Бүгін 10 маусым — қазақтың біртуар ұлы Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың өмірден озған күні.
Бердібек Сапарбаев тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен дамуы жолында өлшеусіз және сүбелі үлес қосқан көрнекті қайраткер тұлға. Ол Қазақстанның бес облысын абыроймен басқарды, екі рет Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі , екі рет Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары болды.

Бүгін Жамбыл жұртшылығы Тараздағы «Ғибрат» орталығында марқұмды еске алып, рухына тағзым етіп, құран бағыштады. Астанада іс-сапарда жүрген облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің еске алу хатын облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров оқып берді. Онда Ербол Шырақпайұлы: «Ел басқару ісінде ерекше қолтаңбасын қалдырған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, халықтың құрметіне бөленген Бердібек Машбекұлы Сапарбаевты сағынышпен еске аламыз. Ол саналы ғұмырын мемлекет дамуына, елдің әл-ауқатын арттыруға арнап, қай қызметте жүрсе де жауапкершілік пен іскерліктің үлгісін көрсетті, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосып, әр жылдары бірнеше облысты басқарып, Үкімет құрамында жауапты қызметтер атқарды. Оның еңбекқорлығы, талапшылдығы, қарапайым халықтың мұң-мұқтажына бей-жай қарамайтын азаматтық болмысы ел жадында сақталады. Жамбыл жұртшылығы да Бердібек Машбекұлын өңірдің әлеуметтік – экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан басшы ретінде құрметпен еске алады. Оның бастамасымен қолға алынған көптеген игі істер мен жобалар халық игілігіне қызмет етуде. Марқұмның иманы саламат, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Артында қалған ұрпағы мен туған –туысына береке-бірлік, ұзақ ғұмыр тілеймін» дегінген.

Бердібек Сапарбаев туралы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махмедғали Сарыбеков, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, «ЖАҢАРУ» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев және облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Дүйсеналы Бықыбаев өз естеліктерін ортаға салды. Бердібек Машбекұлы шынында ерекше тұлға еді, өте еңбекқор, іскер басшы болды, өзінің қарапайымдылығымен, парасаттылығымен, адамгершілігімен халықтың қандай тобымен болса да оңай тіл-табысатын, қаншама үйсіз адамдарға «Асар» жобасы арқылы баспана сыйлады, «қаңтар» оқиғасынан өртеніп, қираған ғимараттардың бәрін қысқа мерзімде қалпына келтіріп, танымастай жаңартты. Бір жақсы қасиеті, оның алдында істеп кеткен әкімді жамандамайтын, қайта бастап кеткен жобаларын жалғастыратын. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында облысқа келіп зиялы қауыммен кездескен сол кездегі Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевқа Бердібек Сапарбаевқа Қазақстанның Еңбек Ері атағын беру туралы Президентке менің ұсынысымды жеткізсеңіз деп сұранғанымды еске алдым. Әділетті Қазақстанда әлде болса кеш емес деп ойлаймын…

Өскелең ұрпаққа, бүнінгі басқару саласындағы мемлекеттік қызметшілерге Бердібек Сапарбаевтың өмірбаянын, өмір жолын білгендері дұрыс болар.
Бердібек Машбекұлы Сапарбаев 1953 жылы 9 ақпанда Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Бесарық ауылында дүниеге келген. — 10 маусым 2023, Көкшетау) — қазақстандық саясаткер, экономист. Қазақстанның 5 облысын басқарып, екі рет Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі және екі рет Қазақстан премьер-министрінің орынбасары болған.
Алматы халық шаруашылығы институтының жоспарлау экономикалық факультетін бітірген (1977), экономист. Экономика ғылымдарының докторы (1999).
ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының құрметті мүшесі (1996). «Аймақтың өтпелі кезеңдегі экономикасы» (1995), «Арнаулы экономикалық аймақтар. Құру тәжірибесі» (1996), «ҚР Кеден кодексі» (2003) кітаптарының, ҚР Кеден кодексіне түсініктеменің (2005) авторы.

• 1969 жылдың тамыз айынан — Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы «Задария» кеңшарынының №3 бөлімшесінде жұмысшы.
• 1971 жылдың мамырынан — Кеңес Әскерінің қатарында қызметте.
• 1977 жылдың тамыз-қыркүйек айларында — Мемеңбек жинақ кассасының Қазақ республикалық басқармасында тексеруші.
• 1977 жылдың қазан айынан — ҚазКСР Қаржы министрлігінің Мәдениетті және денсаулық сақтауды қаржыландыру басқармасында экономист, 1978 жылдың қазан айынан — аға экономист,
• 1983 жылдың мамыр айынан -жетекші экономист,
• 1985 жылдың шілде айынан — бас экономист,
• 1986 жылдың наурыз айынан — бөлім бастығының орынбасары.
• 1988 жылдан — ҚазКСР Халыққа білім беру министрлігі жоспарлау-қаржы басқармасының бастығы.
• 1990 жылдан — ҚР Білім министрінің орынбасары.
• 1994 жылдан — ҚР Президенті және ҚР Министрлер кабинеті Аппаратының қаржы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ҚР Министрлер кабинетінің Істер басқармасы қаржы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі.
• 1995 жылдың наурыз айынан — ҚР Министрлер кабинеті Аппаратының жетекшісі.
• 1995 жылдың қыркүйек айынан — Қызылорда облысының әкімі.
• 1999 жылдан — Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі.
• 2002 жылдан — ҚР Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы.
• 2004 жылдан — қаржы вице-министрі — ҚР Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінің төрағасы.
• 2006 жылдан — ҚР Премьер-министр кеңсесі жетекшісінің орынбасары — ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкіметтің өкілі.
• 2007 жылдан — ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі
• 2007 жылғы 27 тамыздан — ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
• 2009 жылдан 2014 жылғы қарашаға дейін — Шығыс Қазақстан облысының әкімі.
• 2014 жылғы 11 қарашадан — Қазақстан премьер-министрінің орынбасары.
• 2015 жылғы 11 қыркүйектен — Ақтөбе облысының әкімі.
• 2019 жылғы 25 ақпанда Қазақстан Республикасының Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі лауазымына тағайындалды.
• 2019 жылғы 20 тамызда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары болып тағайындалды.
• 2020 жылғы 10 ақпанда Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды. 2022 жылғы 7 сәуірде лауазымынан босатылды.
• 2022–2023 жылдары «QazBioPharm» ұлттық холдингі директорлар кеңесінің төрағасы болды.
Бердібек Сапарбаев 2023 жылы 10 маусымда 70 жасында қайтыс болды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және еліміздің басқа да көрнекті қайраткерлері көңіл айтты.
Халқына жақын болған көрнекті мемлекет қайраткері, биік парасатты тұлға, Адал азаматтың жарқын бейнесі мен игілікті істерін біз ешқашан ұмытпаймыз. Бердібек Машбекұлының азаматтық, адамгершілік, кәсіби біліктілік мектебі әлі талай буынды жетілдіріп, халықпен жасай береді деп сенеміз.