Бостандықтың бағасы
https://turkystan.kz/article/272741-tauelsizdik-egemendik-perzenti
Келіп қалған Тәуелсіздік күні туралы ойланғанда осыдан отыз тоғыз жылдай бұрынғы бір оқиға еске түседі…
1987 жыл. Қаңтар. Партияның Орталық комитетінде жұмыс істейтінмін. Желтоқсан ызғары есіп тұрған шақ. Апта аралатпай Мәскеуден комиссия келіп, дүрліктіріп жататын. Бір жолы біздің бөлім – Үгіт және насихат бөлімі қатты қапылды, өйткені жанталасып жеткен кезекті комиссия идеологиялық жұмыс мәселелері бойынша құрылған екен. Кешкі сағат төрттің шамасында бөлім меңгерушісі шақырды. Альберт Александрович Устинов. Өзі әдебиетші кісі болатын. «Осылай да осылай… Сіз Алматы облыстық «Жетісу» газетінің 1986 жылы интернационалдық тәрбие тақырыбын қалай қамтығаны жөнінде жедел шолу-талдау жазып беруіңіз керек». Өзіміз отыратын төртінші қабаттағы баспасөз кабинетіне барып, газеттің бір жылғы тігіндісін алдым. Үйге келіп, 2-3 сағаттай тынығып алдым да түні бойы мақалаларды оқыдым, мысалдарды іріктедім, таңға дейін көлемді талдамалы шолу жазып шықтым. Машбюродағы бір қызды таңғы сегізге жұмысқа шақырып, ертерек келіп, тезірек басып беруін сұрадым. Ол кезде компьютер дегенді естісек те, көзбен көрмегенбіз. Кәдімгі қара мәшіңке. Талап бойынша бір бетте төрт әріп қатесінен артық кетпеуі керек. Төрт қатені штрихпен бояп түзетуге болатын. Бұл жолы оған да рұқсат етілмеді: «Комиссияға түзетумен беруге болмайды»… 3-4 бетті қайта басуға тура келді. Қайта оқып, бөлім меңгерушісіне оқытып болғанша сағат он бір жарым шамасына барды.
Мәскеулік комиссия мүшесі бесінші қабатта, ұйымдастыру-партиялық жұмыс бөлімінде, бөлім меңгерушісі орынбасарының кабинетінде отыр екен. «Сіздің тапсырмаңыз бойынша Алматы облыстық газетінің жұмысына шолу дайындалды», дедім де, неменеге айтқанымды қайдам, әлде жедел жазылғанын аңғартқым келді ме, әйтеуір, «Вчера поручили» деп қалдым. Ана адамның: «Вот так. Вчера поручили, только сегодня сделали» дегені… Ал керек болса! Бұған не айтуға болады? Одан ерте дайындау мүмкін де емес қой. Ең сұмдығы сол – мен ол адамға жаңағы ойымды айтпадым. Айта алмадым. Үндемеген күйі шығып бара жаттым да, дәл есікті жабарда сәл кідіріп, бірдеңе айтпаққа оқталып тұрып, тағы тоқталып қалдым. Сол екі арада Орталықтың өкілімен айтысып жатудың артық екенін, ештеңе дәлелдей алмайтынымды, ештеңе дәлелдеп те керегі жоқтығын, егер арамызда сәл сөзге келу, қайдағы сөзге келу, сәл келіспеушілік болып қалса да, мұның аяғы айналып менің өзіме тиетінін, іссапарының қорытындысы бойынша кіргенінде бөлім меңгерушісіне немесе тіпті идеология саласының хатшысына «Бәленбаев деген нұсқаушы менімен тәжікелесті» десе-ақ, атымның қара тізімге ілінетінін, партиялық әдептен ада адам атанатынымды, шын мәнінде болашағыма балта шабылатынын ойлап үлгердім. Неге? «Айтпаса, сөздің атасы өледі» дейтін елдің баласы едік қой. Иә, неге? Негесі сол, мен бостан елдің адамы емес едім. Бодан елдің адамы едім. Қайдағы ел? Үлкен елдің құрамындағы он бес республиканың біреуі ғана едік қой.
Міне, осы бір жайдың өзі Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін тағы да таныта түседі. Осы арқылы жалпы адам бостандығының бағасын білгізе түседі. Өте оңайлатып айтар болсақ, бостандық деген мемлекет тұрғысынан қарағанда – елдің ішкі және сыртқы саясатындағы тәуелсіздігі, әлеуметтік субъектілер (жеке адам, топтар, қоғамдық-саяси ұйымдар, т.б.) тұрғысынан қарағанда – өз мақсаттары мен мүдделеріне орай әрекет жасау еркіндігі. Адамзаттың бүкіл тарихы түптеп келгенде бостандық идеясының даму тарихы, оның нақты іс жүзіне асуының тарихы. Ал бұл идея ен далада еркін өскен мына бізге тіпті жақын. Оны айтасыз, «қазақ» деген сөздің өзі бостан болудың бір белгісі ғой.
Жұрттың ең соңында жарияладық. Неге?
Жарайды, «қазақ» деген сөздің өзі бостан болудың бір белгісі екен, онда неге әлі күнге тәуелсіздік біздің қолымызға өздігінен түсе қалған еді деп сөйлейтіндер кездеседі? Қазір ерінбегеннің бәрі жөнді-жөнсіз сынай беретін болған тұлғаны тәуелсіздікті бұрынғы одақтас республикалардың ішінде ең соңында жариялады деп табалауға тырысатындар табылады.
Алдымен біздің егемендік алып, тәуелсіздік туын тігуіміздің өзі өзгелерге қарағанда әлдеқайда қиынға түскенін қадап айтуымыз керек. 1991 жылғы желтоқсан айында Қазақстандағы қазақ ұлтының саны ел тұрғындарының 39 пайызы болатын. Қазақстан сондай күрделі жағдайда ың-шыңсыз, аңысын аңдап, бәрін сабырмен күтіп, барлық мәселелер өзінен-өзі реттелуге жақындаған кезде барып, елдің тәуелсіздігін жариялай алды және ол бүкіл елдегі барлық этнос өкілдерінің тарапынан түсіністік тапты. Осыны ерекше айтқымыз келеді. Егер Қазақстан басқалармен жарысқа түскендей болып, өз тәуелсіздігін жаз айының ішінде немесе күздің басында жариялап жібергенде мұндағы жағдай тып-тыныш күйде тұратынына ешқандай кепілдік жоқ еді. Тіпті, дәл сол айларда Парламенттің дәл сондай заң қабылдай алуы да, яғни ел тәуелсіздігін жариялай қалуы да неғайбыл еді. Біріншіден, жаңа айтылғандай, тұрғылықты этностың саны 40 пайыз-ға де жетпейтін. Екіншіден, өзге этнос өкілдерінің талайы Қазақстан тәуелсіз мемлекет болса, өзі тап бір басқа елде қалып қоятындай көңіл күйде жүрген еді.
Парадокс болса да айтайық, Тәуелсіздік күнінің датасында үлкен мағына бар. Рас, тойлауға ыңғайсыз-ақ: бұл кезде аязы арқыраған теріскей тұрмақ, күні жарқыраған түстіктің өзінде қыс қаһары қыса бастайды. Сонымен бірге азаттықтың ақ таңын аттырған 16 желтоқсан бізге тәуелсіздіктің қандай қиындықпен келгенін бадырайтып көрсетіп тұрады. Еске салып тұрады.
Абыз Әбіштің «Бостандық адамды бодандықтан да артық сынаққа салады» деген сөзі бар. Бостандықта өмір сүрудің бодандықта өмір сүруден де қиынға түсетін тұстары болады. Тәуелсіздік – тарихтың тартуы, тағдырдың сыйы. Бірақ ешкім де оны мәңгілікке тартылған, біржолата сыйланған дей алмайды. Мына жұмыр Жер бостандыққа қолы жетпеген елдердің ғана емес, алған бостандығынан айырылып қалған елдердің де талайын біледі.
Баршаға бірдей қонар бақ құсы емес
Тәуелсіздік елдің бәрінің бірдей басына қонатын бақ құсы емес. Мына әлемде ірілі-ұсақты 2 500-дей этнос бар. Солардың 200-дейі ғана, нақты айтқанда, 193-і ғана өз алдына ел болып, мемлекет құрып тұр. Қазақ ұлты – сол бағы жанған ұлттардың бірі. Бізді саны жағынан сан орап кететін ұлттар әлемде аз емес. Кем қойғанда 30 миллиондық күрдтер бар. Ана елде де террорист, мына елде де террорист, ана елде де көзтүрткі, мына елде де көзтүрткі. Өздерінің бір жапырақ туын тігетін алақандай төбе таба алмай жүр.
Еркіндік пен елдік – егіз ұғым. Адам еркін болмай, ер болмайды, ел еркін болмай, ел болмайды. Адам өмірінің ең өзекті мәні – еркіндігі. Мемлекет өмірінің ең өзекті мәні – тәуелсіздігі.
Тәуелсіздік күнінің маңызы үлкен. Ол тәуелсіздік жолындағы күрестің нүктесін қоюмен бірге, оның қайтадан басталған күні де болады. Бұл не деген сөз? Ата-бабаларымыздың қорғап қалған атамекенінде аққан қаны мен төккен терінің төлеуіндей болып келген тәуелсіздікке 1991 жылы ақыры, талығып барып қолымыз жетсе, сол киелі күрестің нүктесі қойылса, ол күрес қалайша қайтадан басталады? Елдікті еңселендіру күресі толастамайды. Тәуелсіздікті орнықтыру, нығайту, мығымдандыру, күшейту, қуаттандыру, тіккен туымызды бірде жылы, бірде жылым замананың қандай жұлқынған желінде де мызғымастай етіп тұғырландыру тұрғысынан көп-көп, өте-мөте көп күрес, елдік жолындағы ерек күрес керек болады. Оны біз ана жылы сезініп те үлгердік.
Тәуелсіздік тарихы – елдік ерлігі. Осы отыз төрт жылдың ішінде қазақ халқы, қазақстандықтар елдіктің ерлігін жасады. Бұл – басы ашық ақиқат.
Біз мемлекет құра алдық, біз егемен ел болып тұра алдық. Біз тілі басқа, тілегі бір, жүзі басқа, жүрегі бір, тату мемлекет болып құралдық. Мұның бәрі оңайға түскен жоқ. Біз мына жердің бетіне тарихтың тамаша тұсында орайымен келген ұрпақпыз. Өйткені біз халқымыздың тарихындағы ең бір ғажайып тұсқа – азаттық алған, тәуелсіз мемлекет құрған тұсқа тап болдық. Біздің маңдайымызға осы мемлекеттің іргесін қалауға қатысу бақыты бұйырды. Соған шүкіршілік етеміз.
Алғашқы жылдарда түбегейлі мәселелерді шешу міндеті тұрды. Ол – бір қоғамнан екінші қоғамға ауысу, бір тұрпатты экономикадан басқа тұрпатты экономикаға, яғни жоспардан нарыққа ауысу, содан кейін социалистік санадан, шартты түрде айтқанда, «капиталистік санаға» көшу. Осындай үлкен мәселелер айналасы оншақты жылдың ішінде түбегейлі түрде шешілді. Мұның бәрі кезең-кезеңімен атқарылды. Біз қоғамды бір формациядан бір формацияға ауыстыра алдық, адамдардың психологиясын өзгерте алдық. Адамдардың ойында меншік иесі психологиясын қалыптастырдық, жетпіс жыл бойы «Өкімет өлтірмейді», «Үкімет үздірмейді» деп келген халықтың санасына «Мемлекет адамды асырауға тиісті емес» деген сияқты қарапайым қағидаттарды сіңірдік. «Әркім өз бақытын өзі жасауы керек» деген ойды қалыптастырдық. Сол арқылы айналасы оншақты жылдың ішінде бізде адамдардың мінез-құлқы, сана-сезімі өзгеріп, жаңаша қоғам қалыптаса бастады.
Осы жылдар ішінде даламыз да өзгерді, қаламыз да өзгерді. Олай болатыны – бәрінен бұрын біздің санамыз өзгерді. Ата-бабаларымыз аңсап, армандап өткен азаттыққа арпалысқа толы жасампаз жұмыс қана апаратынын, тәуелсіздікке тәуекелі тұратындардың ғана қолы жететінін айқын ұғынған бостан сана ол. Тәуелсіздіктің басқа бір қонса мәңгілікке шегеленіп қалмайтынын, баянды бостандық бақыттың бағасын білгендердің ғана басында тұратынын да біледі біздің халқымыз. Бар адамзат бір базарда бәсекелесіп, барын салып, бағын сынап жатқан мына жаһанданудың жанталасты жағдайында ұлт ретінде ұпайыңды жоғалтпау, халық қалпыңда қадіріңді кетірмеу, мемлекет күйінде мығым тұру барған сайын қиындай түсетінін де біледі біздің халқымыз. Әсіресе, кейінгі жылдарда, сөз нәшінде айтыла беретіндей, екі оттың ортасында емес, төрт-бес оттың ортасында қалғанда да әлемдік саясатта елдің беделін биіктетіп, аса күрделі геосаяси ахуалда барынша икемділік танытып отырған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбегін де лайықты бағалайды біздің халқымыз.
Жеңістер мен жемістер
Қазір талайлар үшін, әсіресе әлеуметтік желіде, өзіңнің еліңді, жеріңді жер бауырлатып сөйлеу, өзіңнің тарихыңды таптап тастай салу еркін ойлаудың, батыл толғаудың даусыз дәлеліндей, айқын айғағындай болып тұр. Бұл – ел ретінде өзіңді өзің құрметтемеудің белгісі.
Әсіресе, кейінгі жылдардағы жеңістер мен жемістерді көрмеу «Көрмес түйені де көрместің» кебі болар еді.
Газет мақаласының мүмкіндігін ескеріп, деректер тілімен, түйіп-түйіп қана сөйлейік.
Ел «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен президенттік басқару үлгісінің бүкіл өркениетті әлемде орныққан сипатына ауысты.
Конституциялық сот қалпына келтірілді.
Билік институттары қызметінің ашықтығы арттырылды.
«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы қалыптасты.
Экономикада ірі ілгерілеу бар. Өкінішке қарай, 2025 жыл әлі аяқталмағандықтан біз бұл мақалада тек 2024 жылдың қорытындыларына ғана сүйенуге мәжбүрміз. Биылғы қорытындылар бұл айтылғандардан да артық болатыны күмән келтірмейді.
2024 жылдың аяғына қарай Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 288 миллиард АҚШ долларына, ал жан басына шаққандағы бұл көрсеткіш 14 мың АҚШ долларына жетті.
2019–2024 жылдарда өңдеуші өнеркәсіпте өнім өндіру көлемі 31,4 процентке артты, ал құрылыста бұл көрсеткіш 96,3 процентке жетті.
Алты жылдың ішінде елге 130 миллиард долларлық тікелей шетелдік инвестиция тартылды.
Өткен жылы 18 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
7 мың шақырымдық автомобиль жолдары салынды және жөнделді.
Елдің инвестициялық тартымдылығы артты, дипломатия белсенді жүргізіліп, сыртқы экономикалық ынтымақтастық дамыды.
Экспорт географиясы кеңейді.
Отбасы мен балаларды қорғау күшейтілді.
Ең төменгі жалақы екі есеге жуық артты.
Қазақстан шикізатты өндіретін және сататын елден бірте-бірте өндіретін, өңдейтін, дайын өнімді сататын елге айналып келеді. Әсіресе, мұнай-химия саласында, машина жасауда, азық-түлік өңдеуде, агроэкспортта өркенді өзгеріс көп.
Қазақстан көлік пен логистиканы дамытып, Еуразияның түйінді хабына айнала бастады.
Қоғамды жаңарту жұмысы кейінгі 4-5 жылдың шамасында жаңаша қарқын алды. Адамдардың әділеттілікке сенімі артты. Халықтан қымқырған қаржыны шетел асырып жіберсе де, қайтаруға болатынын жұрт көріп отыр. Меритократия принципі жүзеге аса бастады. Қабілеттілердің қызметте жоғарылайтынын, сан түрлі жолмен жақсы жұмысқа қол жеткізіп алғандардың жайлы орнымен қоштасатынын да барша жұрт біледі бүгінде.
Шешілмеген мәселе де жетіп жатыр.
Әлі күнге шеттен азық-түлік өнімдерін тасимыз.
Жылжымайтын мүлік нарығы шарықтап барады.
Халықтың кредит қарызы өспесе, азаймай тұр.
Жастардың ауылдық жерден көшіп кетуі белең алған.
Сыбайлас жемқорлықтың сағын сындырудың сәті толық түсе қоймады.
Кадр тапшылығы, әсіресе білікті инженерлердің, энергетиктердің, агромамандардың, ақпараттық технология мамандарының жетіспеушілігі айқын сезіледі.
Қымбатшылық құрықталмай, баға бой бермей тұр.
Осының ешқайсысы да жұртшылықтан жасырылып жатқан жоқ. Билік бұның бәрін көріп отыр. Билік бұның бәрін өзі ашып, өзі сынап, өзі бірте-бірте жөндеп жатыр. Бұл да халық үніне құлақ асудың арқасы.
Қайтерсің, қазір осыны көрсеткен, жазған, айтқан адам биліктің сойылын соғушы санала салады. Содан да қазір елдегі шешілмеген проблемалармен қатар, жасалып жатқан жақсылықты да айту, халықтың бойында әлеуметтік оптимизмді күшейту де назардан тыс қалмағаны жөн.
Арандап қалмайық, ағайын
Бәрі бірте-бірте шешіледі. Қазіргідей халықаралық саяси жағдай өте ушығып тұрғанда, мынандай алмағайып ахуалда талай мәселеге тағы да сабыр етуге тура келеді. Олардың шешілетін уақытын күту керек. Демократияның талай түйінін демография-ақ тарқатып береді. Жер атауы деген мәселе де кезі келгенде жеріне жеткізіледі.
Арандап қалмайық. Әлеуметтік желіден бір кісінің сөзін тыңдадым. Ана елдің бірнеше облыстары ежелгі қазақ жері, оларды қайтару керек дейді. Не айтарсың?! Күлесің бе, жылайсың ба?! Мәселе ол сөздің саяси сандырақ екенінде ғана емес, мәселе сондай сөздерді жекелеген саяси күштер әдейі пайдаланып, «Міне, бізге территориялық талаптар қойылып отыр» деп ұшындыратынында ғой. Этносаралық қарым-қатынастарда ғана емес, мемлекетаралық қарым-қатынастарда да бөлекше сарабдалдық керек.
Осы орайда кезінде «Казахстанская правданың» бетінде («Держаться вместе!», 2022 жыл, 26 мамыр) ортаға салған ойымызды қайталай еске түсіре кетуді артық көрмей отырмыз. Былай деген едік: «Әлеуметтік желілерде ұлтаралық араздықты қоздыруға, мемлекетаралық қатынастарда шиеленісті күшейтуге әлеуетті, жауапсыз посттар мен комментарийлер өте-мөте көп кездеседі. Сайттардың модераторлары Конституцияға қайшы сипаттағы материалдардың алдын алу үшін контентке ұдайы қарап отыруға тиіс. Елдің Негізгі заңы әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруға тыйым салады. Модерация – ешқандай да цензура емес. Ол қоғамның кәдуілгі әлеуметтік гигиенасы. Айтқандай, француздың «модерация» сөзінің мағынасы – біркелкілік, ұстамдылық».
Отандық сайттарда модерацияны жолға қоюға әлі де кеш болмайды.
Гегельге жүгінейік. Ұлы неміс былай дейді: «Бостандықты аузыңа келгенді айтудың, ойыңа келгенді жазудың шетсіз-шексіз мүмкіндігі деп қарастыру сауатсыз, қарабайыр әрі үстірт ұғым иелеріне тән». Кез келген бостандық дәйім жауапкершілікпен астасып жатуға тиіс. Тілегін тыя алмайтын, нәпсісін жыя алмайтын адам ешқашан бостан болмақ емес. Адамның тілегі таусылмайды. Тіршілік тілекті түгел қанағаттандыру үшін тым қысқа мерзім.
«Саясат – қолдан келетінді жүзеге асыру өнері» деген сөз бар. Саясатта кереметтер жасалмайды. Саясатта жасауға болатын нәрсе ғана жасалады. Соны естен екі елі шығармау керек. Дәл біздің көз алдымызда бір ірі мемлекет елінің, жерінің біраз бөлігінен айырылғалы тұрған мысалы бар. Көзі қарақты жұртшылық оны көріп, біліп, сезіп отыр. Әрине, комик басқарған ел трагедияға ұрынбай қоймайды деп кесіп-пішіп айту дұрыс емес. Бірақ ұлтаралық қатынастарға аса сергек қарамаған, өз мемлекетінің ішінде этностарды тілі бойынша алалаған, қазақша айтқанда, шамасына қарамаған елдердің шатаққа ұрынып, шала бүлініп, шат-шәлекейі шығатынын көрмеу де мүмкін емес. Ол қақтығыстың сан түрлі күрделі сипаты бары талассыз. Араласпайтын жерге араласудан аулақпыз. Әйтсе де, ақиқат бел ортада жататынын ескерсек, біз айтқан жайды да ойлап қоюға тура келеді.
Бостандыққа барар жол – ең алдымен өзіңді өзің тану жолы. Басқа жол жоқ. Ол жолды адам тек өзі жүріп өте алады. Бұл айтылғанның елге, мемлекетке де тікелей қатысы бар.
Ұлттық мереке – Республика күні
Бүгінде біздің Ұлттық мерекеміз – 25 қазанда аталатын Республика күні. Олай болуы әбден заңды. «Егемен болмай, ел болмас» дегендей, бәрінің бастауында бостандық таңына есік ашып берген Егемендік декларациясы тұр.
1990 жылы 25 қазанда қабылданған Егемендік декларациясы қиямет-қайым қиындықпен, шын мәнінде елдік үшін ерен айқаспен дүниеге келген. Ойпырмай, сол құжатқа қарсы дауыс бергендердің саны жетпістен асып жығылған еді. Ал келесі жылы, Мемлекеттік Тәуелсіздік туралы конституциялық заң жобасы дауысқа салынғанда оған қарсы шыққандар әлдеқайда аз (он екі адам) болды. Демек, арада небәрі бір жыл өткенде ел егемендігінің идеясы қазақстандықтардың ой-санасына терең орнығып үлгерді. Оған да Егемендік декларациясы жол ашып берді.
Тәуелсіздік – Егемендік перзенті. Алдымен егемендік алмасақ, келесі жылы тәуелсіздік жариялай алмас едік. Сондықтан да ұлттың ұлы мерекесі ретінде Республика күні белгіленіп отыр.
Бұл арада тағы бір нәзік мәселе бар. Мерекеде ел өміріндегі драмалық сипаты бар оқиғалардың сілемі де көрініп тұрмағаны, еске қаяу салатын ештеңенің елесі де болмағаны дұрыс. Бұл тұрғыдан 16 желтоқсан деген датада әр кезеңдегі әр қилы трагизм белгілері барын да ұмытпауға тура келеді. Әрі айналасы екі айға да жетпейтін уақыттың ішінде дүбірлетіп, екі мерекені тойлап жатудың өзі бүгінгі күнгі ұстамды сипатымызға артықтау. Сондықтан тәуелсіздік күнінің осы мерекелік қалпы ойға да, бойға да сыйымды деп білеміз.
Биыл 75 жылдығы аталып жатқан, өткен жұмада Астанада еске алу кеші өткен айтулы ақынымыз Несіпбек Айтұлының «Ту» атты поэмасы бар. Сонда Несіпбек былай дейді:
Қашанда қиянаттан қазақ өлген,
Жауыздың ешбірі жоқ жаза көрген.
Көк тудың қасиетті киесі атар,
Сабынан ұстамасаң таза қолмен.
Солай болғандықтан да бүгінгі күн ұраны: Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс.
Солай болғандықтан да Абай атамыз әділетті «хақ жолы» деп білген.
Көк туымыз көк аспанда желбірей берсін.
Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/272741-tauelsizdik-egemendik-perzenti