
Жаңа жыл мерекеАстанада Ұлттық ұлан ерекше мұз қалашық жасады: 30 желтоқсан 2025, жаңалықтар Turkystan.kzсі қарсаңында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының елордалық 5573 әскери бөлімінің аумағы жарқыраған, ертегідей әрі ерекше жылы атмосфераға толы нағыз мұз қалашыққа айналды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ерекше жобаның бастамашылары мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген сарбаздардың өздері. Әскери қызметшілер бөлім қолбасшылығына жеке құрамға мерекелік көңіл күй сыйлайтын жаңа жылдық қалашықты өз күштерімен жасау жөнінде ұсыныс білдірген. Игі бастама қолдау тауып, әрі қарай жұмыс сарбаздардың ынтасы, еңбегі мен бірлігінің арқасында алға басты.
Ұландықтардың мұз бен қардан жасалған мүсіндері әр жылдардың белгісін бейнелейді. Композицияда жылан мен жылқы бейнелері — өткен жыл мен келер жылдың символдары ретінде ерекше көзге түседі. Әрбір мүсін ұқыптылықпен, әр бөлігіне мән бере отырып жасалып, авторлардың шығармашылық көзқарасын айқын көрсетті.
Сондай-ақ сарбаздар мерекенің басты белгісі — жаңа жылдық шыршаны да өз қолдарымен безендірді. Жарық шамдары, гирляндалар мен түрлі жарқыраған элементтер қалашыққа жылылық пен сиқырлы әсер беріп, бөлім аумағын мерекені күту атмосферасына бөледі.
Бұл мұз қалашық әсемдік үшін ғана жасалмаған. Ол бастама мен командирлердің қолдауы, әскери ұжымның ауызбіршілігі болса, қыстың әр күндері де мерекеге айналатынын көрсетті. Қатаң әскери тәртіп аясында да шығармашылыққа, жақсы көңіл-күйге және жаңа жылдық қуанышқа әрқашан орын табылатынын дәлелдеді.