Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын таныстыруға арналған қалалық актив отырысы өтті.

– Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен еліміздің саяси келбетін жаңғырту үдерісі қарқынды жүруде. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Парламенттік реформаны іске асыру. Оның басты ерекшелігі – оның ашықтығы мен қоғамдық қатысу қағидатына ерекше екпін түсірілуі. Сондай-ақ осы өзгерістердің негізі Президенттің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында айтылған бір палаталы Парламентке көшу идеясынан бастау алады. Бұл қадам жасанды интеллект пен жаһандық технологиялар заманында мемлекеттің жедел дамуына қажетті батыл шешім екені сөзсіз, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.

– Парламенттік реформа аясында бастапқыда Ата Заңның 40 бабына өзгерістер енгізу көзделгенін атап өтті. Алайда, жұмыс барысында өзгерістер көлемі әлдеқайда ауқымды болатыны айқындалып, олар саяси және қоғамдық өмірдің көптеген өзге де қырларын қамтитыны белгілі болды. Жаңа Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланды. Егемендік пен Тәуелсіздік, біртұтастық, аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар санатына жатқызылды. Сондай-ақ Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілмекші. Сонымен қатар, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі Қазақстан халқы екені нақты жазылған. Ата Заңымыздың жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталып отыр, – деді Кенжебек Мамашбайұлы.