Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №67 мекемесінде Абай Құнанбайұлының туған күніне орай жазасын өтеп жатқан сотталғандар арасында «Абай әлеміне саяхат» атты танымдық іс-шара өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, сотталғандардың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру және білімге, еңбекке, ізденіске деген қызығушылығын арттыру.
Іс-шара барысында қатысушылар бірнеше кезеңнен тұратын танымдық викторинаға қатысып, Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап берді. Қатысушылар ақынның қара сөздері, өлеңдері, аудармалары мен философиялық ойлары бойынша білімдерін сынады.
Сонымен қатар, «Абай сөзін жалғастыр», «Бес асыл іс» және «Бес дұшпан» атты танымдық ойындар ұйымдастырылды. Қатысушылар Абайдың «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» секілді адам бойындағы асыл қасиеттерді дәріптеген тағылымды ойларын еске түсіріп, ақын шығармаларынан үзінділерді жалғастырды.
Викторина барысында сотталғандар белсенділік танытып, Абай мұрасын жақсы меңгергендерін көрсетті. Іс-шара соңында белсенді қатысушылар атап өтіліп, жеңімпаз командалар марапатталды.

Мұндай рухани-танымдық іс-шаралар сотталғандардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, олардың бойында білімге құштарлықты, адамгершілік пен жауапкершілікті қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге ықпал етеді.
Абайдың даналығы – ұлттың рухани қазынасы. Оның білімге, еңбекке, адамгершілікке үндеген өсиеттері бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ.