Атырауда балаға күш көрсетті деген тәрбиеші бұрын сотталған болып шықты

Атыраудағы жекеменшік балабақшада бір жарым жастағы балаға күш көрсеткен деген күдікке ілінген тәрбиешіге қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Баланың ата-анасы 27 жастағы әйелдің бұған дейін сотталғанын анықтаған.

Балабақша директоры Нағима Аманкосованың айтуынша, тәрбиеші жұмысқа орналасу кезінде соттылығы жоқ екені туралы анықтама тапсырған. Алайда кейін құжаттың 2025 жылы берілгені белгілі болған.

Басшылық анықтаманың берілген күніне мән бермегенін мойындады. Тәрбиеші жекеменшік балабақшада шамамен екі ай жұмыс істеген. Директордың сөзінше, осы уақыт ішінде оның балаға дөрекілік танытқаны байқалмаған.

Қазіргі таңда тәрбиешінің нақты қандай қылмыс бойынша сотталғаны жарияланған жоқ.

Аталған балабақша небәрі үш ай бұрын жұмысын бастаған. Қазір онда 24 бала тәрбиеленіп жатыр. Зардап шеккен баланың ата-анасы бала қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген балабақша басшылығы да жауапқа тартылуы тиіс деп есептейді.

Бұған дейін әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға байланысты полицияға шағым түскені хабарланған еді. Кадрларда тәрбиешінің бүлдіршінді қолынан дөрекі тартып, сүйрегені, құлағынан тартқаны және оны күшпен ұйықтатуға тырысқаны көрінеді. Кейін баланың денесінен көгерген іздер байқалған.

Осыдан кейін полиция кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Атырау облысы полиция департаментінің мәліметінше, қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаға қатысы бар барлық тұлға полиция бөліміне жеткізілген.

Тергеу барысында балабақша қызметкерлерінің әрекетіне және мекеме басшылығының жауапкершілігіне де құқықтық баға берілуі мүмкін.

Дереккөз: https://politico.kz/kz/article/atyrauda-balaga-kush-korsetti-degen-tarbieshi-buryn-sottalgan-bolyp-shyqty?

Видеодан кадр

Comments (0)
Add Comment