«Ақкөлде тумасам, Нарша ақынмен кездеспес едім»

1 009

Әуезхан Салабеков, Қазақстан республикасының мәдениет саласының үздігі, композитор

«Ел іші – өнер кеніші» дейді халық даналығы. Шағын ғана ауылда туып, ел ішінде өсіп, тума талантын тұщымды туындыларымен танытқан сазгер Әуезхан Салабековтың әндері «МузАРТ», Асқар Жүнісбеков секілді белгілі әншілердің орындауымен халыққа кең танылды. Сондай-ақ, сазгер  шәкірт тәрбиелеп, талай таланттарды өнер бәйгесіне баптап қосып та жүр. Жаһандану заманының көшімен ұлттық құндылықтарымызды ұмыта бастаған ұрпақты дұрыс жолға бағыттап, ұлағаттылық көрсетіп жүрген ұстаздың бүгінгі қоғам мен өнер  жайында  айтары   көп.

– Әуезхан Көсембекұлы,  әңгімемізді  өзіңіз туып-өскен топырағыңыз,  туған жеріңізден бастасақ. Сіздей өнер иесін қандай өлке тудырды?

– Жалпы маған шалқар шабыт беретін муза – ол ауыл. Талас ауданында Ақкөл деген бір керемет мекен бар. Міне, сол ауылда 1957 жылы дүниеге келдім. Сол жердегі мектептен алғашқы білімімді алдым. Тараз қаласына көшіп келген 2013 жылға дейін туған ауылымда тұрдым. Шүкір, ештеңеден көшкейін қалған жоқпын. Ауылдың өзіне ғана тән тынысынан, табиғатынан, қоңырсалқын кешінен түрлі әндер туды.  Әуендерім тыңдарманның  жүрегінен орын алып, сазгер ретінде танылдым.

Ауданымыздағы Нарша Қашағанов, Үміт Битенова секілді ақындармен бірлесіп, өлеңі мәнді, ырғағы сұлу әндерді жарыққа шығардық. Марқұм Нарша ағам «Екеуіміздің шығармаларымыздан кеш ұйымдастырылса, оны  қатар отырып, тамашаласақ қой» деп әрдайым айтатын. «Алдағы уақытта ол да болар» дейтінмін. Бірақ, Нарағамның сол арманы орындалмады. Қазір әдемі әзілімен ортасын көңілдендіріп отыратын, мәні терең өлеңдерімен талайдың көкейіндегі сағынышын дөп жеткізетін Нарша ағамды қатты сағынамын. Егер мен сол ауылда туылмасам, сондай ақынмен кездеспес пе едім. Бәлкім, әннің не екенін түсінбей өтер ме едім. Қазір туған топырақтан жыраққа кеткеніме 52 жыл болса да,  Ақкөлімнің ақ  таңдарын аңсаймын, қоңыр кештерін сағынамын.

Ауылдағы орта мектепті тәмамдап, Шымкент қаласындағы өнер институтынан дирижер мамандығын алғаннан кейін,  Талас ауданындық мәдениет үйінде, одан соң  мектепте қызмет еттім. Кейін өнер адамдарымен етене жақын байланысып, бірлесе еңбектеніп, әндерімнің таралым жолын кеңейту үшін облыс орталығына қоныс аудардым. Міне, содан бері Н.Тілендиев атындағы мектеп-интернатында музыка жетекшісі ретінде балаларға әннен сабақ беріп, шәкірт тәрбиелеп келемін. Студияда  ән жазып  ғана қоймай, балғындарға  күй тартуды да үйретудемін. Өзім 6 жасымнан бастап домбыра ұстап, өнерге бет бұрдым. Сондықтан шәкірттерімді де қазірден шыңдап, өмірден, өнерден өз орнын табуларына аянбай  тер төгіп келемін.

–Сонда өзіңізді өнерге баулыған кім?

–Мені өнерге жетелеп, ұстаздық еткен ешкім болмапты. Ауылдағы өнер мектебінде  музыканттар болған жоқ. Домбыраны 6 жасымда үйге келген қонақтан үйренгенмін. «Ауылдың алты ауызы» деген бар ғой, үйге мейман келсе, халық әндері, жыр-терме айтылатын. Содан естігендерімнің бәрін домбыраға салып, айта беретінмін. Сөйтіп жүріп, кейін гармошка тартуды үйрендім. Содан соң гитараға қызығушылығым артып, оны да меңгердім. Одан бөлек, үйде кішкентай ойыншық пианином бар болатын, соны бір саусақпен ойнап, әуенге келтіретінмін. Міне,  музыкалық  аспаптарға  деген осындай  қызығушылығым мені өнер әлеміне  жетеледі. Сөйтіп, бала арманымды жоғары оқу орында теориялық біліммен ұштастырып, кәсіби тұрғыда музыкант атандым.

–Ең алғашқы әніңіз  есіңізде шығар…

–Ең алғашқы әнім бір інімнің ғашық қызына арналған болатын. Ол кезде 10-сыныпта оқимын. Алғашқы махаббаттың тәтті шырмауына іліккен інім қызына айта алмай жүрген сезімін әнмен жеткізгісі келіп, менен көмек сұрады. Сөзін де, әнін де өзім жазып, әп-әдемі дүние шыққан еді. Бірақ, өзім ұмытып қалыппын. Қазір інімнің сыныптастары кездескен жерде «Аға, сіз мына әнді білесіз бе?..» деп айтып береді. Одан кейін иститутта оқып жүргенімде курстас бір досымның ғашық болып, қолы жетпей қалған қызына арнап ән жазып бердім. Батыс жақтың жігіті еді. Шымкенттің сұлуын сырттай сүйіп, сезімін жеткізе алмай жүргенінде басқа біреу алып қашып кетіп, өзегін өртеген өкінішін шумақтатып, өлеңмен өрнектепті. Мен оған ән жаздым. «Бүгін, сәулем, мен өзгеше күйікпін…» деп басталатын. Досым  басқаға бұйырған сүйіктісіне әнді қалайда жолын тауып, айтып беріді. Оны естіген қыз күйеуінен ажыраса жаздап, көтерілген шаңырақты шайқалтпайық деп тоқтам салған болатынбыз. Бұл да әннің құдіреті. Қазір «МузАРТ» тобының орындауымен көпке таныс «Рахмет саған, туған ел» деген әнім бар. Сөзін Нарша ағамыз жазған. Осы әнді Астанада өткен бір үлкен концертте орындап, шет мемлекеттерден  келген  өкілдер  тамсана тыңдаған. Әсіресе,  арабтар мен немістер концерттен кейін бізге жақындап:  «Біз сөзін түсінген жоқпыз. Бірақ, ән жанымызға жағымды тиді. Аудармашыға әннің сөзін   аудартқанымызда тіпті әсерленіп кеттік», —  деп бізбен бірге суретке түсіп, елдеріне барғанда газетке жазатындарын айтып кеткен. Сондай-ақ,  сол жиында бір әйел қасыма келіп, осы ән өмірін сақтап қалғанын айтып, мұңын шақты. Әлгі әйелдің  әлеуметтік жағдайы әбден әлсіреп, бала-шағасын асырай алмай, күйзеліске түсіп, өзіне қол салуға оқталады. Содан балаларын Үкіметтің қарауына  тапсырып, өзі өмірмен қоштаспақ болып, терезеден секіруге бекінеді. Сол сәтте қосулы тұрған теледидардан «МузАРТ»-тың  орындауында осы ән беріледі ғой. Жаны жабығып, өмірден түңілген келіншектің көңіліне ән ерекше әсер етіп, тәубесіне түседі.

Әсіресе, әннің

«Қасиеттім, киелім,

Жаралған сенен сүйегім.

Арқардай ауып жүргенде,

Арқамды саған сүйедім,

Рахмет саған, туған ел!» деген тұстары айрықша есінде қалыпты. Көңілін мұң басса, әлгі келіншек  осы жолдарды  айтып шүкірлік етеді екен.

Бірде американдық қазақтың «Рахмет саған, туған ел» әнін тыңдап, өз елімде жүргендей сезініп, көзіме жас келді. Осы әнді жазған авторларға, орындаушыларға рахмет» деп жазған хатын оқып, марқайғанымыз бар.

Нарша ағамның өлеңіне жазылған тағы бір «Жақсылық жаса адамға» деген әнімді Мейіржан Самылтыров екеуіміз Алматыға барып, таспаға бастық. Дайын болғасын өзімізден бұрын осындағы жігіттерге «тыңдап көріңдер» деп салып жібердік. Содан әкімшілік қызметтерде жүрген бір таныс жігіт әнді  тыңдап, өмірдің мәнін түсініп, қоғамға деген көзқарасын түбегейлі өзгерткен.

«Жақсылық жаса, сыйла адамды тік тұрып,

Өмір мәні сол екенін ұқтырып.

Бар кезде де, тар кезде де тарылма!

Өзгермеудің өзі, білсең, мықтылық» деп келетін әнді тыңдап, әлгі жігіт кабинетіне кірген адамға бұрынғыдай немқұрайлы қарамай, орнынан тұрып, қарсы алып, көңіл бөлетін болыпты. Барлық адамға бірдей сый-құрмет қарауға бейімделіпті. Міне, біреудің жанын ажалдан арашалап, енді бір кісінің дүниеге деген пайымын өзгертіп, алыстағы ағайынға туған елдің қадір-қасиетін жеткізген әннің құдіреті – осы.

–Иә, түсінген жанға әннің құдіреті, сахнаның киесі бар. Алайда, осы күнгі кейбір әншілер арзанқол дүниелерге жүгіріп, өнердің қадірін қашырып жатқан секілді?    

–Дұрыс айтасыз, қазір көп орындаушылар тойдың әнін сұрайды. Себебі, ойнақы, жылдам айтылатын ән жеңіл болғандықтан тез таралады. Бірақ, тез таралған нәрсенің ғұмыры қысқа болатынын да ескеру керек. Шоу бизнес дегенің өнердің құнын құлдыратып барады. Орындаушы тез танылуға жол ашатын жеңіл әнді сатып алады да жиын-тойда орындап, жұртты сахнаға биге шақырады. Сөйте-сөйте киелі сахнаны жын-ойнаққа айналдырып барамыз. Оны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Сахнаға  мұндай айқай-шу мәтініндегі ән  емес, салмақты, салиқалы өнер шығуы  керек. Түсінем, егер балет, ұлттық би сахна төрінен көрініп жатса, жарасымды. Баяғыда гитлер айтқан екен «Азияны жаулау үшін даң-дұң еткен мағынасыз музыканы жұрттың арасында таратып  жібер, өздері-ақ санасы сарсаңға түсіп, түпкі түйсігінен айырылады» деп. Өз құлағыммен теледидардан америкалық профессордың «Бір елді жаулап алу үшін соғыс ашудың қажеті жоқ. Ол елге шоу бизнесті кіргізіп жібер, сонда елдің   қасиеті  қалмайды. Отанға деген патриотизм жоғалады. Сосын ол халықты қалай айдасаң, солай кете береді» дегенін. Рас қой, шоу бизнестің жетегіне ерсек, біткеніміз. Осы шоу бизнестің кесірінен ақша сананы билеп барады. Қанша талантты болсаң да қолыңда ақшаң, танысың  болмаса, ешкім сені елеп-ескермейді, бағаламайды, тіпті сыйламайды да. Әншейін бетіңе күліп қарар, бірақ шын жанашырлықты ол адамнан күте алмайсың. Осының салдарынан өнер байқауларында да көбіне әділдік салтанат құра бермейді. Өткенде бір кісіден естіп едім «Әділ қазылар деген тіркестегі «әділ» сөзін қолданбау керек. Себебі, қазылардың әділ шешім жасағанына көз жете ме?!» дегенін.

Тағы бір іш қынжылатыны, шоу бизнестің салдарынан орындаушылар әнді сатып алып, жекеменшігіндей қарайтын деңгейге жетті. Айналайын-ау, өнер халықтікі емес пе? Қазір әншілер бар жиын-тойға тек теңге үшін  баратын. Бұлайша  өнерді саудаға салсақ, халықтың қазынасын талан-тараж еткеніміз емес пе? Соның салдарынан қазір мән-мағынасы жоқ әндерді орындаушылар көбейді. Бет-ауызын бояп алып, жалба-жұлба киініп, сахнада ұшып-қонып, «жұлдыз» атанушылардың қатары артты. Бұған өзіміз жол беріп қойып отырмыз. Бір-екі рет «сүйем-күйем» деген әнімен сахнаға шықса болды,   «ойбай, – ол  жұлдыз» деп  әспеттеп, көкке көтеріміз. Міне, ең ақсап тұрған тұсымыз осы.

–Өзіңіз ән сатып көрдіңіз бе?

–Жоқ, мен ешкімге ән сатқан емеспін. Сатпаймын да, оған арым жібермейді. Әрине, пенде болған соң тұрмыстық қажеттілік кейде қаржыға тірелгенде, ақшаға қызығасың. Бірақ,  еңбегімді сатуым мүмкін, ал өнерді қолдың кірі – ақшаға айырбастай алмаймын.

–Ән жазарда сазгер өзінше толғанады, өлең туарда ақын басқаша күй кешеді. Екеуінің алуан түрлі сезімінен туған туынды қалай бір-бірімен үндесіп, үйлесім табады?  Жалпы  негізі ән өлеңге жазыла ма, әлде өлең жолдарына қарай  ән  туады ма?

–Дұрыс, екі адамның жан дүниесінен шыққан шығарма екі бөлек. Мен  шығарған әніме өлеңді мағынасына қарай таңдаймын. Кейбір ырғаққа сыймай тұрған сөздерін ақынмен келісе отырып, сәл өзгертемін. Себебі, ақын ішкі сезімін сөзбен жеткізеді. Ал, сөзі жоқ әнді түсіну сәл қиындау. Оның айтпағын әуен ырғағынан ұғыну түйсікпен жүзеге асады.

Өнер иесі де, оны қабылдаушы қалың көпшілік те талғамды төмендетпей, ортақ құндылықтарды қадірлеп, әрнеге биік парасатпен қараса, біз ештеңеден ұтылмаймыз. Жатқа жем болмаймыз. Өнер — бабалардан қалған асыл мұра. Оны біз де өз кезегімізде қастерлеп, кейінгі ұрпаққа өз дәрежесін сақтап қалдыруға тиістіміз.

–Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.