ЖАҢА ТҰРПАТТАҒЫ ӘДЕБИЕТ – ЖАН ҚАЛАУЫ

1 209

Несіпбек Дәутайұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінің бас жеңімпазы, халықаралық «Рух» әдеби бәйгесінің Гран-При иегері, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы және Жазушылардың халықаралық ПЕН-клубының мүшесі, Халықаралық Еуразия жазушылары қауымдастығының Құрметті мүшесі .

– Аға, сіз әуелі бәрін журналистикадан бастағансыз ғой. Очерктеріңіз, публицистикаларыңыз жергілікті, республикалық газеттерде басылып жатты. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш» газетінде арнайы конкурста «Қызыл алма») атты очеркіңіз бәйге алғаннан кейін, жастар газетінің Жамбыл, Шымкент, Қызылорда облыстарындағы меншікті тілшісі қызметіне шақырғанда, бармапсыз. Өткен ғасырдың соңына қарай «Егемен Қазақстан» газетінің Қырғызстандағы меншікті тілшісі болып қабылдандыңыз. Сонда осы газетке бірде-бір мақала жазбапсыз. Журналистиканы жайына қалдырғыңыз келгендіктен бе?

– Бұл кез әдебиетке көңіл ауған. «Құдырет пен қасырет» романы жазылып жатты. «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, ертеден етене жақын, қазіргі М.Әуезов атындағы әдебиет пен өнер институтының директоры, академик Қалижан Уалиханның азаматтығын ұмытуым мүмкін емес. «Мақала жазбасаң жазба, романыңды аяқта» деп айлығымды тұрақты беріп тұрды.

– Кей-кейде жастар жағы сіз туралы «Журналистиканы неге қатар алып жүре бермеген?» деп айтып жатады. Олар публицистикалық «Ойынды еті он бөлек» кітабыңызбен өте жақсы таныс. Сондағы еңбектеріңізден диплом жазып, қорғағандар бар.

– Қабілетім бәріне жетеді екен деп өзіңді өзің көрінген көкпарға сала беруге болмайды. Жаныңа ең жақынын оңдырып ал. Ал, ол мен үшін әдебиет екенін ұқтым. Рас, журналистика да – өнер. Шын мәнінде журналистік табиғи қабілеті барларға. Не десек те, журналистика әдебиет емес. Ол адам, қоғам, заманның көз алдыңда жүріп жататын қилы-қилы оқиғаларынан ақпарат беруші. Ал, әдебиет аса күрделі процесс: адам жанының жұмбағы мен құпияларын, түгелдей алғанда жарық дүниедегі жақсылық пен жамандықты, әр кезеңдегі қоғам болмысының қым-қуыт құбылыстарын, асқақ армандар мен биік мұраттарды, ғұмыр кешудің мәнін, азабың мен шеріңді тереңнен танып, тарқатып көркем зерттеуге қабілетті, өнер атаулының өрелі биігі. Өзіңді өзің талап тастайтын, өзіңді өзің өзге тірліктерден оқшаулап жіберетін қатал да жанкешті тірлік. Ұлы Жаратушы берген азды-көпті таланттың тағдыры. Өз таңдауым.

– Жас әдебиетші Мөлдір Ғарифолла­қызы: «Нені жазса да ақиқаттан аспай, шындықтан шығандамай жазатын, образ даралауда, шығарма түзуде бүгінгі қазақ прозасын жаңа деңгейге көтерді» деп жазса, мерейтойыңызда шығармашылығыңыз туралы баяндама жасаған талантты жазушы Жүсіпбек Қорғасбек: Несіпбек Дәутайұлының есімі ұмытылып кетсе де, қазақ әдебиетінің әлеміне ол әкелген «Айғыркісі» образы ешқашан ұмтылмайды. Оған, яғни «Айғыркісіге» ескерткіш қою керектігін еске салды. Өткенде, Астанада теледидарда жастармен кездесуінде классик жазушымыз Төлен Әбдіков: «Қазіргі заманның қазақ прозасы дегенде, Несіпбек Дәутайұлының «Ақ күшік» повесін оқыңдар», деп айрықша астын сызып айтты. Осы шығарма бойынша кино түсіру мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, киногер Сатыбалды Нарымбетов сценарий жазуды қолға алғанын да естідік. Өткен жылы елімізде тұңғыш өткізілген «Рух» әдеби конкурсының проза номинициясында «Тағдыр» атты әңгімеңіз бас бәйге –Гран-Приді жеңіп алды. Мұның бәрін тізбелеп жатқаным, біздерді тамсандыратын тосын шығармаларыңызбен жасап жатқан басты бағыт, арман-мұратыңыз неде?

– Әдебиетіміздің жаңа тұрпаты. Қазақ әдебиетінің тарихи көшінде көркемдік тұрғанда кедір-бұдырлары кездескенімен бірте-бірте кемелдене түскен, кеңістігі кеңейген кезеңдерден өтті. Бірақ, қызыл идеологияның қыспағымен соның дегенінен шыға алмай, сойылын соғып, талай-талай тарландарымыздың ақиқатты айтар армандары адыра қалды. Ой мен сөздің бостандығы жоқ жерде жасалған әдебиеттің мына тәуелсіз заманның ұрпағының сұранымын қанағаттандыра алмайтыны заңдылық. Басқаша айтқанда кешегі жазылғандардың көбісі, қанша жерден алтынмен аптап, күміспен күптесек те, ескіре бастады. Өмірдің барлық саласында, соның ішінде әдебиетте де әлемдік айналымға емін-еркін кіріп алған тәуелсіз еліміздің бүгінгі оқырмандарына төрткүл дүниенің төрт құбыласына түгел жетіп жататын, өзгені де өзіне қарата алатын өркениеттің жаңа тұрпаттағы әдебиеті. ХХІ ғасырда тек ұлттық бояудың шеңберінде қалу ретсіз. Әдебиет тек ұлттық негізде қала беретін айтыс емес. Ол дүниеге адамның дүниетанымына көркем ізденістердің концептуалдық жетістігімен барып жетіп, өзінің бәсекеге лайық екенін дәлелдейтін рухани мүмкіндік. Бұл, әрине, айттық, болдының әңгімесіне келмейді. Таланттардың танымымен тау бұзып, тас жара алатын ауыр жол. Ондайлар бүгінгі әдебиетімізде, құдайға шүкір, бар.

– Сіздің шығармаларыңызда сананы оятудың ұлттық әдебиетімізде көп кездесе қоймайтын тәсілдері көбірек кездесіп отыратынын жас сыншылар көп айтады. Бір мысал, жас әдебиеттанушы Анар Қабдуллина өзіңіз туралы «Жан дағдарысын жазатын суреткер» деген мақаласында: «Несіпбек Дәутайұлы тілді, терең де шебер суреткер. Ұлттық пост-модернизмнің жазушы Несіпбек Дәутайұлының шығармаларынан бастау алатынын осы жолы қаламгер шығармашылығымен таныса келе, қатты сезіндім» деп жазыпты. Сіз қолданатын тәсілдерді айтыңызшы…

– Стильдік әлгі тәсілдер әуелде әр кезеңдегі философтардың әртүрлі пайымдары арқылы әдебиетке келіп енген. Шығарманың концептуалдық жетістігіне жету жолында ақиқат өмірмен қиюын, қисынын келтіретін магиялық, мистикалық, сюрреализмдік, мифтік тәсілдер жазушының бүгіннен келесі күндерге қарай озып отыратын ойынан туып отырады. Мақсат тәсілдерді ойнату арқылы оқырманның бәріне көндіккен, көнбіс тартқан көңіл-күйін бұзып жіберуде. Сонда оның жан дүниесіндегі өмірге деген іңкәрлік, ынтызарлық сезімдерінің жайбарақат жатып қалған жаңартулары оқыс оянады. Әдебиеттің керек жері де – осында. Әсіресе, жастар үшін. Олардың өмір мен өлім, ақ пен қараның арасында қилы құбылыстарды ертерек танып-білуге ықпал етеді.

– Жамбылдық жас қаламгерге қамқорлығыңыз жайлы көп айтылады.

– Қамқорлық дегенде оларға өлең жазып беріп жүргенім жоқ. Олар тезек тергендей ұйқас теретін өлеңші-әуесқойларға жатпайды, мәртебелі поэзияның үкілі үміт өкілдері: Хамит Есаман, Тұрсынбек Сұлтанбеков, Табиғат Абайлдаев, Нұржан Қадырәлі, Данияр Әлімқұл, Арайлым Жақсылық, Жанғазы Ахмет, Наурызбек Саршаев… Жазғандары республиканың басылымдарында жарияланып, танылып қалғандар. Еліміздің төрт құбыласында өтіп жататын мүшәйралардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Олармен бас қосуымызды немесе жеке әңгімелерде ел мен жер, азаматтық ар-намыс, тарихи таным, адалдық, озғанға қуанып үйрену, кесір-кесапаттан бойды аулақ ұстау және басқа кісілік пен түсініктің бастау көзі мен барар жері жайлы баянды әңгімелермен пікір алысып отырамыз. Облыстың орталық кітапханасы жанынан құрылған «Қайран жастық» әдеби клубына топтасқан жігіттер мақтауға зәру, ұшпа жүректен аулақ. Облыс билігі жергілікті қаламгерлерді қолдауға арнап бөлетін қаржы есебінен болары болып, бояуы сіңген, барар жер, басар тауларының ар жағы да, бер жағы да бұлыңғыр, аты мен заты ауыл-аймақтан алыс ұзап шықпағандардың жазбаларын кітап етіп шығарудан бұрын, болашағы зор жастардың қалта кітаптарын жеке-жеке шығарып берсе, біздің жиі айтатын: «Болашағымыз – жастар» деген ұранымызға дәлелді жауап болар еді.

– Айтпақшы, ақын Хамит Есаман Жазушылар одағының Жамбыл облысындағы филиалына директор болды ғой.

– Жасты жетелеп емес, жебеп жүру керек. Әуелі Хамитты Одаққа мүшелікке ұсындым. Өтті. Соңғы съезд қарсаңында Одақтың басқарма мүшесіне ұсындым. Өтті. «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысы бойынша тілшісі қызметіне ұсындым. Қабылданды. Жазушылар Одағы Жамбыл облысы филиалының директорлығына ұсындым. Тағайындалды. «Ағасы бардың жағасы бар» деген әңгіме, бұл.

– Жазушы кімнен нені үйренеді?

– Жақсы үлгілерді жоққа шығаруға болмайды. Ал, оларды көшіру немесе ұқсатып жазу – плагиат. Ең басты мектебің – жаратылыс. Таудың биіктігі, судың тереңдігі мен ағысы, желдің екпіні, күннің шығысы мен батысы, сағым мен тұманы, нөсері мен құйыны болып кете беретін табиғи таңғажайып құбылыстар. Бойымызда бардың бәрі жаратылыстың өзіне жан-жақты ұқсас. Осылардың тәрбиесінен шығатын көркем әдебиет – түйсіктің туындысы. Кейіпкерім шығарманың табиғатына қарай өз ой-қиялымда таңдалады. Образдары оқиға желісіндегі атқарар рөлдеріне қарай дараланады. Диалогтарым арқылы бір-біріне ұқсамайтын әрқайсысының жан дүниесі, мінез-құлқы, пейіл-ниеті, психологиялық ерекшеліктері көрініс табады. Бұл өзі табиғи туа бітетін әдеби конструкторлық қабілетке байланысты ма, кім білсін. Сосын, шығарманы жазу үстінде өзіңде бұрын-соңды болып көрмеген, ойлардың оқыс келіп жататыны рас. Демек, шығармасы жазушының өзін де байытып отырады.

– Қоғамымызға көңіліңіз тола ма?

– Ол өзіміз, әрқайсысымыз ғой. Әрқайсысымыздың әрекеттеріміз, пайым-парасатымыз, ойлау жүйеміз, ар-ұятымыз, абырой намысымыздың жиынтығы. Жұрт осы ақиқатты көбіне айналып өтіп жатады. Кез келген қисық, қыңыр, кесір-кесапаттарды қоғамнан көреді. Оның ар жағында қоғамның, біздің әрқайсысымыздың болашағымызға тиесілі ең басты жауапкершілікті өзіне алған, барар жолымызды айқындап, ынтымақ-бірлігімізді, тыныштығымызды, мемлекеттік мерекемізді ескеріп отырған билікке де тас атады. Пайымдауымыз әлсіз. Сана саяз. Саралаудағы танымдық тұрғыда тереңдіктің тегеуріні пәрменсіз. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырту» атты бағдарламалық мақаласында сананы дамытудың астын сызып айтуы тегін бе?. Заман кілт өзгерді. Жаңа дәуірдің бас бермейтін әлемдік айналымы алдан шықты. Мұндайда билік пен бұқараның бірлігі –биліктілікте екенін, осы екеуінің бір-бірінің қадіріне қатар жетіп отырудың кезеңі келді. Дәл бүгініміз үшін жаңғырудың ең басты құндылығы – әуелі елдік Ес! Жаппай саналық жаңару. Бітер істің басына біліктінің келуі. Осы таяуда келген жаңа биліктің пәрменімен облыстың барлық саласында ес жиды жұрт. Бұқара оны көріп отыр. Көзіміз ашылды, деп отыр. Көңіл жайланды, деп отыр. Істің қиюын келтіре білетін іскер басшылыққа қолымыз жетті, деп отыр. Сендер, БАҚ өкілдері, міне, осыны танып, талдап жаза алуларың керек. Біздің қоғамға жоғарыда айттым, дәл қазір билік пен бұқараның бірлескен биліктілігінің өте қажеттілігі облыста айқын көрініп отырғанда, одан көз жазбау ләзім. Бұл журналистиканың бүгінгі басты тақырыбы. Ендеше, билік пен бұқараның арасындағы кеңістіктің ашық аспанына қол жеткізіп, екі жақтың ақиқатын айқын көріп отыруына адал қызмет ету – ақпарат құралдарының асқан жауапкершілігіне жататынын айтпай болмайды.

– Алғаш рет өткізілген халықаралық «Рух» әдеби конкурсында жүлдені кілең аға буын өкілдері алды. Жастарға бір мезгіл жол беруге қалай қарайсыз?

– «Рух» бәйгесінің жас-кәрі деген шарты жоқ. Ол Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қытай, Украина, Моңғолиядан, жалпы саны 899 ақын-жазушы қатысқан халықаралық конкурс. Бәйгені, «Е, мынау жас қой», деп бермейді. Аламанда озған алады. Жүлдеге ілінген жастар аз болған жоқ. Алды Гран-при және бірінші орынға қол жеткізді. Араларында шетелдің ақын- жазушылары да болды. Ал, аға буын дегенде, Тынымбай Нұрмағанбеттен оза шаба алатын жастар түгілі қазақтың қай жазушысы бар. Жастар бәйгеден дәметудің орнына, жақсы жаза алуға жетіп алуы керек. Бәйгені жас едік, деп жылап та, жалынып сұрап та ала алмайды.

– Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғаныңызда, алмай қалуыңызға не себеп болды?

– Менің 2 томдық кітабым ұсынылғанда, барып-барып ала алмай қалғанын біреулер «Айғыркісі» деген атауынан, енді біреулер рулық айтыс-тартыстан көреді. Оның қайсысы рас, жалпы рас па, оны мен білмеймін. Жеріне жеткізе алмаған немесе бұйырмаған шығар. Өкінетін дәнеңесі жоқ. Мемлекеттік сыйлық алғандардың талайының жазғандарына қарағанда, менің кітаптарым көбірек оқылып жатыр ғой. Одан артық не керек.

– Қазақ ақын-жазушылары арасынан кімдердің шығармаларын оқисыз?

– Кітап оқи бермеймін, қазір. Құлазыған сәттерімде ғана аздаған көрнекті ақын-жазушыларымыздың бұрынырақ түгел оқыған кітаптарын парақтап қоятыным бар.

– Танымалдылыққа қалай қарай­сыз? Шығармашылығыңыз арқылы республика­ға кеңінен танымал болғандардың бірісіз. Несіпбек Дәутайұлы десе, елеңдемейтін оқырман жоқ. Жақында облы­сымыз­ға Ұлттық арнадан келген «Мәселе» бағдар­лама­сының тілшісі Гүлжазира Ғалиқызы әкім­дік­тің баспасөз орталығына келе сала, күтпеген жерден Айғыркісі қайда деп сұрапты. Өз есіміңізбен емес, шығармаңыздың атымен. Бұл оқырман­да­ры­ңыз­дың жазғандарыңызды оқып отыратындығынан. Наурызбек Саршаев ініміз айтады. Астанада «Рух» бәйгесінен Гран-при алғанда қаумалаған жас жазушылардың бірі «Сізді тірідей көргені­міз­ге бақыттымын» деп жар салыпты алқалы топтың алдында. Бұларға қоса әдебиеттің айналасындағы ханшалар Қарлыға Ибрагимова, Гүлзинат Бектас, Әлия Дәулетбаева және басқалары өзіңізден үлкен басылымдарға жиі-жиі сұхбат алып, арнау өлеңдерін жазып жатады. Бұл енді танымалдылық емей немене?

– Онымен ісім бола бермейді. Оны қуғандар бірте-бірте азғындап, барынан айырылып қалады. Оқырман өздері іздеп тауып жатса, оның жөні бөлек. Реті келген соң, айта кетсем, Астанадағы республикалық Ұлттық кітапханада «Қазыналы қайнар» деген атпен оқырманмен кездесу кешім өтті. Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетінде филология және журналистика факультеттерінде әдебиет теориясы бойынша менің әңгімелерім туралы дәріс оқылады. Астанадағы Өнер Академиясының студенттері менімен кездесу туралы өтініштерін талантты жазушы-драматург, сол оқу орнының оқытушысы Роза Мұқанова арқылы жеткізді. Жақында «Қазақфильмнің» арнайы өкілі келіп, менің «Ақ күшік» повесім бойынша көркем фильм түсіру жөнінде ұсыныс жасап кетті. Сценариін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов қолға алған. Кейбір шығармаларымды Алматы жоғары оқу орнындағы әдебиетшілер өздерінің кандидаттық, докторлық диссертациясында пайдаланып жүр. Сонда бұлар атақ па? Біреулер үшін солай да болар, ал мен үшін оқырманның сұранымына лайық болғаным.

– Қазір не жазып жүрсіз?

– Жазып жүргенім жоқ. Қашан, нені, қалай жазатынымды білген күні, көрерміз. Түркияда «Жол» деп аталатын кітабым түрік тілінде жарық көрді. Астанадағы «Фолиант» баспасы «Кісі иесі» деген кітабымды арнайы сұратып алып, баспаға өткізіп қойды. Күзге қарай қолға тиеді.

– Жастарға не айтасыз?

– Мен соларға сенемін… Бізден озғанын ойлаймын. Әдебиетіміздің жаңа тұрпатын жасай алатын қуатты ағысқа айналғандарын көксеймін. Солай етпесек, жастарымыздан өзге кіміміз бар!

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ar-ay.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.