Жамбыл облысының Жуалы ауданында тағы бір маңызды өндірістік жоба жүзеге асып жатыр. Қайрат ауылында орналасқан «Ақсай Жуалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – өңірдегі таза ауыз су өндірісін қолға алған ауқымды әрі заманауи кәсіпорын.
2023 жылы құрылысы басталған бұл нысанның жалпы құны 1,5 миллиард теңгені құрайды. Жоба 2025 жылы толық аяқталып, серіктестік толық қуатында жұмыс істейтін болады. Қазіргі таңда кәсіпорын тәулігіне 10-15 тонна таза ауыз су өндіруде. Ал жобаның толық қуатына шыққан кезеңінде бұл көрсеткіш 50-60 тоннаға дейін артады. Бұл – өңір халқын ғана емес, басқа да облыстарды сапалы сумен қамтамасыз етуге үлкен мүмкіндік.
«Ақсай Жуалы» өнімдері 0,5 литр, 1 литр, 1,5 литр және 5 литрлік құтыларда шығарылады. Бұл көлемдер тұтынушылардың күнделікті тұрмыстық қажеттілігіне бейімделген. Әрбір бөтелке заманауи желілерде құйылып, санитарлық-гигиеналық талаптарға сай өңделеді. Бұл өз кезегінде өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етеді.
Кәсіпорынның жылыту жүйесі табиғи газ арқылы жүзеге асырылады. Бұл экологиялық тұрғыдан тиімді, әрі энергияны үнемдеуге бағытталған. Цех толығымен автоматтандырылған жүйеге қосылып, адам еңбегін барынша жеңілдетуге мүмкіндік береді. Суды сүзу, тазартып өңдеу және бөтелкелеу процестері заманауи қондырғыларда өтеді.
Қазіргі таңда зауытта 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба толық іске қосылған кезде бұл сан 50-60 адамға дейін ұлғаяды. Бұл – ауыл халқы үшін тұрақты табыс, әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік және жастарға туған жерден табыс табудың нақты жолы. Сонымен қатар, бұл – еңбек көші-қонының алдын алуға әсер ететін нақты қадам.
«Ақсай Жуалы» өнімдері бүгінде Жамбыл облысының бірнеше ауданында және басқа да көршілес облыстарда саудаға шығарылуда. Яғни, бұл жоба тек Жуалының ғана емес, еліміздің түрлі өңірлерінің ауыз су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды өндіріс көзіне айналуы мүмкін.
Ақсай ауылдық округінің әкімі Мақсат Мәтенов жобаның әлеуметтік маңызына ерекше тоқталды:
«Ақсай Жуалы» жобасы – ауылымыз үшін үлкен серпіліс. Бұл тек таза ауыз су өндірісі ғана емес, ауыл экономикасын көтеретін тірек жобалардың бірі. Жұмыс орындарының ашылуы, инфрақұрылымның дамуы – барлығы ауыл халқының әл-ауқатына оң әсерін береді. Мұндай бастамалар елді мекендердің болашағына сенімділік ұялатады», – деді ауыл әкімі.
«Ақсай Жуалы» ЖШС – тек бір ауылдың немесе ауданның ғана емес, бүкіл өңірдің әлеуетін көтеретін маңызды өндірістік жоба. Оның жүзеге асуы – кәсіпкерлікке жасалған қолдау мен ауыл шаруашылығы бағытындағы тиімді қадамдардың нақты нәтижесі. Бұл жоба болашақта Жуалының брендіне айналып, қазақстандық нарықта өз орны бар отандық өнім ретінде танылатынына сенім мол.
Фото: Jambylinfo.kz
https://jambylinfo.kz/zhambyl-zhanalyqtar/a-say-zhualy-zhualy-zherindegi-taza-auyz-sudy-zha-a-brendi