Ел тыныштығының күзетінде жүрген жандар марапатталды

63
Қазақстан полициясы күніне орай аудандық мәдениет үйінде салтанатты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесіне арналған жиынға құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сала ардагерлері және қоғам белсенділері қатысты.
Мерекелік шара барысында аудан әкімі Жалғас Мұртаза құқық қорғау саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудағы жауапты еңбектеріне жоғары баға берді. Сондай-ақ қызметтік міндеттерін адал атқарып жүрген бірқатар қызметкерлерге аудан әкімінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарын табыстады.
Өз кезегінде аудандық мәслихат төрағасы Зиядхан Бүрлібаев полиция қызметкерлерінің қоғамдағы маңызды рөліне тоқталып, олардың халық алдындағы жауапкершілігі мен еңбегін атап өтті. Ол да үздік қызметкерлерді марапаттап, ізгі тілегін жеткізді.
Мерекелік жиында аудан прокуроры Ілияс Тойшыбеков пен аудандық полиция бөлімінің бастығы Сәбит Мамытбеков сөз сөйлеп, қоғамдық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету жолындағы қызметтердің маңыздылығын атап өтті. Олар сала қызметкерлеріне алғыс білдіріп, үздік мамандарға марапаттар табыстады.
Шара аясында полиция қызметкерлерінің отбасына көрсетілген қолдаудың белгісі ретінде сала мамандарының жұбайларына арнайы гүл шоқтары тарту етілді.
Сонымен қатар қызметтік міндетін атқару барысында жарақат алып, кейін өмірден өткен полиция қызметкері Бекжан Тіленшиевтің жарқын бейнесі ерекше құрметпен еске алынды. Оның анасына құрмет көрсетіліп, ризашылық пен қолдау сөздері айтылды.
Жиын барысында қоғамдық кеңес төрағасы Рақымғазы Күниязов сөз сөйлеп, «Ішімдіксіз ауыл» жобасы аясында тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға және қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырған үндеуін жеткізді.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлерінің күнделікті қызметі мен жетістіктері кеңінен насихатталып, сала ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. Салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Қазақстан полициясы күні – ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында абыройлы қызмет атқарып жүрген тәртіп сақшыларының еңбегін ұлықтайтын маңызды мереке. Бұл күні қоғам игілігі үшін қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, олардың ерен еңбегі лайықты бағаланды.
Leave A Reply

Your email address will not be published.