Жамбыл облыстық қан орталығында Жапонияның Қазақстан Республикасындағы елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылған «Шөп тамыры» (KUSANONE) гранттық жобасының аяқталу рәсімі өтті. Жобаның қорытындысына арналған салтанатты іс-шара бүгін қан орталығының конференц-залында өтті.

Салтанатқа Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі мырза Ясумаса Иидзима, атташе Симон Комия, бағдарлама үйлестірушілері Айгерім Жахеева мен София Маширо, Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен Қазақстан Қызыл Жарты ай қоғамының мүшелері қатысты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, өңірлік денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін жапон тарапына алғысын білдірді.
«KUSANONE (Шөп тамыры)» бағдарламасы — Жапония Үкіметінің бастамасы, оның мақсаты — жергілікті билік органдарына, медициналық және білім беру мекемелеріне қолдау көрсету. 1997 жылдан бері Қазақстанда жалпы құны 8,2 миллион АҚШ долларынан асатын 121 жоба жүзеге асырылды, оның ішінде 388 мың доллары — Жамбыл облысына тиесілі.

2025 жылғы 5 наурызда Жапония Елшілігі мен Жамбыл облыстық қан орталығы арасында 68 790 АҚШ долларына (30,3 млн теңге) гранттық келісімшартқа қол қойылды. Бұл қаражатқа заманауи жабдықтар — термостаттары бар тромбомиксерлер, гематологиялық анализатор, ИФА-анализатор және коагулометр сатып алынды. Жаңа жабдықтар Қан орталығының материалдық-техникалық базасын нығайтып, қан компоненттерін дайындау мен скрининг сапасын арттыруға мүмкіндік берді.