«AMANAT»: Астанада биыл сайлауалды бағдарламаның 72 пайызы орындалды

61
«AMANAT»: Астанада биыл сайлауалды бағдарламаның 72 пайызы орындалды
«AMANAT» партиясы

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының орындалуына жүргізілген мониторинг елорда дамуының нақты нәтижелері мен алдағы даму бағыттарын айқындап отыр. Астана қалалық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Ғабит Қалиұлы Тәжімүратов «Халықпен бірге!» бағдарламасы аясында қабылданған іс-қимыл жоспарының орындалу барысы туралы баяндады.

– Ғабит Қалиұлы, 2025 жылы бағдарламаның орындалу нәтижелері қандай?

– Іс-қимыл жоспарында барлығы 126 тармақ қарастырылған, оның 107-сі 2025 жылға жоспарланған. Бүгінгі таңда 76 тармақ (72%) толық орындалды, 23 тармақ іске асырылу үстінде, ал 8 тармақтың орындалу тәуекелі бар. Басты басымдық – жобаларды сапалы жүзеге асырып, қала тұрғындарына нақты пайда әкелу.

– Қандай негізгі жетістіктерді атап өтуге болады?

– Білім беру саласында 12 мың орындық 6 жаңа мектеп ашылды. Сонымен қатар, 1 400 орындық жеке мектеп пайдалануға берілді, ал «Ильинка» тұрғын алабында 900 орындық мектеп есігін айқара ашты. Соңғы екі жылда барлығы 33 мектеп салынды, бұл бастапқы жоспардан 13 мектепке артық.

Тұрғын үй саласында да жоспар артығымен орындалды. Мұқтаж азаматтарға 4 578 пәтер берілді, бұл жоспардан 978 пәтерге көп. Авариялық жағдайдағы тұрғын үйлер жаңартылып, 48 жаңа лифт орнатылды.

– Әлеуметтік қолдау және жастарға қатысты қандай жұмыстар атқарылды?

– 204 мыңнан астам қала тұрғыны тегін қоғамдық көлікпен қамтамасыз етілді. Қоғамдық жұмыстарға 2 522 адам тартылды, оның ішінде 972 жас маман бар. Сонымен қатар, 614 жоғары оқу орнының түлегі жастар практикасына жіберілді. Фракция жастар бастамаларын қолдауды және оларды жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейтуді жүйелі түрде жалғастыруда.

– Инфрақұрылым және газдандыру саласында қандай нәтижелер бар?

– 900 шақырым газ желісі тартылып, 13,6 мыңнан астам абонент газға қосылды. Көлік саласында 70 заманауи автобус сатып алынды, ал жыл соңына дейін тағы 300 автобус алу жоспарланған. Жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 52 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған 3 мыңға жуық контейнер орнатылды.

– Қауіпсіздік пен экология мәселелері қалай шешілуде?

– Полиция бөлімшелеріне 1 517 цифрлық құрал-жабдық берілді. Жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны 10 мың адамға шаққанда 8,6-дан 1,5-ке дейін төмендеді. Қылмыс деңгейі де 119-дан 97-ге дейін азайды.

«Таза Қазақстан» экологиялық акцияларына 640 мыңнан астам адам қатысты. Шамамен 420 мың тонна қоқыс шығарылып, Кіші Талдыкөл аумағында биологиялық тазалау жұмыстары жүргізілді. Табиғи тепе-теңдікті сақтау мақсатында 1 500 фазан жіберілді.

– Бағдарламаны іске асыру барысында қандай қиындықтар кездесті?

– Кейбір жобалар қаржыландырудың жеткіліксіздігіне, тұрғын алаптарындағы жобаларды түзетуге, сот тәжірибесіне немесе жобалау-сметалық құжаттамамен байланысты кешіктірілуде. Мысалы, медицина қызметкерлеріне арналған тұрғын үйлер мен жатақханалар жобаларына өзгерістер енгізу қажет болды. Ал перинаталдық орталық жобасы мемлекеттік сараптамадан 2026 жылдың наурыз айында өтеді деп күтілуде.

– Фракция бағдарламаның орындалуын қалай бақылауда ұстайды?

– Әрбір тармаққа жауапты мәслихат депутаты бекітілген. Жыл ішінде 7 фракция отырысы және 52 қоғамдық кеңес отырысы өткізілді. Депутаттар 127 нысанға 326 іссапар жасап, жобалардың жүзеге асырылу барысын тікелей бақылауда ұстады. Нәтижесінде 255 ұсыныс беріліп, оның 127-сі толық орындалды.

Сонымен қатар, партияның Жол картасының орындалуын бақылау аясында жыл бойы фракция отырыстарында қала әкімінің орынбасарлары мен Астана қаласының әкімі есеп берді. Бағдарламаның орындалуы партиялық бақылау жөніндегі барлық отырыстарда тұрақты әрі жүйелі түрде қаралып келеді.

– Алдағы жоспарлар қандай?

– Барлық жобалардың белгіленген мерзімде және сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін бақылауды күшейтеміз. Негізгі мақсат – Астананың кешенді дамуын қамтамасыз етіп, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру.

«Мониторинг – бұл жай ғана сандар емес», – дейді Ғабит Тәжімүратов. – «Бұл әрбір жоба мен бастаманың халыққа нақты қызмет етіп жатқанын көруге мүмкіндік береді».

Leave A Reply

Your email address will not be published.