Қазақстандықтар Freedom Bank картасындағы ақшаларының жоқ боп кеткенін байқады. Кейбірі тіпті қаржысы минусқа кіріп кеткенін айтады. Олар жаппай шағымын желіде жазып, банктен мәселені шешуді талап етті.
Қазақстандық тұрғын Freedom Bank картасы арқылы азық-түлік алатынын айтады. Сол үшін барлық қаржысын емес, күнделікті шығынқа кететін ақша тұратынын жазды.
“Бүгін таңертең дүкенге барып, сүт сатып алдым. Сатып алғаннан кейін картамда шамамен 1400 теңге қалды. Бір сағаттан кейін қолданбаға кіріп, минус болып кеткенін көрдім. Осылайша шотымда -8000 теңге деп тұр. Бұл қалай болғаны? Карта арқылы онлайн сауда жасауға болмайды. Карта ешқандай күмәнді веб-сайттарға немесе қызметтерге байланыстырылмаған”, – деді ол.
Ал Мейрамбек Амангелдіұлы есімді қолданушының шоты -36 мың теңге болып кетіпті. Ол мұндай жағдай екінші рет қайталанып жатқанын мәлімдеді.

Әлішер Омардың 180 мың теңгесі жоғалып кеткен.
“326 мың теңгенің орнына шотта 146 мың теңге қалды. Қолдау бөліміне жазса, төлем екі рет жасалып кетті дейді. Ал бүгін ипотека мен несие төлейтін күнім еді. Банк бәрін тезірек шешеді деп үміттенемін. Өте жағымсыз жағдай”, – деді Омар.
Тағы бір қолданушы депозиттегі ақшаның да жоғалып кеткеніне наразы. Оның да шоты -13 мың теңге болды.

Freedom Bank Директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов банктің ішкі және халықаралық интеграция процестері күрделі екенін айтады.
“Егер картаңыздың балансы ауытқып, минусқа кетсе, бәрі жақын арада түзетіледі. Өкінішке қарай, кейде серіктестеріміздің тарапынан бірдеңе бұзылып қалады. Бізге бәрі жақын арада түзетіледі деп уәде берілді. Командамыз процесті күтіп, бақылап отыр. Дұрыс файлды алғаннан кейін барлығы қалпына келеді”, – деді Жұмағұлов.
Freedom Bank баспасөз қызметі мәселені шешіп жатқанын мәлімдеді. Сөздерінше, қате көрсетіліп тұрған ақша тиісті мәнге келтіріледі.
Freedom Bank — Freedom Holding Corp. құрамындағы компания. Холдингтің негізін қалаушы әрі негізгі тұлғасы — Тимур Турлов.
Stan.kz
Фото: ЖИ