Абай облысында көктемгі су тасқынына дайындық мәселесі қаралды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен көктемгі су тасқынына дайындық шаралары бойынша арнайы жиын өтті.

Жиынға тиісті басқарма басшылары мен департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша «Қазгидромет» РМК Абай облысы бойынша филиалының директоры Ляззат Болатқан, жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Ақылжан Ақылбеков, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мерей Байырхан және ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Мирас Тоқтарханов баяндады. Аудан әкімдері су тасқынының алдын алу бағытында атқарылып жатқан дайындық шаралары туралы ақпарат берді.


Өткен жылдардағы су тасқыны кезеңдерінің қорытындысы негізінде облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында 9 учаске және аудандық маңызы бар жолдарда 10 учаске су өту қаупі жоғары аймақ ретінде анықталды. Аталған аумақтар ерекше бақылауға алынды.

Жоспарға сәйкес Ертіс өзенінде мұзды қопсыту, ұсақтау және мұз кептелістерін жою мақсатында профилактикалық жарылыс жұмыстары жүргізіледі. Ертіс өзенінде гидробекеттер ұйымдастырылып, су деңгейіне тұрақты мониторинг жасалады.
«Күн тәртібінде қаралған барлық мәселелер өңірдегі су тасқыны қаупінің алдын алуға, төтенше жағдайлардың туындауына жол бермеуге, сондай-ақ, көктемгі кезеңде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Су қоймаларындағы, өзендердегі су деңгейі тұрақты бақылауда болуы керек. Тасқын қаупі бар учаскелерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруды тапсырамын», – деді Берік Уәли.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ