Қоғамға пайдам тисін десең, еңбек ет

625

ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты еңбегінде: «Мен еңбек адамына, өз ісінің білгіріне арналған әлеуметтік бағыттағы отандық мәдени өнімдер (кино, кітаптар, театр қойылымдары, телебағдарламалар) үлесінің жеткіліксіз екендігіне шығармашылық интеллигенцияның назарын айрықша аударғым келеді», — деген еді.

«Адамды адам еткен, еңбек» десек, қоғамдық қатынастар өзгерген қазіргі кезде еңбек адамы деп кімді бағалаймыз? Менің ойымша, бүгінгі заманда еңбек адамы дегеніміз, ең алдымен, таза жұмыс істейтін адам. Өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін адамды еңбек адамы деп есептеуге болады. Ол — дихан бола ма, ол — малшы бола ма, ол — жазушы бола ма, ол — өнер адамы бола ма, актер бола ма, бәрібір. Бастысы маңдай терін салып жұмыс істеуі керек.

Ал темір тордың ар жағына тоғытылғандарды осы санатқа жатқыза аламыз ба? Міне, сұрақ! Жалпы, еңбек дегеніміз қозғалыс емес пе? «Қыбырлаған бит те еңбек». Құмырсқа — тірлік. Ал қоқыстардан нәпақасын тауып жеп жүрген жандар еңбексіз болғаны ма? Жо-жоқ. Демек, денеден күш-қуат шығарып тырбанған жанның бәрінің істегені еңбек. Ал бүгінгі ұғымда тапқан пайдасынан мемлекетке салық төлейтіндер ғана еңбек адамы болса керек. Басқа тірлік иелері еңбек адамына жатпайды ма сонда? Осы тұрғыдан келгенде еңбек адамы қолына кетпен ұстаған диханнан бастап анау биіктегі басшыға дейінгі жұмысшы-қызметкерлер емес пе? Демек, жазасын өтеушілер де белгілі бір деңгейде еңбек адамы саналатын секілді. Тек, олардың өзгелердің «артықшылығы» сотталғандығын да.

Бүгінде әрбір жазасын өтеуші азаматтардың бостандықта жайбарақат өмір сүретін жандардан психологиясы да, ұстанымы да өзгерек. Бірі істеген ісіне өкініп, уақытын босқа өткізсе, бірі түзелу жолында барын салады. Дәл осы тұста оларға тек еңбек қана қол ұшын созады. Мәселен, жұмыспен қамтамасыз етілген жазасын өтеушілер жұмыссыз жүрген сотталғандарға қарағанда, түзеу жолына ертерек түсуге бейімделеді. Себебі, еңбек барысында сотталғандардың санасы сергіп, үміт сезімі оянары анық.

Қазіргі таңда Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД 158/4 мекемесінде еңбегімен көзге түсіп, жақсы қырынан танылып үлгерген жазасын өтеушілер жетерлік. Оларға мекеме басшылығы барлық мүмкіндіктерді қарастырып, төлем ақы және мамандық алатын мүмкіндіктер туғызып, соттың үкімі бойынша талабы бар сотталған азаматқа қарыздарын өтеуге жақсы жағдай ұйымдастыруда. «Еңбек деген байлық бар ерінбеген жететін, жоқшылық деген жебірді жермен жексен ететін», демекші, өз кезегінде, олар да (сотталғандар) мүмкіндікті мүлт жібермей, қоғамға пайдалы азамат болу үшін жан-тәнімен еңбек етіп жатыр.

Сөз соңында еңбек адамы кім деген сұраққа қайта оралсақ. Бұл сұраққа жауап беру үшін қысқаша былай дер едім: еңбек адамының қандай болу керектігін анықтау үшін халық арасында сауалнама жүргіздің қажеті жоқ. Еңбек адамы қай қоғамда да, қай мекемеде де (мейлі, ол түзету мекемесі делік) болған, бола береді де. Мәселе сондай жандарды тап басып танып, қоғамға қажетті кәсіби маман ретінде қалыптастыруда ғой.

Маржан Сағындықова,

ЖД-158/4 мекемесінің сотталғандар еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің бастығы,

әділет капитаны

Leave A Reply

Your email address will not be published.