Қазақстан мектептерінде оқу бағдарламалары жаңартылып, жасанды интеллектке қатысты жаңа бөлімдер енгізіледі. Сонымен қатар бірқатар пәндердің атауы өзгеріп, олардың мазмұны толықтырылады.
Оқу бағдарламаларын жаңарту жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Республикалық педагогтердің тамыз конференциясында берген тапсырмасы аясында кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Оның мақсаты – оқушыларды жасанды интеллект кеңінен қолданылатын жаңа заман талаптарына бейімдеу.
Бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін 2025 жылдың қарашасында «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданып, 2026 жылдың мамырында Президенттің орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу туралы Жарлығы күшіне енді.
Жаңартылған мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкес, 1–4 сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5–11 сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» деп аталады.
Өзгерістер тек пән атауларымен шектелмейді. Оқу бағдарламаларына жасанды интеллектке қатысты жаңа бөлімдер енгізіліп, барлығы 43 жаңа оқу мақсаты қамтылды.
Бастауыш сынып оқушылары жасанды интеллекттің қарапайым мүмкіндіктерімен, цифрлық қауіпсіздік және жеке деректерді қорғау негіздерімен танысады. Орта буында оқушылар жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану, сауатты сұраныс құрастыру, алынған нәтижелерді сыни бағалау және академиялық адалдық қағидаларын сақтау дағдыларын меңгереді. Ал жоғары сыныптарда машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздері оқытылады.
Жаңартылған оқу бағдарламалары өткен оқу жылында сынақтан сәтті өтіп, сарапшылардың оң қорытындысын алған. Қазір оларды бекіту рәсімі жүргізіліп жатыр.
Фото: ашық дереккөз