«Кінәсін мойындасын… Шындықты айтсын»

74

Атырау облысында зейнеткер ерлі-зайыптылардың өліміне байланысты күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиевтің анасы ұлын өз еркімен тергеу органдарына берілуге шақырды.

Журналист Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасында күдіктінің анасының сөзін жариялаған.

«Ұлым елге оралсын деймін. Егер кінәсі болса, жасағанын жасырмай, ашық мойындасын. «Қолмен істедім» деп шындықты айтсын. Өтінемін…» – дейді ол.

Сонымен қатар журналист өзінің бұрынғы жұмыс орнына қайта оралғанын және алғашқы бағдарламасын осы Атыраудағы қайғылы оқиғаға арнайтынын мәлімдеді.

Айта кетейік, 29 жастағы күдікті мен оның жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева әлі табылған жоқ. Сондай-ақ із-түссіз кеткен Мейрамгүл Мұқанғалиева мен Наурыз Мұқанғалиев те іздестіріліп жатыр. Қазіргі уақытта полиция іздеу жұмыстарын жалғастыруда. Күдіктінің бес баласы мемлекет қамқорлығына алынған.

Еске салайық, жыл басында Жангелдин ауылында бір отбасының бірнеше мүшесі жоғалып кетіп, бұл жағдай қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырған еді. 6 қаңтар күні құқық қорғау органдары ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның мәйітін өз үйлерінің ауласындағы шаруашылық нысанынан шамамен бір метр тереңдіктен тапқан. Сараптама барысында марқұмдардың денесінде пышақ жарақаттары анықталған. Тергеу болжамы бойынша, мәйіттер көміліп, үсті жиһазбен жасырылған.

Алдын ала деректерге сәйкес, оқиға алдында белгісіз адам ұлдарының атынан «ата-анамды Ташкентке емдетуге апарамын» деген желеумен ұсақ малды сатуға әрекеттенген. Ұзақ уақыт байланысқа шықпаған соң туыстары күмәнданып, ірі қараны өткізуге жол бермеген.

Тергеу барысында кенже қыз Ақбаян Мұқанғалиева мен оның күйеуі Сұлтан Сәрсемәлиевтің Шымкентке ұшып, кейін Өзбекстан шекарасынан өткені анықталған. Кей ақпараттарда олардың бұл елде де тұрақтамағаны айтылып отыр.

Қазіргі уақытта аталған тұлғаларға халықаралық іздеу жарияланған. Күйеу бала негізгі күдікті ретінде қарастырылып жатыр.

politico.kz коллажы

Malim.kz.

Leave A Reply

Your email address will not be published.