Жерлес жазушымыз шәкіртақылар табыс етті

142
Уақыт, шіркін, зымырап өтеді екен. Бала күнде бізге шексіз көрінген мектеп жылдары бүгінде жүректің ең бір жылы түкпірінде сақталған қымбат естелікке айналыпты. Өмірдің сан тарау жолынан өтіп, тұрмыс құрып, есейсек те мектепке деген сағыныш ешқашан көмескіленбейді екен.
Мен үшін Тамабек ауылындағы Амангелді орта мектебі – жай ғана білім ордасы емес, балалық шағымның бесігі, арманымның бастауы. Осы қасиетті шаңырақтың табалдырығын алғаш аттаған күнім әлі күнге дейін көз алдымда. Қолымда гүл шоғы, көңілімде қуаныш пен толқу. Сол күннен басталған мектеп өмірі мені үлкен өмірге жетеледі. Сыныптастарыммен бірге өткізген қызықты күндер, асыр салып ойнаған сәттер, бірге құрған арман-мақсаттар бүгінде жүректі елжіретер тәтті естеліктерге айналды. Кейде сол бір алаңсыз балалық шаққа қайта оралғың келеді. Бірақ уақыт кері айналмайды, тек сағыныш қана жанымызда мәңгі сақталады. Әсіресе, соңғы қоңырау соғылған күн ерекше есте қалыпты. Сол кезде біз үлкен өмірге қанат қағып бара жатқанымызды түсінсек те, мектеппен қоштасудың қаншалықты ауыр екенін сезінген едік. Соңғы қоңыраудың үні әлі күнге дейін құлағымда тұрғандай.
Биылғы 25 мамыр күні өткен соңғы қоңырау мерекесі де жүрекке жылы әсер сыйлады. Мерекеге мектеп түлегі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақстаның Құрметті жазушысы» атағының иегері, жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібайұлы ағамыз арнайы келіп қатысты. Қаламгердің туған мектебіне деген сағынышы мен құрметі оның әр сөзінен сезіліп тұрды.
Жазушы ағамыз алдымен ақын Шона Смаханұлының есімі берілген мектепке барып, «Алтын белгіге» үміткер 2 оқушыға өз атынан шәкіртақы табыстады. Бұл жас­тарға көрсетілген құрмет қана емес, білімге деген жанашырлықтың жарқын көрінісі болды.
Кейін өзі білім алған Амангелді орта мектебіне келді. Сонда сөйлеген сөзінде: «Алғаш рет табалдырығын аттаған, алғаш рет әріп таныған, алғаш рет «Әліппені» оқыған мектебім мен үшін қашанда қасиет­ті мекен», – деп тебірене еске алды. Бұл сөздер жиналған көпшіліктің жүрегіне жол тапты.
Мектепте Алтын белгіге үміткер тағы бір оқушыға өз атынан шәкіртақы табыс­тап, ақ батасын берді. Мұндай қол­дау жас түлектерге қанат бітіріп, олардың бола­шаққа деген сенімін арттыра түсетіні анық.
Туған мектебін ұмытпай, кейінгі буын­ға қамқорлық көрсетіп жүрген азамат­тардың осындай игі істері ерекше құрмет­ке лайық. Өйткені мектеп – адам өмірін­дегі ең қасиетті орындардың бірі. Ол біздің алғашқы ұстазымызды, алғашқы досы­мызды, алғашқы арманымызды сыйлады.
Сондықтан да туған мектеп әр адам­ның жүрегінде мәңгілік мекен болып қала береді. Ал биылғы Соңғы қоңырау мерекесі сол қасиетті мекенге деген сағыныш пен сүйіспеншілікті тағы бір мәрте жаңғыртқан, жүректерді жақын­датқан ерекше күн ретінде есте қалды.
Тамабек ауылы – талай дарынды тұлғаны түлеткен қасиетті мекен. Бұл ауылдан Рафаэль Ниязбеков, Нарша Қашағанұлы мен Серік Томановтай көптеген сөз өнерінің саңлақтары шыққан. Осындай рухани ортада өсіп, білім алған әрбір шәкірт туған жерінің тарихы мен тағдырын мақтан тұтады
Айгүл Мұратбекова,
Талас аудандық орталық кітапхананың әдістемелік-библиографиялық
бөлімнің басшысы.
Leave A Reply

Your email address will not be published.