Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің қолдауымен ағымдағы жылдың 7-11 сәуірі аралығында Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Жамбыл облысына іс-сапармен барды.
Іс-сапардың мақсаты — халықтың дінтанулық сауаттылығын арттыру және діни экстремизмнің алдын алу.
Облыс көлемінде барлығы 20-ға жуық іс-шара ұйымдастырылып, 400-ден астам адам қамтылды.
Аталған іс-шараларға «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, PhD докторы Бауыржан Ботақараев, «Ақ Ниет» қоғамдық қорының Шымкент қаласы бойынша жетекшісі Дәлелхан Оспанов, Жамбыл облысы Дін істері басқармасының бас маманы, теолог Самғат Мутанов, Жамбыл облысы Дін проблемаларын зерттеу орталығының бөлім басшысы, теолог Ерзат Жақыпов, орталық басшысының орынбасары, психолог Бақдаулет Тілеухан және басқа да Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері қатысты.
Түсіндіру тобының мүшелері Тараз қаласында, сондай-ақ Жамбыл, Байзақ және Жуалы аудандарында болды. Олар халық арасында Қазақстанда өмір сүретін барлық конфессиялар мен этностардың бейбіт қатар өмір сүруі мен әрекеттесуіне бағытталған дін саласындағы мемлекеттік саясаттың мәні, Қазақстан халқының мәдениеті мен рухани мұрасы, деструктивті жалған діни және радикалды идеялардың қауіптілігі туралы кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-сапар барысында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында жоғары оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары, медресе-колледж студенттері, ауыл тұрғындары және басқа да мақсатты топтар қамтылды.