Жамбыл облысындағы 76 каналға жөндеу жұмыстары жүргізіледі

68
Жамбыл облысында биыл Ислам даму банкінің қаржыландыруымен 76 каналға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаев мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, жөнделетін каналдардың жалпы суару алаңы 51,4 мың гектарды құрайды. Аталған алқаптарға су жеткізу мүмкіндігінің шектеулі болуына байланысты суармалы егістік көлемі қысқартылмақ.
2026 жылы егіс алқаптарының жалпы көлемі өткен жылмен салыстырғанда 16,7 мың гектарға азайып, 623,3 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарлануда. Бұл ретте егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруға ерекше көңіл бөлініп, суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беріледі.
Биыл мүйізді ірі қара мал саны 6,3 мың басқа (+1,2%), ұсақ мал саны 46,5 мың басқа (+1,5%) артпақ. Сонымен бірге сүт өндірісі 2,8 мың тоннаға (+1,2%), ет өндірісі 2,7 мың тоннаға (+2%) ұлғаяды. Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 540 млрд теңгеге жетеді деп болжануда.
Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығын қолдауға 50,6 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 37,1 млрд теңге субсидиялауға, 6,5 млрд теңге СҚО тәжірибесін таратуға, 7 млрд теңге «Ауыл аманаты» бағдарламасын қаржыландыруға бағытталмақ.
Биыл салада жалпы құны 35,1 млрд теңгені құрайтын 18 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде.
Сонымен қатар СҚО тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында 6,5 млрд теңгеге 6 инвестициялық жобаны несиелендіру жоспарланып отыр. Осының нәтижесінде салаға жалпы көлемі 86,5 млрд теңге инвестиция тарту көзделуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.