Терең мағыналы ғибратты әңгіме.
⠀
Көптің көзіне түсе бермейтін, ешкімде шаруасы жоқ, өзіндік ойы, айтар пікірі жоқ, «көп айтса көнді, жұрт айтса болдымен» жүретін бір жігіт болыпты. Ауылда ешбір жан оны адам екен деп елеп, ескермесе керек. Бір күні әлгі жігіт үйленіп, шаңырақ көтереді.
Бұл ауылда ай сайын ауыл адамдары бас қосып, ел ішінде болып жатқан мәселелерді ортаға салып, жиналыс өткізетін дәстүр бар екен. Бір күні әйелі әлгі жігітке:
— Отағасы, сіз бұрынғыдай салт басты емессіз. Түтіні түзу ұшып тұрған бір үйдің егесі болдыңыз. Атқа қонар азамат ретінде ауылдағы жағдайларға бей-жай қарағаныңыз жөн болмас. Ел ішіндегі жиналысқа сіз де қатысып, мәселені шешуге септігіңізді тигізгеніңіз дұрыс болар, — депті.
Әйелінің ақылын құп көрген жігіт сол күннен бастап ауылдағы жиналысқа қатыса бастапты. Содан не керек, ел ішіндегі жағдайлар мұны да алаңдатып, бірте-бірте халыққа пайдасы тиетін, ауылдағы жоқ-жітік пен кем-кетіктің жыртығын жамауға шамасы келетін азаматтың біріне айналыпты.
Ең қызығы, әлгі жігіт жиналысқа келген сайын үйіндегі әйелі артынан ере келіп, күйеуі тоңып қалмасын деген ниетпен астына көрпеше төсеп жүреді екен. Күйеуін жұмсақ көрпеге отырғызып, жиналыс аяқталған соң әлгі көрпені жинап алатын көрінеді. Мұны көрген ауыл адамдары әйелдің ақылдылығына ырза болады. Бір жағынан осы істен соң әлгі жігітке деген құрметтері онан сайын арта түседі. Әйелі осынша қатты сыйлап, алдында құрақ ұшып тұратын, үйде ғана емес, түзде де құрмет көрсетіп жүретін бұл жігіт тегін болмағаны ғой?!
Міне, осылайша әлгі жігіт елдің бас көтерер азаматттарының біріне айналып, халқына сыйлы болған екен.
⠀
«Жақсы әйел жаман ерін хан қылады,
Жаман әйел жақсы ерін даң қылады» — деп бекерге айтылмаса керек.
⠀
Ерінің жамандығын жасырып, жақсылығын асыратын дана әйел болайық.