Бүгін Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек облыстық көпбейінді балалар ауруханасы базасында орнатылған заманауи магниттік-резонанстық томография (МРТ) аппаратын салтанатты түрде іске қосу рәсіміне қатысты.
ҚР онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының қолдауымен аталған медициналық мекемеге жоғары өрісті Philips 1,5 Tesla МРТ аппараты сатып алынды. Бұл құрылғы бүгінде медициналық диагностикадағы «алтын стандарт» ретінде кеңінен танылған.
Халықаралық талаптарға толық сәйкес келетін жаңа буындағы жабдық жоғары дәлдіктегі кескіндер алуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде бейнедегі бұрмаланулар барынша азайып, түрлі ауруларды, соның ішінде онкологиялық дерттерді ерте кезеңінде анықтауға жол ашылады.
Жоғары технологиялы құрылғыны енгізудегі басты мақсат – онкологиялық ауруларды ерте анықтау, диагностика сапасын арттыру, халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсету және науқастарды дер кезінде тиімді емдеуді қамтамасыз ету.
МРТ аппараты қатерлі ісіктерді жоғары нақтылықпен анықтаумен қатар, орталық жүйке жүйесі, омыртқа, буындар, ішкі ағзалар мен жұмсақ тіндердегі патологияларды диагностикалауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, цифрлық өңдеу мен интеллектуалды реконструкциялау технологиялары тексеру уақытын едәуір қысқартып, кішкентай пациенттердің жайлылығын арттырады. Ең бастысы – зерттеу барысында сәулелік жүктеменің болмауы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Өңірлік жоспар шеңберінде онкологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру, ауруларды ерте анықтау көрсеткіштерін жақсарту, тексеруден өту кезегін 10 күннен 1–2 күнге дейін қысқарту, пациенттердің өзге өңірлерге қатынауын азайту, ауылдық және шалғай елді мекен тұрғындарына мамандандырылған көмекті жақындату көзделген. Бұдан бөлек, дәрігерлердің диагностикалық мүмкіндіктері кеңейіп, телемедицина мен кеңес беру қызметтері одан әрі дамытылмақ.
Өз сөзінде Сержан Назарбек өңірде заманауи медициналық технологияларды енгізу және медициналық ұйымдарды озық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Бұл бастама медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырып қана қоймай, балаларды диагностикалау мен емдеудің жаңа деңгейін қалыптастыруға, онкологиялық қызметтің тиімділігін күшейтіп, ауруларды ерте анықтау көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік береді.