Қазақстандықтар смартфонды таңнан кешке дейін TikTok қарап отыратын ермек ретінде емес, ақша табатын құрал ретінде пайдалануы қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл пікірін бүгін, 23 тамызда Құрылтай депутаттары сайлауында дауыс бергеннен кейін өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
«Сіз жасанды интеллектіні Қазақстанның жаңа экономикалық моделінің негізі деп атадыңыз. Биыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Межелі міндеттер орындалып жатыр ма? Цифрландыру мен жасанды интеллектінің күнделікті өмірге әсеріне қандай баға бересіз?», — деп сұрады Tengrinews тілшісі Айсұлтан Құлшыманов.
Тілшінің сауалына жауап берген Президент цифрландыру мен жасанды интеллект еліміздің барша азаматына қызмет етуі керек екенін баса айтты.
«Өте орынды сұрақ. Өйткені, 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллекті жылы деп жарияланды. Жолдауда осы тақырыпты қозғаймын. Біз цифрлық мемлекет құрудың, яғни цифрлық қызметтер ұсына алатын мемлекет болудың алғашқы кезеңінен өттік. Өзге елдермен салыстырғанда өміріміз әлдеқайда жеңілдеді. Мұны өздеріңіз де көріп, байқап жүрсіздер. Қазір көп шаруаны үйден шықпай-ақ шеше аласыздар. Бұрын мұның бәрін реттеуге уақыт жұмсап, табан тоздыруға тура келетін. Сондықтан цифрлық сервис көрсететін мемлекет ретінде қалыптасу қажет болды. Қазір келесі кезеңге қадам бастық. Үкіметке алғашқы сатыда қалып қоймай, халықаралық келіссөздер жүргізу жөнінде тапсырма бердім. Цифрландыру мен жасанды интеллект халыққа, еліміздің барша азаматына қызмет етуі керек. Қарапайым тілмен айтқанда, смартфон – ермек үшін ұстап, ертеден кешке дейін TikTok-қа телміретін құрал емес. Смартфонмен ақша табуға болады. Мәселені осылай төтесінен қойған жөн. Әсіресе, бұл шаруаларға керек. Олар ауыл-аймақтан шықпай-ақ кәсібін жүргізуге заманауи технологияны пайдалана алады. Алдағы уақытта Үкімет дәл осы міндетті орындайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетейік, бүгін, 23 тамызда Қазақстанда Құрылтай депутаттары сайлауы өтіп жатыр.
Дереккөз: https://politico.kz/kz/article/toqaev-telefondy-tiktok-ushin-emes-aqsha-tabu-ushin-paydalanuga-shaqyrdy?fbclid=IwY2xjawT371hwZG9mBWV4dG4DYWVtAjExAHNydGMGYXBwX2lkEDIyMjAzOTE3ODgyMDA4OTIAAR7XugNhFPtUUcbpxWyHp3Aimn3BFDkGfw5FKGuGe8D1IrxB4AtwiLcTnfLMFg_aem_qAdwGl1L1_ISNmA2pk32cA