Асхат Хасенов Жаңаөзендегі гибридті электр станциясының құрылысымен танысты

76
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Жаңаөзен қаласындағы гибридті электр станциясының құрылыс алаңына барды. Бұл ҚМГ мен италиялық Eni S.p.A. компаниясының бірлескен жобасы. Ол ұлттық компанияның төмен көміртекті даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Қуаты 247 МВт болатын электр станциясы күн (50 МВт), жел (77 МВт) және газ (120 МВт) энергиясында жұмыс істейді. Мұндай гибридті жоба Қазақстанда алғаш рет іске асырылуда.
Қазіргі уақытта газ электр станциясының құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс алаңына Wartsila компаниясы шығарған барлық алты газ поршенді қондырғылар жеткізілді. Оның төртеуі толығымен құрастырылды. Машина залында қозғалтқыштарды монтаждауды қоса алғанда, негізгі технологиялық жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 110 кВ болатын қосалқы станция, алаңішілік желілер және басқа да нысандар салынуда.
Жел электр станциясы бойынша ерте жұмыстар басталды, жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Sany зауытында жел турбиналарының компоненттері жасалып жатыр.
Айта кетсек, 2025 жылдың қыркүйегінде ҚМГ мен Eni бірлесіп Жаңаөзенде күн электр станциясын іске қосқан болатын. Осы кезеңнен бастап станция 20 млн кВт·сағ электр энергиясын өндірді. Бұл өңірдегі күн генерациясының тиімділігін дәлелдеп отыр.
Декарбонизация стратегиясын қолдаудан және көміртегі ізін төмендетуден басқа (гибридті станцияда өндірілетін барлық электр энергиясының шамамен 40%-ы толығымен «жасыл» болады) жаңа нысан бұл өңірдегі ҚМГ-ның еншілес компанияларын, соның ішінде «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «ҚазГӨЗ» ЖШС-ін энергия қуатымен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Құрылыс жұмыстарына 700-ге жуық адам тартылды, нысан пайдалануға берілген соң 70-ке дейін жаңа жұмыс орны ашылады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.