САРЫСУЛЫҚТАР «ҚЫЗҒАЛДАҚ МҰРА» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІНЕ ҚАТЫСТЫ

62
Талас ауданындағы Есейхан ауылында «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі өтті. Аталмыш шара екінші рет ұйымдастырылып отыр. Ауқымды фестивальге 6 мыңға жуық адам қатысты. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ шетелдік туристер, халықаралық сарапшылар, биологтар мен табиғат жанашырлары фестивальді тамашалап, ауқымды шараның куәсі болды. Айта кетейік, Жамбыл өңірі – қызғалдақтың отаны. Мұнда қызғалдақтың 18 түрі өседі, оның 10-ы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Аймақ қызғалдақ түрлерінің сан алуандығы бойынша республикада алдыңғы орында.
🔰Шара барысында тігілген киіз үйлер мен алтыбақандар ұлттық нақышты айшықтап, қолөнершілер көрмесі шараның көркін аша түсті. Ұлттық спорттың сегіз түрінен өткен жарыстар көрермендерге ерекше әсер сыйлап, жеңімпаздарға қаржылай сертификаттар табысталды.
Эстрада жұлдыздары Серік Ибрагимов, Тоқтар Серіков және Бейбіт Сейдуалиева, сондай-ақ өңір өнерпаздары әннен шашу шашты. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясымен үндесе түсті. Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университеті мен «Ауыл» партиясының 200-ден астам еріктісі фестиваль аумағын қоқыстан тазартты.
🔰Ауқымды шараға ауданымыздан 3 киіз үй құрылып, зиялы қауым өкілдері, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері арнайы қатысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.