ДҮБІРЛІ БӘЙГЕ ӨТТІ

49
Мойынқұм ауылында ауданның 60 жылдық мерейтойына арналған дүбірлі ат бәйгесі жоғары деңгейде өтті. Ұлттық рух пен атбегілік дәстүрді ұлықтаған бұл жарысқа тек Мойынқұм ауданының шабандоздары қатысып, өз ауылдарының намысын қорғады. Шараны аудан әкімінің орынбасары Қуандық Төлеубеков пен Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының директоры Темірхан Жұмағұлов ашып, шабандоздарға сәттілік тілеп, жарыстың маңызын атап өтті.
Бәйгеге Айдарлы, Биназар, Қарабөгет, Жамбыл, Мойынқұм, Қылышбай және Құмөзек ауылдарынан келген шабандоздар қатысып, тай, құнан және топ бәйге бойынша сынға түсті. Әр бәйге тартысқа толы өтіп, көрермендер ерекше әсер алды.
Тай бәйгеде І орынды Мойынқұм ауылынан Болат Ахметов иеленсе, ІІ орынды Жамбыл ауылынан Тәттімбет Бердіғұлов, ІІІ орынды Қылышбай ауылынан Салқын Ержігіт, ІV орынды Мойынқұм ауылынан Зият Исаев, V орынды Мойынқұм ауылынан Алмас Көшербаев еншіледі.
Құнан бәйгеде І орын – Мойынқұм ауылынан Абылай Жиенқұлға бұйырды, ІІ орын – Жамбыл ауылынан Ғазиз Бердіғұлов, ІІІ орын – Қылышбай ауылынан Бауыржан Төлешов, ІV орын – Тәттімбет Бердіғұлов, V орын – Қайрат Әдеков иеленді.
Ал топ бәйгеде І орынды Мойынқұм ауылының тұрғыны Зият Исаевтың сәйгүлігі жеңіп алып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. ІІ орынды Алмас Бейсенов (Мойынқұм ауылы), ІІІ орынды Нұрбол Калиев (Құмөзек ауылы), ІV орынды Ардақ Исабеков (Қылышбай ауылы), ал V орынды Мадияр Көкірекбай (Қарабөгет ауылы) қанжығасына байлады.
Жарыс соңында үздік шабандоздар ақшалай сыйлықтармен және арнайы марапат қағаздарымен марапатталды.
Мойынқұм даласында өткен бұл дүбірлі бәйге ұлттық дәстүр мен жылқы мәдениетінің қадірін тағы бір мәрте айқындады.
Елдос ЕРҒАБЫЛҰЛЫ,
Мойынқұм ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.