Каспийдегі мұнай кен орындарына антитеррорлық күштерді орналастыру міндеттелмек

Қазақстан билігі Каспий теңізінің қазақстандық секторында мұнай мен газ өндіретін компанияларға лаңкестікке қарсы күштерді орналастыру үшін арнайы алаңдар бөлу міндетін жүктеуді жоспарлап отыр. Бұл жөнінде ҚР Энергетика министрлігі жариялаған бұйрықта айтылған.

Құжатқа сәйкес, жер қойнауын пайдаланушылар лаңкестікке қарсы күрес жөніндегі теңіз жедел штабының сұранысы бойынша олардың күштері мен құралдарын өндірістік объектілерге жақын орналастыруды қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар компаниялар штабты орналастыруға тікелей байланысты шығындарды өз мойнына алады. Бөлінетін орын кемінде 10 қызметкерге есептеліп, тікұшақ алаңымен жабдықталуы және теңіздегі өндірістік нысандардан 23 шақырымнан аспайтын қашықтықта орналасуы қажет. Энергетика министрлігінің бұл бұйрығы 17 қазанда күшіне енеді.

Бұл бастама Қазақстанның Ресеймен шекаралас өңірлерінде ұшқышсыз ұшу аппараттарының (дрон) анықталу оқиғалары жиілегеннен кейін қолға алынып отыр. Бұған дейін Үкімет аталған жағдайлар бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлағанымен, дрондардың қайдан шыққаны ресми түрде жарияланбаған еді. Ал Қорғаныс министрлігі елдің стратегиялық маңызды нысандары әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің сенімді бақылауында тұрғанын мәлімдеген болатын.

Айта кету керек, 2026 жылдың мамыр айында Ресей де Каспий теңізіндегі көмірсутек кен орындарын қорғаудың жаңа тәртібін бекіткен еді. Көрші елде қабылданған заңға сәйкес, теңіздегі мұнай-газ нысандарының айналасында ені 500 метрге дейінгі қауіпсіздік аймақтары құрылып, күзет қызметкерлеріне дрондардың жолын кесуге және оларды жоюға құқық берілген.

 Qaz365.kz.

gov.kz

Comments (0)
Add Comment