«Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты тетіктердің бірі ретінде өз тиімділігін көрсетіп келеді. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, негізгі жұмысымен қатар жеке кәсіпті қатар алып жүрген жандардың бірі – Шу қаласындағы №10 колледждің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, көпбалалы ана Айгерім Махамадиева.
Білім беру саласында 18 жылдық тәжірибесі бар ұстаз осы уақыт ішінде талай шәкірттің спортқа деген қызығушылығын оятып, олардың жетістікке жетуіне жол ашқан. Оның тәрбиесін көрген оқушылар бүгінде түрлі жарыстарда топ жарып жүр. Әріптестері де Айгерімнің өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, талапшыл әрі білікті маман екенін ерекше атап өтеді.
2024 жылы ол өз үйінің маңынан жылыжай ашуды қолға алып, «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына жүгінеді. Нәтижесінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында өтініші мақұлданып, 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиеге қол жеткізеді. Осылайша ұстаз кәсіпкерлікке бет бұрып, қияр өсірумен айналыса бастайды.
Айгерімнің айтуынша, жылыжай шаруашылығы – тұрақты еңбекті талап ететін сала. Қияр тұқымын егіп, өнім алғанға дейін бірнеше ай бойы үздіксіз күтім қажет. Күнделікті суару, температураны бақылау, тыңайтқыш беру секілді жұмыстар жүйелі түрде атқарылуы тиіс. Еңбектің нәтижесі де айқын: алғашқы кезде күніне 5-6 килограмм өнім жиналса, маусым қызған шақта бұл көрсеткіш 50-60 килограмға дейін жетеді.
Сонымен қатар ол тек бір бағытпен шектелмей, жылыжайда басқа да көкөніс түрлерін өсіруді қолға алған. Соның ішінде дәруменге бай балдыркөк те бар. Қазіргі таңда бұл кәсіппен айналысып жүргеніне екінші жыл, алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайту жоспарда.
Кәсіпкер ұстаздың сөзінше, жобаға қатысу туралы ой бұрыннан болғанымен, бастапқыда құжат рәсімдеу күрделі көрінген. Алайда іс жүзінде мамандар тарапынан толыққанды қолдау көрсетіліп, барлық кезеңде бағыт-бағдар берілген. Бұл өз кезегінде істің тез әрі сәтті жүзеге асуына ықпал еткен.
Жазғы еңбек демалысын тиімді пайдалануды мақсат еткен Айгерім жолдасымен ақылдаса отырып, осы істі бастаған. Оның айтуынша, жылыжай жұмысын дұрыс ұйымдастырса, тұрақты табыс көзіне айналдыруға толық мүмкіндік бар.
Ал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайсар Құтыбековтың мәліметінше, бүгінде ауданда 60 жоба жүзеге асырылуда. Аталған бастама аясында кәсіпкерлер түрлі бағытта – техника жөндеу, жиһаз өндіру, пескоблок шығару, көлік жуу, жылыжай шаруашылығы, вулканизация, АРМ-спорт, дәнекерлеу секілді өндіріс орындарын іске қосып, өңір экономикасының дамуына үлес қосуда.
Осылайша «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарына тек табыс табуға ғана емес, өз кәсібін дөңгелетіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға серпін беріп отыр.