттық жүйесінде нұсқамаларды автоматты түрде қалыптастыру кезінде техникалық ақау орын алып, салдарынан қазақстандық жүргізушілерге қате айыппұлдар жазылған. Бұл жөнінде ҚР Ішкі істер министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ақау салдарынан орташа жылдамдықты асыруға қатысты құқық бұзушылықтардың бір бөлігі лездік жылдамдықты асыру ретінде қате ресімделген.

«Қазіргі уақытта әріптестерімізбен бірлесіп техникалық ақаудың салдарын жою бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жүргізушілерді бірден сабырға шақырғым келеді: ешқайда барудың керегі жоқ. Полицияға жүгінудің немесе бірдеңені дәлелдеудің қажеті жоқ. Барлық қате қалыптастырылған нұсқамалар анықталды және олар автоматты түрде жойылады», – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов.

Сонымен қатар ведомство мұндай қате айыппұлдарды төлеп қойған азаматтарға қаражатты қайтару механизмі де қарастырылып жатқанын жеткізді. Мемлекеттік органдар жүйенің қалыпты жұмысын қалпына келтіру және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында кешенді шараларды жүзеге асыруда.

ФОТО: Getty Images

 Qaz365.kz.

Comments (0)
Add Comment