РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

103
Тараз қаласында өткен 10–11(12) сынып оқушыларына арналған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі мәресіне жетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер салтанатты түрде марапатталды.
Білім бәсекесі қазақ тілі мен әдебиеті, орыс мектептерінде оқытылатын қазақ тілі мен әдебиеті және Қазақстан тарихы пәндерін қамтыды. Дарынды оқушыларды анықтау және қолдау, олардың ғылыми-зерттеу қабілеттерін дамыту мақсатында ұйымдастырылған сайысқа еліміздің барлық өңірлерінен іріктелген 270 оқушы қатысып, 121 жүлдені сарапқа салды.
Олимпиада барысында қатысушылар әдеби талдау жасау, тарихи деректерді саралау, тілдік мәдениетті меңгеру және ғылыми пайымдау дағдылары бойынша өз білімдерін көрсетті.
Зияткерлік дода қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдарымен, сондай-ақ алтын, күміс және қола медальдармен марапатталды. Атап айтқанда, 24 оқушы І орын, 38 оқушы ІІ орын, 59 оқушы ІІІ орын иегері атанды.
Айта кетейік, аталған олимпиадаға Жамбыл облысының намысын қорғаған 13 оқушының 11-і жүлделі орындарды иеленіп, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің дипломдары мен медальдарын қанжығасына байлады. Нәтижесінде қоржынымыз 5 алтын, 3 күміс және 3 қола медальмен толықты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.