Мәжіліс педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау жөніндегі заңды, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады.
НЕГІЗГІ ЗАҢДА НЕ ЖАЗЫЛҒАН
Құжаттар депутаттар бастамасымен Мемлекет басшысының педагогтердің құқықтары мен мүдделерін заңнамалық деңгейде қорғауды күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында әзірленді.
Негізгі заңда педагогтердің оқушыларға жауапты болуы тек оқу процесі кезіне ғана белгіленді. Балалардың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты ата-аналардың жауапкершілігі кеңейтілді.
Сонымен қатар, педагогтердің есептілікті бір мезгілде қағаз бен электрондық форматта жүргізуіне тыйым салынды. Орта білім беру ұйымдарында ұялы құрылғыларды пайдаланудың бірыңғай қағидалары енгізіліп, мектеп оқушыларын ғылыми қызметке тарту бойынша әкімдіктер деңгейінде қосымша шаралар қарастырылды, – делінген мәліметте.
ЖАҢА МОДЕЛЬГЕ КӨШУ ҰСЫНЫЛДЫ
Үкімет бастамасы бойынша заңға Қазақстан аумағында жетекші шетелдік университеттер қызметіне қолайлы жағдай жасап, олардың тиімді жұмыс істеуіне бағытталған құқықтық реттеу нормалары енгізіліп отыр.
Филиалдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптары сақталған жағдайда ғана ашылады, – делінген ақпаратта.
Түзетулердің жеке блогы жоғары медициналық білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталды. Осыған байланысты интеграцияланған медициналық білім беру моделіне көшу ұсынылды. Ол жоғары оқу орнында 6 жыл оқу мен 1 жыл толыққанды интернатурадан өтуді көздейді. Оқу бітірген түлектер медициналық тәжірибемен айналысу құқығына ие болады, ал интернатура клиникалық тәжірибе кезеңіне айналады.
Фото: Inbusiness.kz