Қазақстанда жеке тұлғалардың арасындағы ақша аударымдарына мониторинг күшейтіледі .
Енді бір азаматтың шотына қатарынан үш ай бойы 100-ден астам аударым жасалып, оның жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асса, ол салық органдарының назарына ілігуі мүмкін. Мұндай күмәнді аударымдар анықталса, 15 сәуірден бастап шот иелеріне арнайы хабарлама жіберіледі.
Қазір екінші деңгейлі банктер тиісті ақпаратты жинап, салық органдарына тапсыруда.
Дегенмен күнделікті тұрмыстық аударымдар (туысқандар мен достар арасындағы ақша жіберу, қарыз қайтару сияқты операциялар) бақылауға алынбайды. Мұндай аударымдар кәсіпкерлік қызметке жатпайды.
Бірақ тексеріс барысында жеке тұлғаның кәсіпкерлікпен айналысып, табысын жасырып отырғаны анықталса, оған әкімшілік жаза қолданылады. Бұл жағдайда 15-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынып, төленбеген салық сомасының 200 пайызына дейінгі көлемде өсімпұл есептеледі.
Алайда, құзырлы органдар санкцияларды тек жан-жақты тексеруден кейін, салық төлеушімен түсіндіру жұмыстарын жүргізген соң ғана қолданады.
Фото: gov.kz